Бүгін Қызылорда қаласы әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен өткен мәжілісте орындаушылық тәртіп пен «Қала күні» мерекесін ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Жиында шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарындағы негізгі міндеттерге тоқталды. Берілген тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын саралады. Жүзеге асырылатын жобалардың жауапкершілігі қатаң сұралатынын ескертті.
Сонымен қатар, жылу маусымына дайындық барысын қайта тексеру, әсіресе, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындық паспорттарын нақтылау міндеттелді.
Биыл «Қала күнін» атап өту 12 қыркүйек пен 13 қазан аралығына бекітілді. Мерейтой аясында бір айлық іс-шара легі бастау алды.
— «Қала күнін» ұйымдастыруда қолда бар барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуіміз қажет. Бас шаһарды безендіру жұмыстары қатаң бақылауда болуы тиіс. Жыл сайын қолданылатын бірсарынды эскиздерден бас тартып, жаңартылған, заманауи әрі мазмұнды үлгілерді, ұйымдастыру жұмыстары бойынша нақты ұсыныстарды енгізіңіздер. Жаңа идея, жаңа креатив болсын!, — деді Нұржан Сәбитұлы.
«Қала күні» мерекесін атап өтуде коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс атқаратын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!