Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда көшелер жөнделіп, үйлер салынады

30.04.2020, 11:45 1142

«Қуаныш бөліссе, көбейеді» деген бар. Осы ұстаныммен біз де Қазалы ауданында алдағы уақытта атқарылуы межеленген толымды тірліктерді оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Ағайынның аты озғаннан, ауылдастың тайы озғанын тілейтін дарқан пейілді қазақ еліміздің қай түкпірінде орын алған жағымды жаңалықты жат көрмесі белгілі.

Әлемді пандемия әбігерге түсіріп, алпауыт мемлекеттердің өзі экономикалық дағдарысты бастан кешіріп тұрған бүгінгі таңда Қазалыдағы біз бөліскен деректер елді елең еткізеді деп сенеміз. Нақты кезеңде аудан бюджеті 25 миллиард теңгеден асты. Мұның баршасы аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтан бастап қажетті жобаларды дер кезінде дайындаған білікті қызметкерлердің, ел азаматтарының тынымсыз еңбегі, жұдырықша жұмылған ауызбірліктің, жүйелі жұмыстардың жемісі екенін ешкім жоққа шығара алмас еді.

Күні кеше облыстық мәслихаттың шешімімен Қазалы ауданына 3 млрд 622 млн теңге қаржы бөлінді. Айта кетерлігі, аталмыш ауданға бұған дейін де 1 млрд 318 млн теңге берілген болатын. «Енді осынау қыруар қаржы қандай жұмыстарға жұмсалмақшы?» деген сауалдың жауабын қолдағы деректерге сүйене отырып жеткізсек. Жоғарыдағы қаржының 900 миллион теңгеден астамы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Бекарыстан би ауылына бөлініп отыр. Соның арқасында аудан көлеміндегі ең іргелі ауылда ауызсу сервистік желіге қосылады. Елді мекендегі №24 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7 көше жөнделіп, 8 көшеге жарықшамдар орнатылады. Осылайша ауылдың ажары онан әрі көркейіп, келбеттене түседі. Бекарыстан би ауылындағы ағайындар бұл жұмыстардың жүзеге асуын ұзақ жылдар күткен болатын. Енді бұл мәселенің де шешімі табылатын сәті алыс емес. Бұл қадамның түп-төркіні «көркейсе ауыл – көркейеміз бәріміз» деген қанатты сөзбен ұштасып жатқандай.

Сүйінші хабарды онан әрі  жалғастырсақ. Көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдың бірі-тұрғын үй жайы десек, жаңылмаймыз.Бұл тұрғыда Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы басталады.Қолға алынатын құрылыстардың ішінде  Ақсуаттағы 150 орындық клуб пен Ғ.Мұратбаев ауылында жүргізілетін газ желісі бар екенінқаперге салсақ. Тарихы тереңнен сыр шерткен Қазалы қаласының аудандағы маңызы ерекше екені әмбеге аян. Жастардың жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев саябағы абаттандырылса, кенттегі былтыр асфальтталған Жалаңтөс батыр көшесіне жарықшамдар орнатылады. Көпшіліктің көкейінде көптен бері жүрген түйінді түйткіл аудан орталығындағы тозығы жеткен кәріз жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

         Салауаттылық салтын сақтау, бұхаралық спортты дамыту ауданда күн тәртібінде тұрақты тұр. Қашақбай Пірімов пен Үрмәш Түктібаев ауылдарында  балалар ойын алаңы, тренажер, жүгіруге арналған жолағы бар  спорт ойындарына арналған алаң салынады. Спорт тарихында  небір саңлақтардың шалғай ауылдан түлеп ұшқаны мәлім. Ағаларының қолдауы балғын өрендерді қанаттандырып, Олимпиада шыңына жеткізсін деген тілек қоссақ.

         Жолдың жайын жүрген біледі. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы да бекер емес. Америка  Құрама Штатын  дамытқан көлік қатынасы жолы  екені тарихтан мәлім. Бұл әлемдік экономикадағы тәжірибе. Осы бағытта Қазалы ауданында өткен жылы көптеген жұмыстар жүзеге асқан еді. Биыл  бұл жұмыстар жалғасын табады.

Яғни, қала мен кенттегі жөнделетін 16 көшеге қосымша тағы да 13 көшеге тиісті жұмыстар жүргізіледі. Мұндай жұмыстардың қала мен кентте ғана емес, алыс  ауылдарда да жүзеге асарын естігенде кеудемізді қуаныш кернеді. Атап айтқанда, Майдакөл, Басықара, Жалаңтөс батыр, Жанқожа батыр, Ақсуат, Кәукей, Бозкөл, Өркендеу, Абай, Ғ.Мұратбаев ауылында да көшелер жөнделеді. Бұл мәліметке жоғарыда айтылған Бекарыстан би ауылындағы 7 көшені қоссаңыз марқая түсесіз. Сонымен қатап Қазалы қаласының 8, Бекарыстан би ауылының 1 көшесіне тротуар жүргізіледі. Қуанышыңыз ұзағынан сүйіндірсін, дала перзенттері!

         Ел ағалары білім саласына көңіл бөлуді ешқашан жадынан шығарған емес.Соның нәтидесінде көптен бері шешімін таппаған  №226 гимназия биылғы жылы күрделі жөндеу жасалады. Ақиық ақын Сәкен Сейфуллин атындағы  №165 мектептің есік-терезелері ауыстырылып, жылу жүйесі жөнделеді. Сондай-ақ, кенттегі №70, қаладағы №17, Ү.Түктібаев ауылындағы №88, Бозкөлдегі №96, Ақтан батырдағы №190, Ақсуаттағы №100 мектепке, кенттегі «Ақбота», Ғ.Мұратбаев ауылындағы «Балдәурен», Қожабақыдағы «Айгүл» балабақшасы мен «Шағала» лагеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірқатар ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтар да жөнделеді.

       Келесі кезекте  тұрғындар үшін аса маңызды ақжолтай хабарды ортаға салсақ.

-Кенттің «Аймақаш» аймағынан жер беру үшін дайындалған жобаның қаржысы да шешілді. Енді бұл жерге электр жарығы, газ және ауыз су тарту жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар аяқталған соң 115 адамға жер беріледі деп отырмыз.Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 237,3 млн, NEET санатындағы жастарға және табысы аз көпбалалы отбасыларға, табысы аз еңбекке қабілетті мүгедектерге жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін гранттарға 103,4 млн, қоғамдық жұмысқа 333,2 млн қаржы қаралды. Баршасы аудан тұрғындарының игілігі үшін жасалынған-.дейді Қазалы ауданы әкімі Мұрат Нәлхожаұлы Ергешбаев.

         Ауданда жүзеге асуы межеленген мұнан өзге де біршама жоспарлар бар. Біз  негізгі деген жұмыстарды ғана парақ бетіне түсірдік. Қазалыдағы атқарылып жатқан оңды істер мен жобаларды егжей-тегжейлі жазуға бір мақала аздық қылары хақ. Талап оң болсын, қабырғалы қауым!

Жұмабек Табынбаев.

Қазалы ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: