Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Егіс алқабын аралады

19.06.2026, 17:00 36

HALYQLINE.KZ

Аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының суды аз қамтамасыз ететін дақылдарды егу тапсырмасына сәйкес, бүгін Сырдария ауданы әкімі Берік Сәрменбаев Шаған ауылындағы «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

«Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізгі қызмет бағыты – егін және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру. Қазіргі уақытта шаруашылықта 230 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, үлескерлер саны 1675 адамды құрайды.

Шаруашылықтың жалпы ауыл шаруашылығы жер көлемі 10 246 гектарды құрайды. Оның ішінде 4 500 гектары – егістік жер, 4 064 гектары – жайылымдық жер және 1 682 гектары – өзге санаттағы жерлер. 2026 жылғы егіс науқанында шаруашылық тарапынан 2 250 гектар жерге күріш, 505 гектарға жүгері, 115 гектарға бидай және 213 гектарға жаңа жоңышқа егілген. Сонымен қатар, 790 гектар ескі жоңышқа алқабы күтіп-бапталуда.

Жүгері дақылын орналастыру үшін қажетті 13,9 тонна жоғары сапалы тұқым сатып алынып, толық көлемде 505 гектар жерге себілген. Егіс жұмыстарына тұқымсепкіш, культиватор және өзге де ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылған.

Кездесу барысында аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы маңыздылығын атап өтіп, егіс алқаптарындағы агротехникалық шараларды уақытылы әрі сапалы жүргізудің қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, шаруашылық ұжымына алдағы жұмыстарға сәттілік тілеп, өндірістік көрсеткіштерді арттыру бағытындағы міндеттерді назарда ұстау керектігін айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: