Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мобильді ақша аударымдарын бақылау қалай жүзеге асады?

21.04.2022, 11:00 503

Бүгінде қолымыздағы ұялы телефонмен түрлі қызметті кедергісіз алып, пайда­ға жаратып жүрміз. Оның ішінде мобильді ақша аударымдары да бар. Дүкеннен, базардан зат алып, асханада ауқаттанып, такси мен қоғамдық көлікке отырсақ та, т.б. қызметтің ақысына каспий голд арқылы төлем жасауға етіміз үйренді. Осы «тиімділік» кешегі жұма, 15 сәуірден бастап кейбір қызмет көрсетуші жандар үшін «тиімсізге» айналып, кері түсініктің нәтижесінде қызмет алушыдан қолма-қол төлем жасауды талап етуге ұласты. Оған себеп, елімізде мобильді ақша аударымдары  салық  органдарының  бақылауына өтеді деген ақпарат. Бұл рас дүние, енді банк қызметкерлері керек ақпаратты салық  органдарына  өткізіп отыратын  болады. Бірақ,  бұл  процесс  2023  жылдан  басталады. Әрине, ең  алды­мен шенеуніктердің интернет банкингі мен мобильді  банк  қосымшасы бақылауға алынады. Сондай-ақ, келесі  жылдан  бастап  шенеуніктер  табыс декларациясын үкіметке өткізіп отырады. Ал қалған азаматтардың ақша аударымдары 2026 жылдан бастап бақылауға алынбақ. Яғни, ақша аударымын бақылау табыс декларациясы міндеттелгеннен кейін қолға алына­ды. Сонымен  бірге  жүретін  процесс.

Жалпы, «салық органдары нақты кімдердің ақша аударымын бақылау­ға алады?» дегенге келсек, бұл үдеріс кезең-кезеңімен енгізі­леді. Яғни, І кезең, 2023 жылдан бастап – шенеунік пен оның жұбайы­ның ақша аударымы тексеріледі. Бір айта кетерлігі, банктер келесі жылы салық органдары ақша аударымы жайлы деректерді сұрас­тырғанда, 2022 жылдың мәліметтерін береді. Бұл үдеріс бүгінгі күні басталып та кетті. Жұрттың даурығып жүргені де сондықтан. Ал, ІІ кезеңде 2024 жылдан бастап – бюджет қызметкерлері мен олардың жұбайы, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен жұбайы. Олардың 2023 жылғы деректері тексеріледі. ІІІ кезең, 2025  жылдан бастап – жеке кәсіпкер мен олардың жұбайы. Оларға 2024 жылдың  деректері  берілсе, IV кезеңде 2026 жылдан бастап – елдің басқа тұрғындары. Олардың  2025  жылғы  деректері  тексеріледі.

Бұл процесс кімге тиімді, кімге тиімсіз? Екі ортада қарапайым халық қиналып қалмай ма? Осы мәселе бойынша экономист-сарапшының уәжіне жүгініп көрген едік.

– Мобильді ақша аударымдарын бақылау, бірінші кезекте, табысын жасырып қалғысы келетін  кәсіпкерлік субъектілерге бағытталады. Қазіргі уақытта баса назар аударып отыр­ғаны табысы жылына 300 млн теңгеден асатын азаматтар бақылауға алынады. Өткен­де аудиторлар мен салық мамандарымен сөйлескенімізде, олардың айтып отырған негі­зі  бағыты осы болып отыр. Бізде көптеген кәсіпкерлік субъектілері бар, яғни бір адам 5-6 компания­ның қожайыны  бола  алады. Олай  жасауының  негізі,  қосылған  құн  салығын, корпоративтік табыс салығын төлемеу мақсатында табыстарын әлгі компанияларға бөліп тастайды. Себе­бі, оларда қосылған құн салығының шегі бар, 30 мың айлық есептік көр­сеткіш  деп  көрсетілген. Егер де одан асып кететін болса, шамамен ол жылына шаққанда, 70 миллион теңгеден асады. Ал сол 70 млн теңгеге дейін болса, азаматтар жеңілдетілген салық декларациясы бойынша 3% салығын төлеп жүре береді. Егер одан асып кететін болса, онда 12% қосымша құн салығын, 20% корпоративтік табыс салығын төлейді, міне, жоқ дегенде мемлекетке 32% салық төлеуіне тура келеді. Содан қашқан көптеген кәсіпкер бірнеше компания ашып, 300 – 500 млн теңге табыс тапса, сол табыстарын әлгі компанияларға бөледі. Салықты  аз  төлеу  үшін  осындай  қадамға  барады.

Енді мобильді ақша аударымдарын бақылау арқылы негізгі мақсат – табысын жасырып отырған кәсіпкерлерді анықтау. Оның қазір қарапайым халыққа еш қатысы жоқ. Жалпыға бірдей табыс декларациясы деген бағдарлама бар, оны қаржы министрлігі жүзеге асырып жатыр. Онда 2023 жылдан бастап барлық шенеуніктер, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер өздерінде бар табыстары жөнінде есеп береді. Ал 2024 жылдан бастап ірі компания  басшылары қосылады, 2025 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер, елдің басқа тұрғындары да ашық есеп беретін болады. Бұл табыс декларациясы өте қажет, себебі «көлеңкелі экономикаға» тұсау салынады, сыбайлас жемқорлық, басқа сипаттағы алыс-берістің бәрі тоқтайтын болады. Түбегейлі тоқтамаса да, бұл процесс сондай заңсыздықтарды айқындауға өзінің септігін тигізеді. Мысалы, алдағы уақытта табысыңыз өте аз, аяқ астынан бір керемет көлікті болып қалсаңыз, онда сұрақ туындайтын болады. Мінеки, осындай азамат­тардың жолын кесу үшін жасалып жатқан бағдарлама. 2025 жылдан бастап біздің аударым­дарымыз, басқа да процестер қадағаланатын болады. Дей тұрғанымен, өзіңіздің бауырыңызға, біреудің туған күніне, қуанышына аударым жасап, немесе өзіңіз сүйіншілеп біреуден ақшалай сыйлық алып жатсаңыз, ол бақылауға алынбайды. Ол нақты кәсіпкерлік пайданы жасырғысы келетін азаматтарды ғана әшкерелеу үшін жасалады. Осылай нақты түсіндірме айтыла бастады, бұл – дұрыс қадам, халқымыз ажиотаж, яғни дүрмекке еріп, ақпаратты теріс таратып, дүрбелеңге бармауы керек, – дейді UIB бизнес мектебінің дирек­торы,  экономист  Мақсат  Халық.

Демек, екіұдай күйде жүрген бұқараға әлі де түсіндірме жұмыстары өз мәнінде жүргізіл­мей жатқан сияқты. Бұл жерде сала мамандарының есеп тілінде емес, халыққа қарапайым  тілде  түсіндіргені  тиімді  болар  еді.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: