Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан мұнай өңдеуді екі есеге арттырмақ

26.08.2026, 10:30 29

Қазақстан мұнай өңдеу көлемін ұлғайтып, дайын мұнай өнімдерінің экспортын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазір елімізде жылына шамамен 100 млн тонна мұнай өндірілсе, соның 19 млн тоннаға жуығы ғана өңделеді. Яғни өндірілген әр бес тонна мұнайдың шамамен бір тоннасы дайын өнімге айналады. Осыған байланысты Қазақстанда мұнай өңдеу қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізуді көздейтін тұжырымдама әзірленген.

— Сондықтан Қазақстанда жалпы қуаттылықты жылына 40 млн тоннаға дейін арттыруды көздейтін мұнай өңдеуді дамыту тұжырымдамасы әзірленді, — деді Ерлан Ақкенженов.

Өңдеу көлемінің артуы Қазақстанға шикі мұнай экспортынан гөрі қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға және көршілес мемлекеттерге мотор отынын көбірек сатуға мүмкіндік береді.

— Болашақта барлық көршімізді жоғары сапалы мотор отынымен елеулі көлемде қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз. Бұған қол жеткізу үшін өңдеу көлемін арттырып, еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтуіміз қажет, — деді министр.

Сондай-ақ Ерлан Ақкенженов биыл Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бойынша нақты шешім қабылданатынын айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: