Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ШЕЖІРЕЛІ ШИЕЛІ ШЫРАЙЛАНА ТҮСЕДІ

22.09.2022, 11:00 644

«Киелі  мекен – Шиелім  екен»  деп Оразбек  ақын  жырлағандай,    шежірелі тарихы  ғасырлар  қойнауында  жатқан, ән мен күйі, мәдениеті, салт-дәстүрі бәрі-бәрі  бір-бірімен  тоғысқан  мекен – расында да Шиелі екен. Сыр елінің шырайын кіргізіп, өсіп-дамуына үлкен септігін тигізіп жатқан бір өңір деп  Шиелі жерін айтсақ қателеспейміз. Оған  Шиелі  ауданындағы іссапарымыздан  аңғарып,  көзіміз жетті.

Иә,  өткен  аптада  сұлу  Сырдың бойында  орналасқан  Шиелі  ауданына барып, оның салт пен дәстүрге толы мәдени мұрасымен, шығу тарихымен, ауданның  оң  имиджін  қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысып, тамашалап  келдік.

Сыр өзенінің орта ағысында орналасқан Шиелі жері – қай жағынан болса да, жұрт назарын аударуға тұратын, тарихы арыда жатқан өлке. Шиелі ауданының тарихы Жөлек бекетінен бастау алады. Табиғаты бай Сырдария өзенімен де, жерімен де оңды-солды қатынас орнатуға қолайлы мекен болғандықтан бұл жерге Жөлек қорғаны соғылып, ең үлкен Хан базары орналасқан. Онда қазақтың дана ханы Абылай әскері мен Кенесары қолы ат басын тіреген. Орыс пен Орта Азия, Қазақстан арасында үнемі қақтығыс болса, соның көп дүбірі осы Жөлектің үстінде өткен. Ал қазіргі  аудан  орталығы Шие­лі кентінің негізі 1900-1906 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолы салынған кезде қаланды.  Сол жылдары Шиелі, Бәйгеқұм, Тартоғай, Сұлутөбе станциялары салы­нып, тіршілік бар жерге халық жиналып, қоныстана бастаған. Бұрын руға бөлініп, шағын ауыл болып отырған елдер топтаса бастап, елді бірлікке, бірігіп тірлік етуге, ынтымаққа шақыруда Қарасары Байсын деген кісінің үлкендігі мен көрегендігі көп пайда келтіреді. 1917 жылы желтоқсан айында Шиеліде кеңес өкіметі орнады. Шиелі большевиктерінің алғашқы отырысы өтіп, Шиелі Советі сайланды.  1991 жылы бұрынғы КСРО елдері сияқ­ты Қазақстанға да ұлы өзгеріс келді. Ел егемендік алды, өз байлығы мен билігі өзіне тиді. Әрине, тосын­нан келген жаңа қоғам – нарықтық бағыт біраз қиындық келтірді. Бар ауырлық халықтың мойынына түсті. Алайда, бұл қиындық бірте-бірте орынына келе бастады, ел есін тез жинап, жаңа бағытқа құл­шына кірісе кетті. Шиелі ауданы да осы кезеңдердің қиыншылығын түгел бастан өткерді. 1991 жылы басталған жаңа нарық қиындығын аудан 4-5 жылдың ішінде артқа тастап, тек ауыл шаруа­шылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласында ғана емес, әлеуметтік, мәдени салада да ілгерілеу болды. Аудан орталығында күмбезі көкке бой созған мешіт үйі, орталық алаңда орнатылған Мұстафа Шоқай мүсіні, түрлі іс-шара өткізілетін алаң, субұрқақ пен алаңның екі жағындағы бас қақпа көше сәнін келтіріп тұр. Одан бөлек, қазіргі заман талабына сай аудан көшелерін жарық­тандырып, гүлдендіріп, жасыл желекке орап қойған. Бүгінде ауданда атқарылып жатқан жұмыс көп. Іссапар барысында Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова қарсы алып, аудан­дағы  атқарылып жатқан істердің басын ашып айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму серпіні мен алдағы жоспарлар туралы  тілдестік.

Жалпы, жұмыссыздық деңгейін азайту жаһандық проблемаға айналған ең өзекті ахуал екені белгілі. Шиелі ауданында халық саны – 85 099, осының 5 па­йызы ғана жұмыссыздықты құраса, қалғаны экономикалық тұрғыда белсенді және өзін-өзі жұмыспен толықтай қамтыған жандар қатарында. Ендігі уақытта 5 пайыз­ды, яғни 1801 адамды жұмыспен қамту мақсатында 3623 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, оның 60 па­йызы ғана орындалған. Сондай-ақ, ауданның барлық макроэкономикалық көрсет­кіштерінде өсу тенденциясы қалып­тасып, өнеркәсіп өнімін өндіру 108,6 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 107,2 пайызға, ауыл  шаруашылығы  өнімі 1,7 па­йызға, сауда айналымы 3,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 5,8 пайызға артып, инвес­тиция тарту 13,2 пайызға ұлғайған. Дегенмен, облыс әкімінің қатысуымен аудандардағы өзекті мәселелерді саралау барысында өткен жиында макроэкономикалық көрсеткіштердің қорытындысына сәйкес, Шиелі ауданы 5-орынға тұрақтап, орташа даму динамикасын көрсетті. Облыс әкімі биыл даму динамикасы едәуір баяу­лағанын айтып, сынға алған болатын. Себебі аудан өткен жылы үздіктер қатарынан  көрінген.

Бүгінгі таңда Шиелі ау­данына қарасты 1 кент және 22 ауылдық округ бар. Соны­мен қатар, бұл ауыл-аймақ және аудан тұрғындарының қажетіне бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқаны байқалады. Бүгінде аудан басшылығы газдандыру, жарық беру, жол салу бойынша құнтты жұмы­сын бастап кеткен. Ауданның 60 пайызы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілсе, қалған елді мекендерге газ отынын жеткізу мақсатында Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталып, Тарто­ғай, Май­лытоғай ауылдарының ішкі газ желісін жобалау бойынша құжаттар әзірлену үстінде екен. Сонымен бірге, аудан­да ауызсу мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Жалпы айтқанда, облыс бо­йынша басқа аудандардан алдың­ғы орында Шиелі ауданы тұрғаны анық. Өйткені аудан табиғи пайдалы қазбалар қо­рына бай. Олар осы тұста жақсы қызмет көрсеткішін көрсетуде.

Биыл ерекше  тарихи жыл – «Балалар жылы». Осы тұрғыда, Шиелі ауданында бірқатар жұмыс пен іс-шара ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ойын алаңдары бой көтеріп, білім саласында да балалар үшін түрлі жағдайлар жасалып, қайырымдылық акция­лары өткізіліп жатыр. Бұдан бөлек, бұл өңірден небір шешендер мен жыраулар, би-болыстар, ақындар мен жазушылар, ғалымдар мен ғұламалар басқа да көптеген дарынды жандар шыққан. Шиелінің мақтанына айнал­ған Ыбырай, Нартай есімі мәңгі ел есінде екенін білеміз. Бар жақсыны келер ұрпаққа мұра етіп жинаған небір даналарымыздың бүгінгі күннің жаңаруы мен жаңғыруына қосқан үлестері зор. Сондық­тан да аудан ардақтыларына аудан орталығынан мүсін қойылып, есімдері көше, ауыл атауларына беріліп, жыл сайын дүниеге келген күні ескеріліп, еленіп жата­ды. Осыған байланысты, ауданның қоғамдық-саяси маңызды іс-шараларының жоспарына сәйкес, биыл сөз зергері, шешен Бұдабай Қабылұлының 180 жылдығына арналған «Өзге сөзден өлеңге ұста – Бұдабай» атты респуб­ликалық ақындар айтысы, ғалым, академик Шахмардан Есеновтің 95 жылдығына арналған «Ұлтының ұлы, есінде елдің мәңгілік» атты ғылыми-танымдық конференция, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қызметкер, «Құрмет» орденінің иегері, әнші, сазгер Әлмырза Ноғайбаевтың 75 жасқа толу мерей­тойына арналған «Әні әдемі Әлмырза» атты облыс­тық ән байқауы және журналист, ақын Дүйсенбі Смайловтың 90 жылдығына респуб­ликалық айтыс өткі­зілетін болады. Осылайша, ауданның мәдениет саласын дамытып, әлеуетін арттыруға барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктер  де  ауқымды.

Біз барған уақытта отбасы күніне орай ұйымдастырыл­ған аудандық «Мерейлі отбасы» байқауына дөп түсіп, тамашалап қайттық. Аталмыш байқаудан Рыспембетов және Байжановтар шаңырағы бас жүлде алып, Мыңбаев, Бегманов және Шохановтар отбасы жүлделі орындарға ие болды.

Шиелі ауданынан тың ақпараттар жинап, өзгеше­лікті көзімізбен көру үшін барғандықтан, ауданда жасалған өнімдер мен кәсіпкерлердің тыңғылықты жұмыс­тары атқарылатын бірнеше нысанды аралап шықтық. Алайда бұл алдағы мақалаға арқау болсын деп, келесі сан­ға  қоржынымызда  қалсын.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Шиелі  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: