Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағашта жаңашылдық бар ма?

05.02.2024, 10:35 162

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың ұсынған жобалары талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы өткен жылдың қорытындысымен Жалағаш ауданында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді белгілегенде ескерілетін маңызды бағыттарды атап өтті.

«Жалағаш ауданының да өсу динамикасы тұрақты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17,4 млрд теңгені немесе 144,4%-ды құрады. Бюджет қаражаты 99,9% игеріліп, ауданның өз кірісі 2023 жылы 1,9 млрд теңге болды, 2024 жылы 2,2 млрд теңгеге өскен. Ауданның биылғы бюджеті 10,2 млрд теңге болып бекітілді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Былтыр ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 100 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 100,3, инвестициялар тарту 144,4, бөлшек сауда 103,9, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,9 пайыз болды. Жалпы 5,6 млрд теңгенің 40 жобасы жүзеге асырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшылары аудан әкімі ұсынған жобаларға, олардың тиімділігі мен қажеттілігіне орай пікір білдірді. Ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Негізінен жобалардың ең алдымен жұртшылықтың өмір сүру сапасын арттыруға тигізетін оң ықпалы ескеріледі.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жүргізілген талдау нәтижесіне қарағанда, тұрғындар табысының төмендігі, жер және жергілікті химия зауытының экологиялық қауіпсіздік мәселелері жиі көтерілетінін айтты. Сондықтан жағдай мұқият зерттеліп, қажетті шара қабылданады.

Сонымен қатар, аталған кеңесте аудан әкімі Ардақ Ибраимов биыл 24 жобаны іске асыруға бюджеттен 3,4 млрд теңге бағытталғанын атап өтті.

Бұл қаржыға Ақсу, Шәменов елді мекендері газдандырылып, Мырзабай ахун, Аламесек, Мақпалкөл елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғыртылады. Аудандық маңызы бар 3 жол (Таң-Самұрат, Таң-Жаңақоныс, М.Шәменов ауылына кіреберіс) және 3 елді мекеннің 26 көшесі күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, Жалағаш кентіндегі 2 көппәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртылады. Мұнан бөлек, Таң ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу, 2 әлеуметтік нысанды газға қосу, 3 елді мекенде балалар ойын алаңдарын салу, аудан орталығынан 5 арендалық тұрғын үй сатып алып, әлеуметтік жағынан осал топтарға беру жоспарлануда.

Бүгінде жалпы құны 10,2 млрд теңгені құрайтын 24 жоба әзірленіп, салалық басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылды. Атап айтқанда, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 2 жоба, жолдар мен көшелер бойынша 15 жоба, жарықтандыру бойынша 3 жоба, елді мекендерді газдандыру бойынша 2 жоба, кәріз жүйесін жаңғырту және ауызсумен қамту бойынша 1 жобадан әзірленді.

Аудан әкімі Жалағаш кентіндегі 11 көшені күрделі жөндеуге, Еңбек ауылының 3 көшесін орташа жөндеуге бірінші кезекте қаржы бөлуді сұрады.

Жиында барлық жобалар егжей-тегжейлі талқыланып, тиісті сала басшыларының пікірі тыңдалды. Алдағы уақытта әрбір ұсыныс жеке-жеке қаралып, шешім қабылданатын болады.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: