Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҮКІМЕТ ҮМІТТЕНДІРЕДІ немесе «көбіне бағаны үйдің жанындағы дүкендер көтереді»

20.01.2022, 11:00 211

Ақшаға ештеңені байланыстырмайық десек те, нарықтың ыңғайы сол арнаға қарай итермелейді. Әйтпесе жұрт қазіргі психолог-тренерлердің  «өмір сүру үшін ақша маңызды емес» деген жаттанды сөздеріне сеніп-ақ тіршілік етейін дейді. Болмайды, нарық ырық бермей тұр. Қымбатшылық қысқан сайын халыққа тықыр таянғандай. Енді мұндай тақырыпты біз бұрын қозғағанбыз, әлі де қозғап келеміз. Барыспен басталған дүрбелеңнен кейін елдің экономикасына сең жүріп, билік халыққа қарасқандай сыңай танытып жатыр. Үкімет әл-ауқатты жақсартатын кешенді бағдарлама жасаймыз деді. Сөздеріне сенсек, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай. «Шықпаған жанда үміт көп» демекші, әйтеуір ел бір берекеден үмітті.

Үкімет елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал­ды тұрақтандыру жөніндегі жоспардың жоба­сын бекітіпті. Жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіп­сіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау әрі ұйымдастыру-қаржы мәсе­лелері  бойынша 51 іс-шарадан тұрады екен.  Бұдан бөлек, әлеуметтік мәселелер бағыты бо­йынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек  көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін  азайту іс-шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін  көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін  енгіз­уді  қамтиды.

– Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Бұл іс-шаралар сұйытылған мұнай газын өткізудің жаңа тетігін әзірлеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі форвардтық тетіктерді қаржыландыруды ұлғайтуды және көмір бағасының өсуіне жол бермеу шара­ларын қамтиды. Халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көздел­ген, – деді бүрсігүні Үкімет отырысында  Ұлттық  экономика  министрі  Әлібек  Қуантыров.

Оның  айтуынша, баға  әзірге  тұрақталады.  Теңге­нің құнсыздануын  қалыпқа келтіргенше жос­парлы    жұмыстар   атқарылмақ.  Жұртқа   жа­ғым­ды   жаңалық   болатын  хабардың біреуі болса, ол – азық-түлік  бағасының  тұрақтануы. Жыл са­йын  емес  араға ай салмай өсіп тұратын азық-түліктің бағасына қарап бұқара да базынасын айтады. Елге берген уәдеден тайқы­майық деді ме, министрлер де мінберден жағымды жаңалық­тармен көрінетін болды. Енді агроөнеркәсіп кеше­нін субсидиялау жүйесі қайта қаралды. Осыған орай, коммуналдық қызметтер тариф­терінің артуы тоқтатылды; Қазақстан аумағынан кейбір  тауарларды  әкетуге  тыйым  салынды;  жанар-жағармай  материалдарына шекті бағалар белгіленді және бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін 6 ай мерзімге әкетуге тыйым салынды. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мемлекет басшысының тапсырмаларын әрі қарай орындау аясында тауарлардың физикалық қолжетімділігін жақсарту, бағалық реттеу, мемлекеттік бақылау енгізу бойынша бірқатар іс-шараны, сондай-ақ инфляцияны төмендету бойынша жүйелі іс-шараларды жүзеге асыру ұсынылатындығын тілге тиек етті.

Азық-түлік бағасын шекті мөлшерде ұстап тұру – айтқан ауызға оңай болғанмен, іс жүзінде өте күрделі процесс. Өйткені нарықтық экономикада кәсіпкерлер үстеме баға қоюдың нақ шебері болып алған. Мұндайда алыпсатарлардың айтар жауабы да дайын: «Біз де тауарды қымбат бағада сатып аламыз». «Үйдегі көңілді базардағы баға бұза­ды»  деген  осыдан-ау.

– Жүйелі іс-шаралар аясында тұтыну қоржынына кіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін және басқа да азық-түлік тауарларын тұтынудың/өндірудің болжамды теңгерімін құру, мониторинг нәтижелері бойынша жедел ден қою іс-шараларын қабылдау жоспарлануда. Қабылданған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде тауарлар дефицитін болдырмай отырып, инфляцияны және оның компоненттерін мақсатты дәрежеде ұстап қалу күтілуде. Мемлекеттік қолдау іс-шараларына қол жеткізудің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында оларды алушылардың қарсы міндеттемелерін белгілей отырып, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесі қайта қаралады. Қабыл­данып жатқан іс-шаралар бағаны біртіндеп тұрақ­тандыруға және бизнес ахуалды, оның ішінде инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ететін болады, – деді  министр.

Үкіметбасы да өзіне үкілі үміт артып отырған елдің сенімінен шығуға барынша тырысып бағуда. Халық сынай қарап отырғанын сезінсе, осы істің басы-қасында бастан-аяқ болуы міндетке саналады. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайлов өңір әкімдеріне үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтуге тапсырма берді. Қазір Қызыло­рдада азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай өскен жоқ. Дегенмен, ішінара үстеме  баға қосып сататын дүкен иелері бар. Әсіресе, қаланың орталық маңындағы азық-түлік дүкендерінен аспандаған бағаларды байқауға болады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин «бағаны көбіне үйдің жанындағы дүкендер көтереді» деп, мұндай жағдайдан  хабардар  екенін  білдірді.

– Көп  жағдайда  тауарлардың бағасын бөлшек сауда  субъектілері  көтереді,  атап  айтқанда,  «үйдің  жанындағы дүкендер». Осы  дүкендер  көбіне 15%-дық  сауда үстемесін сақтамайды. Нәтижесінде, монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті аясында шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Басқа шағымдар құзыреті бойынша уәкілетті органдарға жолданады, – деді  ол.

Осыған орай өңірлерде күн сайын маңызды деген азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізіліп жатқандығы да хабарланды. Шекті бағадан асырғандарға тексеру жұмыстары да басталыпты-мыс.

– Қаржы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорт­тау немесе өндіру кезінен бастап оларды сату­ға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтасын. Бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мәліметтерді беру үшін Сауда министрлігі мен Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің ақпараттық жүйелерін интеграц­иялау мәселесін  шешу  қажет,  –  деді   Әлихан   Смайлов.

Үкіметбасының «ішкі нарықты қамтамасыз етіп болмайынша, сыртқа азық-түлік экспорттағанды қою керек» деген сөзі жұрттың жанына жебеу  болып  тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі де алдағы 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында азық-түлік тауарлары өндірісі­нің көлемін кемінде 80 пайызға, құс етін – 100, шұжық өнімдерін – 100, ірімшік және сүзбені – 100,  алманы – 100, балықты – 100 және  қантты  80 пайызға арттыру үшін инвестициялық жобаларды іске асыру басталғандығын жеткізді. Өсімі артып  жатса, бұл да көңіл қуантарлық іс болар еді.

Даудың басы болған «көгілдір отын» мен жанар-жағармай бағасына да 180 күнге уақытша мораторий жарияланғаны белгілі.  Енді күн сайын сұйытылған мұнай газының өткізу бағаларына мониторинг жүргізіледі. Қазір дизель отыны нарығында бөлшек сауда субъектілеріне қатысты 12 тергеу жүргізілуде. Оның ішінде 4 ірі компания – «Гелиос» ЖШС, «Sinooil» ЖШС, «Газпромнефть-Қазақстан» ЖШС, «PetroRetail» ЖШС  бар.

«Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген. Жылдың басы даурықпа, дүрлікпемен басталған. «Арты игілігімен келетін шығар» деген ел сенімі әлі  де  сөнген  жоқ.

Ә.ТАУАРТЕГІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: