Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда алғашқы дән себілді

06.05.2026, 21:15 35

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Ақтан батыр ауылындағы «Береке» шаруа қожалығының егіс алқабына барып, биылғы жылдың алғашқы дән себу іс-шарасына қатысты, деп жазады баспасөз қызметі.

Егіс даласында өткен жиында аудан басшысы аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, шаруашылық құрылым басшылары, ауылдық округ әкімдері және еңбек ардагерлерімен бірге ақсақалдардың батасын алып, алқапқа алғашқы дән сеуіп, диқандарға сәттілік тіледі. Ел қамбасының астыққа толуын, мол өнім алуды тілеп, шаруа азаматтарының еңбегі нәтижелі болуына тілектестігін білдірді.

Әрі қарай ауыл шаруашылығы техникалары, тыңайтқыштар, өсімдік қорғау құралдары және озық техникалар көрмесімен танысты.

Егіс алқабында өткен жиын «Дала күні» семинар-кеңесімен жалғасты. Жиында аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейтов көктемгі егіске дайындық барысы туралы, ал «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы Нұрлан Әбілдаев шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету мәселелері туралы хабарлама жасады.

Жиында сөз алған аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы айрықша маңызын атап өтіп, егіс науқанының сапалы әрі дер кезінде орындалуы жыл бойғы еңбектің нәтижесіне тікелей әсер ететінін жеткізді.

– «Көктемнің бір күні – жылға азық» деген қағиданы берік ұстануымыз керек. Бүгінгі атқарылып жатқан әрбір жұмыс – ертеңгі мол өнімнің негізі. Сондықтан барлық шаруашылық агротехникалық талаптарды қатаң сақтап, белгіленген мерзімдерден кешікпеуі қажет, — деді аудан басшысы.

Аудан әкімі су тапшылығы жағдайында суды үнемдеу технологияларын енгізу, егіс құрылымын әртараптандыру және ауыл шаруашылығын заманауи бағытта дамыту мәселелеріне ерекше тоқталды. Малдың егістік алқаптарға түсуінің алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және ауыл әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысын күшейту мәселелері бойынша тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Айта кетейік, аудан диқандары биыл 17 257 гектарға егін дақылдарын егуді жоспарлаған болса, бүгінде 340 га жаздық бидай, 316 га мақсары, 60 га жаздық арпа, 2293 га жаңа жоңышқа егуді толық аяқтап, 5300 га ескі жоңышқаны тырмалап, суғарып, негізгі дақыл 5400 га – күріш егісінің дайындығына кірісіп кетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: