Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пандемиядан әуе қатынасына қанша шығын келді?

14.02.2021, 17:00 424

HALYQLINE.KZ Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (ІАТА) әуе компанияларына пандемиядан келген жаһандық зардапты 113 млрд АҚШ долларымен бағалады. Бұл тұрғыда залал нәтижелерін есепке алған қазақстандық компаниялардың шығын көрсеткіштері де айтарлықтай қомақты, – деп жазады «Forbes.kz» ақпарат агенттігі.

Отандық «SCAT Airlines» өкілдері төтенше жағдай кезіндегі (наурыз-сәуір) шығындар компания үшін оңай тиген жоқ деп отыр. Салық және өзге де міндетті төлемдермен қатар, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылық деңгейін қалыпта ұстап, жүзеге аспай қалған рейстер бойынша жолаушыларға билет құнын қайтарып беруге тура келді. Сол сияқты репатриациялық рейстердің шығыны тағы бар. Оның сыртында, қызметкерлерге жалақы төлеп, ғимарат және ұшақ тұрағының жалдау шығынын өтеу керек. Әуе компаниясының 2020 жылдың наурыз-сәуір айларындағы тікелей шығындары 5,6 млрд теңгенің үстіне шыққан. Осы кезең аралығында компания көзделген табыстан қағылғанын ескерсек, шығын сомасы 18 млрд теңгеден асып кетеді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша SCAT әуе компаниясы 2,2 млн жолаушы тасымалын жүзеге асырған.

– Біздің бүгінгі болжамдарымызға сай, 2020 жылдың қорытынды көрсеткішінде жолаушы тасымалы былтырғы ауқымның 50 пайызынан төмен болуы ықтимал. Егер елімізде қосымша шектеу шаралары қайтадан енгізілсе, көрсеткіш бұдан да төмен болуы мүмкін, – дейді компания өкілдері.

Өз кезегінде «Эйр Астана» акционерлік қоғамының қорытынды деректері бойынша, 2020 жылдың 9 айында әуе компаниясының таза шығыны 35,96 млрд теңгеге жеткен. Компанияның былтырғы жылғы таза пайдасы 9,09 млрд теңгені құраған болатын.

Сала ішіндегі ойыншылардың пайымынша, «бүгінгі жағдай жыл соңына дейін түзеле қоймайды». Қыстың көзі қырауда – әуе тасымалын таңдайтын жолаушылар саны онсыз да аз. Оның сыртында, әлем бойынша коронавирустың екінші толқыны көрініс беруде, соған сәйкес Қазақстан билігі халықаралық рейстер санын қысқарту секілді шектеу шараларын қайтадан енгізуде. Әуе компанияларының соңғы үміті ішкі рейстер, бірақ бұл арада да өзіндік гәп бар.

Жергілікті санэпидемиологиялық органдардың шешіміне орай, биыл күзде еліміздің бірқатар өңірлерінде ұшақ жолаушыларынан коронавирусқа тапсырған тест нәтижесі теріс болғанын дәлелдейтін арнайы анықтама қағазы талап етіледі. Нәтижесінде қалың көпшілік тасымал транспортының өзге түрлеріне иек артып, ал кей жолаушылар тіпті жолға шығу жоспарларынан бас тартуда. Сол себепті де отандық әуе компаниялары ішкі бағыттағы өз рейстерін қысқартуға не оларды ұшу кестесінен алып тастауға мәжбүр. 

2020 жылдың 16 наурызы мен 11 мамыры аралығында Aviata.kz миллионнан астам жолаушының сұрақтары мен өтініштерін қарастырып, есепке алған.

– Бүгінде біз авиабилеттердің 95 пайызының ақшасын қайтарып бердік. Ішкі рейстерге қатысты өтініштер бойынша қаражат 100% қайтарылды. Халықаралық компаниялар бойынша клиенттердің барлық өтініштері қаралып, есепке алынды. Әуе компанияларының біразында билет құнын қайтарудың өзіндік тәртіптері, талаптары бар. Қазір клиенттердің бірқатары өз ақшаларын әлі де күтіп отыр, өйткені біз әуе компанияларының қаражатты қайтару жылдамдығына тәуелдіміз, – дейді Aviata.kz директоры Николай Мазенцев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: