Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шиелі шаруаларының әлеуеті артып келеді

13.11.2022, 18:00 143

HALYQLINE.KZ Соңғы жылдары Шиелі ауданында кәсіп ашып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуына үлес қосамын деген тұрғындар қатары артқан. Әрине, жұмыс істеймін деп талпынған жанға кәсіптің аз емес екені белгілі. Әсіресе табиғаты тамылжыған Шиелі ауданында ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндік аз емес. Халыққа қызмет көрсету саласында да сұраныс жетіп артылады. Тек қана «Адал еңбегіммен ырыздығымды молайтамын» деген ниет пен ынта болса жеткілікті. Осы орайда мемлекет тарапынан зор қолдау барында айта кету керек. 

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында биыл ауданда 27 жоба ұсынылып, 580 млн теңге қолдау алған. Арнайы курстан өтіп, бизнес әлеміне қажетті біліммен қаруланғандардың қайтарымсыз грант қаражатын алу мақсатындағы 39 жобасы ұсынылған. Нәтижесінде 3 инновациялық жобаға 11 млн теңге көлемінде қаражат берілген.

Осындай мемлекеттік бағдарламалар талабы тұрғындар табысын еселеп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан ел ішіндегі жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізуде. Ауданда мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде жұмыссыздар саны жылдан-жылға қысқарып келеді. Жұмысын жаңа бастағанымен, ісі алға басқан кәсіпкерлердің талпынысын көріп, өзгелердің де ұмтылатындары анық. Айта кету керек, биыл ауданда жұмыссыздық деңгейі 5,0 процентті құрап отыр.

Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында аудандағы «Наурыз-Дем» несие серіктестігі арқылы ауыл шаруашылығы бағытында жобалық құны 516,5 млн теңгені құрайтын 13 жоба қолдау тауып, қаржыландыруда. Сонымен қатар «Қызылорда» Өңірлік ¬инвестиция орталығы арқылы жобалық құны 90 млн теңгені құрайтын 18 жоба қолдау тапты. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы мал шаруашылығын дамыту мақсатында 38 жобаға 448,7 млн теңге несие қаражатын берген. «Сырдария – 1» несие серіктестігі арқылы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 5 жобаға 274 млн теңге несие қаражатын қарастырған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Atameken Qyzylorda» МҚҰ-ы арқылы 33 020 млн теңгеге 6 жоба қаржыландырылыпты. Қосымша құны 25 млн теңгені құрайтын 6 жобаның құжаттары әзірленіп, несиелендіруге жолданған екен.

Бүгінгі таңда жалпы мемлекеттік бағдарламалар бойынша 2 млрд 790 млн теңгені құрайтын 457 жоба шағын несие және грант қаражатын алып үлгерген. Аудан бойынша жобалық құны 8 млрд 234 млн теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылу жоспарда бар. Алдағы уақытта жобалар толықтай іске қосылғанда 381 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

Осы аталған жобалардың ішінде қазіргі таңда жобалық құны 984 млн теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылған. Яғни, ауданда 46 жаңа жұмыс орны ашылған. Ауданда кәсіпкерлердің қатарының артуы, тұрғындардың мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдаланып отырғаны десек болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: