Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Н.НӘЛІБАЕВ: Жаңа өндіріс көздерін ашу бағытында өңірге инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру қажет

27.08.2022, 16:45 86

HALYQLINE.KZ

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Селекторлық жиында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралды. Сондай-ақ, қант саласын дамыту туралы айтылды.

Отырысқа министрлер мен өңір әкімдері қатысып, жауапты сала басшылары баяндама жасады.

Үкімет басшысы экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыттар екенін жеткізді.

Селекторлық жиыннан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өнеркәсіп өндірісі көлемін көбейту, экономикалық өсімді қалыптастыру бағытында қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Жыл қорытындысымен өнеркәсіп өндірісінде кем дегенде 1,0 пайыздық өсімді қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Ол үшін облыс төңірегінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға өнім шығаруды арттыру бойынша қолданыстағы заң аясында жәрдемдесу керек.

Сонымен бірге шыны зауытында өнім шығаруды жеделдету және жаңа өндіріс көздерін ашу бағытында өңірге инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру қажет, – деді Н. Нәлібаев.

2021 жылғы Қызылорда облысының Жалпы өңірлік өнімінің көлемі 1 трлн. 926 млрд. теңгеге жетті немесе 2020 жылмен салыстырғанда 2,2 пайыздық өсім қамтамасыз етілді. Ал, республиканың жалпы ішкі өнімі 4,3 пайызға артты. Осы ретте, жалпы өңірлік өнімнің ең көп үлесі, яғни 29,6 пайызы өнеркәсіп өндірісіне тиесілі.

Аймақ басшысы облыстық экономика және қаржы басқармасына Қызылорда қаласы мен аудандар бюджетіне берілетін жалпы сипаттағы трансферттер көлемін айқындау бойынша қала және аудандар бөлінісінде келісу кестесін әзірлеуді, ал Қызылорда қаласы мен аудандар әкімдеріне бюджет заңнамаларына сәйкес бекітілген нормалар мен тарифтер негізінде өз бюджет шығыстарының есептемелерін сапалы түрде ұсынуды тапсырды.

Биыл облыста 3,5 гектар жерге қант қызылшасы тәжірибе есебінде егілді. Тәжірибе есебінде егілген 3,5 гектар қант қызылшасынан осы жылы қанттылығы жоғары стандартқа сай сапалы өнім алынған жағдайда, келер жылдан бастап аймағымызда қант қызылшасының егіс көлемін көбейтуге және өңдеу кәсіпорындарын салуға тиісті шаралар қабылданбақ.

Жиын соңында облыс әкімі тиісті сала басшыларына жаңа оқу жылына санаулы күн қалғанын ескертіп, дайындық жұмыстарын пысықтады.

– Сабақ процесі еш кедергісіз басталуы керек. Жаңадан пайдалануға берілетін мектептердің ашылуын жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Мектеп құрылысы сапалы жүргізіліп, құрал-жабдықтары стандартқа сай болуын қадағалаңыздар. Бұл жұмыстарға асығыстық танытып, салғырт қарауға болмайды. Сапаға мән беру керек.

Жылу маусымына барлық әлеуметтік және жеке сектордағы нысандар дайын болу керек. Осы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Көмекке мұқтаж отбасының балаларына қажетті барлық қолдау шараларын жүзеге асырыңыздар. Қажет болған жағдайда қайырымдылық шараларына кәсіпкерлерді тарту жолдарын қарастырыңыздар. Шын мұқтаж отбасының балаларына қолдау көрсетуге міндеттіміз, – деді Н.Нәлібаев.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: