Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаржылық сауатты қалай арттыруға болады?

26.05.2022, 10:00 649

Жаңару мен жасаруға көшкен жаңа Қазақ­стан жағдайында қаржы саласының ауқымы кеңейді. Көрсетілетін қызметтер онлайн формат пен цифрлық технологияларға ауысып, қаржы құралдарына сұраныс көбейді. Қоғамның әл-ауқатының артып, халықтың өмір сапа­сының жақсаруы қаржылық мәселелерді күшейтуді  талап  етіп  отыр.

Қаржылық сауат деңгейі жоғары мемлекет азаматтарының тұрмыс деңгейі де жоғары болып, қаржы нарығында бәсекелестік дамиды. Тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру мақсатында Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің 2020 жылғы қаулысымен Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген  болатын.

АҚШ, Ұлыбритания, Швеция сияқты әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесі балаларға қаржы негіздерін бастауыш сыныптан бастап үйрету керегін көрсетті. Еліміз осы тәжірибеге сүйене отырып, мектеп бағдарламасына бастапқы қаржы сауаты пәндерін меңгертуге бекінді. Осы күні осы пән барлық мектептерде оқытылып жатыр.

Қаржылық сауаттылық – кез келген адамның өмір сүруіне қажетті дағды. Қаржылық сауа­ты бар адам экономикалық тұрақтылыққа үлес қосып, өз табысын тиімді жұмсауды, сауат­ты жоспарлауды, кіріс-шығысын есептеуді біледі.

Халықтың көбі неге қарызға батып, айлық­тан-айлыққа  жете алмай, банк жағалап жүр?  Себебі  қаржылық  сауаттылығының жоқ­ты­ғынан  өзінің  табысын  басқара  алмайды.

Экономист Дәулет Төлеутайұлы El.kz сайты­на берген сұхбатында: «Қаржылық сауат­тылықты арттыру стратегияларына келе­тін болсақ, ұлы Абай «Егер де есті кісілердің қатарын­да болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір өзіңнен есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беру керек. Екінші стратегия­сы бір дүкендегі бағаны басқа дүкенмен салыс­тырып қарау қажет. Қай жерде арзан, қай жерде қымбат деген секілді, адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдап есептеген дұрыс. Бірден бір жерден, бір затты ала салмаған жөн. Үшінші кезекте – қаржылық қор. Адам тапқан табысының жоқ дегенде 10%-ын жинап отыру керек. Жиі еститінім, ақшаның қайда кетіп қалғанын білмеймін деп жатады, оның барлығы осы қаржылық сауаттылыққа келіп  тіреледі», – дейді.

Демек, Дәулет Төлеутайұлы ұсынған қаржылық  сауатты  арттыру  жолдары:

– адамның өз-өзіне есеп беруі;

– алатын затын басқа жердегі дүкенмен салыстыруы;

– қаржылық қор жинауы.

Сонымен бірге, қаржылық сауатты арттырудың жолы – қаржылық білім, заң тұрғысынан сауатты болуы. Қаржылық білім кәсіпкерлер үшін ғана маңызды емес. Әрбір жеке тұлғаға, отбасы мүшелеріне ақшаны басқару, үнемдеу, көбейту, жинақ жолдарын білу үшін қажет.

Адамның мақсатына жетуіне көмектесетін маңызды құрал – қаржылық жоспарлау. Жоспары бар адам жолынан жаңылмай, көздеген жеріне жетеді. Сіз табысыңызға байланысты жоспар құрсаңыз, ақшаңыз да орнымен жұмсалатын болады. Қаржылық жоспарды құра отырып, болашағыңызды бағамдай және шығындар  мен  кірістеріңізді  бақылай  аласыз.

Дәулет Төлеутайұлы өзінің «Бизнеске бағыт» кітабында адамдағы «МЕН»-ді Мақсат+Еңбек=Нәтиже деп көрсетеді. «Мақсат қойып алып әрекет етпеу – жалқаулық. Мақсатсыз бейберекет еңбек ету – жүйесіздік. Ал, жүйесіз жасалған дүниенің керемет шығуы екіталай», – дейді  экономист.

Мақсаты, жоспары жоқ адам тапқан ақшасын жаратып жіберуге әзір. Ақшаны көп тапқан емес, болашағын дұрыс жоспарлап, соған сай әрекет еткен адам ғана табысқа жетеді. Бүгінгідей нарықтық, ақпарат ғасырында қаржылық сауатымыз артып, қаржылық тәуелсіздікке жетсек, еліміздің дамуы мен экономикасының тұрақтылығына үлес косар едік.

Данагүл ДҮЙСЕНБАЙ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың

2-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: