Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан елдегі ең ірі мұнай компанияларын сотқа берді

06.04.2023, 15:00 259

HALYQLINE.KZ

Қазақстан үкіметі елдегі ең ірі Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын игеріп отырған компанияларды арбитраж сотына берді. Ел билігі компанияларды миллиардтаған доллар табысты заңсыз тапты деп айыптаған.

Бұл туралы аты аталмаған дереккөзге сүйеніп америкалық Bloomberg агенттігі жазды.

Үкімет екі жоба серіктесін де тендер рәсімдерін бұзды деп айыптаған. Ал Қашаған бойынша мердігерлер жұмысын толық орындамады деген. «Жоба серіктестері Қашағанда – 13 миллиард доллар, Қарашығанақта 3,5 миллиард доллар шығынды шегермеуі керек еді» деген уәж айтқан. Талап 2010-2019 жылдар аралығындағы кезеңді қамтиды.

Сол үшін Қазақстан билігі Женева мен Стокгольмде Қашаған мен Қарашығанақ ісін қадағалайтын өкілін наурызда тағайындаған.

Қазақстанның энергетика министрлігі де, Қашағанды басқаратын North Caspian Operating Company (NCOC) да, Karachaganak Petroleum Operating BV компаниясы да бұл жаңалыққа ресми түсініктеме бермеді.

Екі кәсіпорынның да баспасөз хатшылары Азаттыққа бұл деректі жоққа шығарған жоқ, растай да алмайтынын айтты.

Bloomberg сүйенген дереккөздің айтуынша, Қазақстан осылайша мұнай компанияларының тендер жүйесін өзгертіп, ел экономикасына мұндайдан түсетін табысты арттырғысы келеді.

Кейінгі кезде экология министрлігі Қазақстанның батысындағы ірі мұнай компаниялары экология талаптарын жиі бұзады деп батыл мәлімдемелер жасап жүр. Жергілікті экология департаменттері де тексерісті күшейткен.

Биыл наурыздың басында Атырау облыстық экология департаменті NCOC кәсіпорнын қоршаған ортаны ластады деп айыптап, 5,1 миллиард доллар айыппұл талап етіп, сотқа берген.

Bloomberg агенттігі мұнай компанияларына қысымды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасынан кейін «олигополиямен күресіп, ұлттық байлықты тең бөлеміз» деген уәдесімен байланыстырады.

Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орны. Ол Атыраудан 80 шақырым жерде. NCOC құрамына Eni, Total, ExxonMobil, Shell, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» компаниялары кіреді.

Қарашығанақ – Орал қаласынан шығысқа қарай 150 шақырым жердегі ірі мұнай-газ кен орны. Кен орнын игеруші оператор – Karachaganak Petroleum Operating BV. Компания Қазақстан үкіметімен Қарашығанақ жобасын 2038 жылға дейін басқаруға келісімшартқа отырған. Қазір онда Royal Dutch Shell plc, Eni, «Шеврон», «Лукойл», «ҚазМұнайГаз» компанияларының үлесі бар.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: