Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шыны зауыты: белгісіз мерзімге шегерілді

13.05.2020, 14:55 418 0

HALYQLINE.KZ  Қызылордада іргетасы 2015 жылы қаланған шыны өнімдерін шығаратын және оны өндейтін зауыттың «тағдыры» күн өткен сайын бұлыңғырланып барады.

Әу баста «Орта Азияда теңдесі жоқ жоба» делінген бұл зауыттың жарнамасы жер жарды. Жоспар бойынша 2017 жылдың құрылысы тамамдалып, шыны кесінділерін шығаруы тиіс еді… Өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа кетеді деп жоспарланған-ды.

Шыны зауыты алғаш қолға алынғаннан-ақ айналасында шым-шытырық басталды. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа осы зауыттың арқасында 1 миллиард теңгені «шығарып» алды деген айып тағылып, оған 2018 жылы сот үкімі шықты. Сөйтіп, Бишімбаев 10 жылға сотталды.

Жасыратыны жоқ, жергілікті билік осы зауыт «әне-міне іске қосылады» деп талай рет мәлімдеген. Ең соңғы рет 2019 жылдың 12 желтоқсанында өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев пен «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаевтың қатысуымен шыны зауытының құрылысына қатысты баспасөз брифингі өтті. Сонда жауаптылар «шыны зауыты 2020 жылдың шілде айында іске қосылады» деп шегелеген еді.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына 11 мердігер компаниядан 219 жұмысшы жұмылдырылды. Құрылыс заттарының басым бөлігі жергілікті жерден алынып жатыр. Жұмысшыларға да бар жағдай жасалған. Зауыт толық іске қосылғанда 160 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, шыны зауытының құрылысына бас мердігер ретінде қытайлық «Чайн Триумф Интернешнл Инжиниринг» трансұлттық компаниясы тартылды. Ағымдағы жылдың 4 желтоқсанында серіктестік өкілдерінің «StewartEngineers» вице-президенті Волтером Дениэлмен кездесуі өтті. Нәтижесінде, екі тарап ортақ шешімге келді,- деді Ержан Сағынбаев сол жолы.

Дүние дидарына жайылған коронавирус инфекциясы онсызда кейінге шегерілуден көз ашпаған зауытқа кесірін тигізіпті.

Рас, шыны зауытының мердігері қытайлық «China Triumph Internation CO LTD» компаниясының жоспарына сәйкес зауыт биылғы жылдың шілде айында іске қосылу керек болатын. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты зауыттың қалайы балқыту пешін монтаждау жұмыстарына қажетті қытайлық инженер-мамандарының келе алмау себептерінен зауыттың іске қосылу мерзімі кейінге ауыстырылды. Атап өту қажет, аталған арнаулы инженер-мамандардың ҚР аумағында болмауына байланысты монтаж жұмыстары бәсеңдеп қалды. Бүгінгі күні жалпы құрылыспен қатар технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүргізілуде, – деді біздің әлеуметтік желі арқылы жолдаған сауалымызға облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы.

Дегенмен, ресми орган шыны зауытының қашан іске қосылатынын нақты атаған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: