Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Су астынан ұшатын доллар. 24 қайда барасың?

12.04.2024, 9:00 159

HALYQLINE.KZ

2024 – халықтың «Халықтық IPO-дан» көңілі қалатын жылы болуы мүмкін. Себебі, 3-4 айда депозиттен артық пайда көремін деген ұсақ инвесторлардың көздегені орындалмады. Мысалы, Air Astana бір жай акциясының бағасы Қазақстан қор биржасында 953,29 теңгемен жабылып отыр. Кезінде ол IPO-да 1073,83 теңгемен сатылғанын ескерсек, бұқаралық инвесторлар 12 пайыз минусқа кірген. Енді бұл акциялар алдымен кем дегенде әу бастағы бағасына келуі керек, одан кейін ғана өсім көрсете бастауы мүмкін. Яғни оған 1-2 жылдай уақыт керек деген сөз. Тек бұқаралық инвестор оған шыдай ма?

Биыл Қазақстанның инвесторлық климатына атап айтарлықтай өзгеріс енбейтін сияқты. Біз инвестклиматты кардиналды түрде қайта қарай алмадық. Себебі Үкімет пен басқа мемлекеттік органдардың барлық күші қазір су тасқынының алдын алуға бағытталған. Жаңа салық кодексі, прогрессивті салық шкаласы қашан енгізіледі, ол жағы белгісіз. Ситуативті инвесторлар биржаға ене беретін шығар, бірақ институционалды салалық инвесторлар негізгі капиталға инвестиция салу бойынша әлі шешім қабылдай қоймады. Және біз брент баррелінің орташа бағасы 85-90 доллар болатын жылды көретін сияқтымыз. Ол 2023 жылдан жақсы, бірақ 2022 жылдан нашарлау деген сөз.

Қазір биржада Ұлттық қор трансферттерінің конверттелуі теңгеге кәдімгідей қолдау көрсетуде. Бірақ оның қарқыны мен көлемі бәсеңдесе, доллар бірден өсе бастайтын болады деп айтуға болады. Себебі, 2023 жылдан бастап ағымдағы шоттың дефициті 8,7 миллиард долларға жеткен. 2022 жылы мұнай бағасы жоғары болғандықтан шот профицитті болған еді.

Ең басты тәуекел – су көтеріліп, мұнай саласының істен шығуы. Елімізде мұнай инфрақұрылымы, оның ішінде бұрғылау, тасымалдау, сақтау, өңдеу зауыттары сынды жүйелер мұндай табиғи апаттарды ескермей салынған болатын. Судың экономикаға қаншалықты шығын әкелгені және қауіп төндіру мүмкіндігі тек мамыр айының басында анықтала бастайды. Бір сөзбен айтқанда, су біздің биылғы жоспарларымызды біраз бұзып кетті. Енді біз тек мамыр айына ғана иек арта аламыз.

Айбар  ОЛЖАЕВ,

сарапшы.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: