Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа технологиясыз бәсекелестікке түсе аламыз ба?

27.03.2021, 12:30 711

Бұдан екі ғасыр бұрын ұлы Абай заман талабына қарай жаңаша тіршілік жасауды нұсқап, қазаққа егін, кәсіп, сауданы игеруді жолға қоя отырып, ғылым-білімді меңгеру арқылы әлеуметтік-экономикалық реформаның керек екенін айтқан еді. Қазіргі экономиканың даму жағдайында бізге шатаспай, төмендегі екі жолдың біреуін таңдағанымыз дұрыс.

Біріншісі – либерализациялық бағыт. Бұл – қоғамда еңбек пен капитал қайшылығы көп, бай мен кедей арасы алшақтаған, табиғи байлық шетелдік және ұлттық олигархиялық топтардың, компаниялардың мүдделеріне тәуелді жол.

Екіншісі – ел басшылығы шағын кәсіпкерлікті жедел дамыту арқылы орта тапты қалыптастыруы тиіс. Бұл – ұлтымыздың шығармашылық, мәдени-рухани әлеуетіне негізделген, табиғи байлықтарымыз бен қоршаған ортамыздың тұнықтығын бұзбау әрекеті. Сол қалпы келешек ұрпақтың  игілігіне,  халқымыздың тұрмыстық  әл-ауқатын  арттыруға бағыттау  жолын  тандау  болмақ. Яғни, болашақ жеткіншектер – ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелеріміздің жарқын болашағына жол ашылады. Қазақстанның 10, 20, 30, 50 жылдан кейін экономикасы дамыған елдер қатарына қосылуына негіз болады.

Ашығын айту керек, біз жерімізге, қазба байлығымызға сеніп, экономикамызды әртараптандыруды қолдан жіберіп алдық. Мезгілінен кеш бастадық. Қателік өзімізден болды, һәм бұған шетел олигархтарының да әсері болды. Егемендік алғанымызға    30 жыл өтсе де, шикізат мемлекеті ретінде қалып отырмыз. Бұл стратегиялық қате әлі көп жылдар бойы дамуымызға тежеу болады. Бұл туралы уақытында айтылған және ұсыныстар да берілген.

Дағдарыстың ең ауыры – техника-технологиялық дағдарыс. Қазақстанның қазіргі жағдайында сол техника-технологиялық дағдарыстың алдында тұрмыз. Себебі өндірістің, ауылшаруашылықтың техникалық қоры 46-80 пайызға дейін ескіріп тозған, тіпті кейбір салаларында одан да асып түседі. Мысалы, Қазақстанға өте қажет энергетика саласын алсақ, техникалық құрал-жабдықтардың 72-75 пайызының тозығы жеткен. Мұның тікелей ұлттық қауіпсіздікке әсері бар, айталық, Ресейдің Сібірдегі ең ірі Саян-Шуша ГЭС-інің апатқа ұшырап, көп адам мен материалдық шығынның болғанын еске түсірсек те жеткілікті.

Ғылыми-техникалық прогрестің өзегі – машина жасау, яғни, техника-технология саласы бізде артта қалып отыр. Қазір дүниежүзінің дамыған мемлекеттері VI технологиялық укладты қалыптастыруда. Олар – нано-биотехнология, гендік инженерия, информациялық-коммуникациялық технология, космостық технология. Бұл салаларда біздің үлесіміз жоқтың қасы. Жалпы, біз технологиялық укладтан 40-50 жыл артта қалып отырмыз. Біз түгілі, Ресейдің өзі әскери қолданбалы ғылымы, өндірісі күшті болса да, VI технологиялық укладтан әлемдегі үлесі 2-3 пайыз ғана. Шетелден келетін технология мен техника бізге қымбатқа түсуде, егер соны өзіміз шығаратын деңгейге жететін болсақ, біздің экономикамыз да оңтайланар еді. Қазір біздегі кезек күттірмейтін мәселе, осы салаларды дамыту болып отыр. Ол үшін, бір жағынан, технологиялар трансферт жолын пайдаланып, ал екінші жағынан, өзіміздің ғылыми-техникалық потенциалымызды қолдана отырып, жаңа зауыт, фабрикалар салу қажет.

«Өзіміз өндірмей, өзіміз өспейміз» деген  қағиданы  ұстанған   жөн.   Әрине, ондай жағдайда үлкен инвестиция – қаражат керек. Әсіресе, ғылым мен техниканы қолдау арқылы инновациялық процестерді өндіріске ендіру – кезек күттірмейтін міндет. Себебі жаңа технологияға байланысты ғылымның басымдығы дүниежүзінде 4-5 жылда бір өзгеріп тұрады. Осыған орай Қазақстанда президенттің жарлығымен «критический технологияның» тізімін жасап іске асыру қажет. Егер бұрын «критический технологияның» негізін әскери сала, қару-жарақ құраса, ал қазір ХХІ ғасыр жаңа білімге әлеуметтік инновацияға басымдық беру керек сияқты. Себебі адамның қажеттілігіне арналған мәселелер бірінші орынға шығу керек. Мысалы, Қазақстанға өте қажет салалар азық-түлік, жерімізді игеру, ауылға асар, халықтың санын көбейту, қасаң тартқан сананы жаңарту, тәрбие, көне тарихымыз бен мәдениетімізді қайта жаңғырту, идеология мен діни экстремизм, т.б. инвестициялық басымдықтар беру қажет. Біз осы өзгерістерге ілесе отырып, бастаған істі өзіміздің менталитетімізге, қазақтың ұқыптылығына, алғырлығына, білімділігіне сай етіп жасауымыз керек. «Шетел ғалымдарының айтқаны дұрыс па, жоқ, әлде бұрыс па?» деп біздің ғалымдардан сұрап жатқан адам бар ма?

Қазақстанға инновациялық даму, жаңа материал, «композиттер», ақпараттық технология, космосты игеру, биотехнология, интернет технология м2м, т.б. керек. Бұл салалардан біздің кенже қалып қойғанымызды ескеріп, Қазақстанда «технологиялық даму орталықтарын, технологиялық кластерлер» құру қажет. Ал оларды ғылыми түрде қамтамасыз ету үшін Ұлттық ғылыми экспериментальды лабораториялар мен ғылыми мектептерді ашуда, форсайт ізденістерге мемлекеттік деңгейдегі қолдау керек. Сталин ғалымдарға уақытында ерекше қолдау жасап, соның нәтижесінде атомдық реакторлар, космосты игеруге жаңа технологиялар келген.

Бізде әрбір 100 кәсіпорынның тек 7%-ы ғана инновациялық қызметпен айналысатын болса, шетелде 60-70%-ға дейін, оның ішінде, Германияда 82,5%, Швецияда 75%-ды құрайды екен. Сондықтан жаңа технологияларды енгізу арқылы инновацияны көтеру керек. Бұларды өндіріс, өнеркәсіп орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары бірігіп жасағаны жөн. Ғылымның жетістігін нақты өндіріске енгізу тетіктері мемлекетімізде әлі дамымаған.

Бұдан 12 жыл бұрын Астанаға жастарды шоғырландыру үшін мынадай  ұсыныс  жасаған  едім.  Жас қаланы  жастар  арқылы  дамытқымыз келсе,  Астанаға  экологиялық таза  3 зауыт салайық. Ол – тігін фабрикасы (ақсап тұрған жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін өте қажет), медициналық құрал-жабдықтар шығаратын фармацевтикалық зауыт (себебі біз бұл саладан «Давос» форумының бәсекелестігі бойынша соңында 94-орындамыз), электронды зауыт. Ал олардың жанынан жастарға арналған арзан жатақханалар мен кәсіби-техникалық білім беру колледжі ашылса. Міне, осындай жаңа технологиялық ұсыныстар да іске аспай қалды.

Экономикамыздың инженерлік жүйесі ерекше көңіл аударуды қажет етеді, өйткені, инновация – тек ғылыми қызмет емес, сонымен қатар, көбіне инженерлік сала. Жыл сайын өтетін Дүниежүзілік Давос экономикалық форумында глобалды бәсекелестіктің индексі бойынша Қазақстан 2019-2020 жылдары инновациялық дамуда 78-орында. Бұл – артта қалу деген сөз. Бір өкініштісі, бізде өндіріске инженерлер даярлау саласы артта қалып отыр. Мен 70-жылдардың басында Шымкент қорғасын зауытында агломерациялық, қорыту цехтарында алдымен слесарь, соңынан инженер болып істедім. Сонда противогаз киіп жұмыс істейтінбіз. Цехта 6-разряды бар слесарь мамандығы жағынан өте жоғары бағаланатын. Қазір мұндай мамандарды іздеп таба алмайсың. Оларды даярлау керек-ақ. Өкінішке қарай, Қазақстанда жоғары технологиядан қанша инженер даярлау керек екенін білмейміз. Ал Ресей жоғары технологиядан 600 мың инженер маман даярлау керек екенін есептеп айтып отыр, іске де кірісті. Бұл саладағы жоғары оқу орындарының инженерлер даярлау деңгейі бізде сын көтермейді. Бұрынғыдай студенттерді 1-2 жыл зауытқа жіберіп, тәжірибеден өткізу ісі тіпті тоқтаған. Қазір кәсіби-техникалық білімнің аздығынан өндірісте істейтін инженер, мастер, бригадир жетіспейді.

Қазақстанның индустриялық аймақтарында «инженерлік орталықтар» салу қажет. Сол жерде жаңа өнім және кадр дайындалатын болады. Қазақстанның әлемде бәсекелестігін күшейтуге уақытысында атсалысқан М.Жәкішевтің «Қазатомпромы» болса, қазір соны жалғастырып, мемлекеттік корпорация «Қазақтехнология» құру керек. Бұл корпорация жаңа технология өндірісін басынан бастап жасап, өндіріп сатуға дейін барлық жүйені біріктіретін болады. Осыған қоса Қазақстанда тағы бір ірі мемлекеттік корпорация құру қажет, ол – «Қазақбиотехнология», бұл биология, АПК, медицина, биологиялық кластерлерді, ғылыми зерттеу институттарды, университеттерді біріктіретін болады. Сонда бұл мемлекеттік корпорациялар әлемдік деңгейге шығып, Қазақстанның мәртебесін көтеруге өз септігін тигізері сөзсіз. Әрине, бұған да ҚР Президентінің саяси күш-жігері керек.

Елімізде жақсылы-жаманды өндіріс зауытын салудамыз, ал «адам зауытын» салу қиынның қиыны-ақ. Біз осы екі зауытты да толыққанды салып, бірге игергенде ғана басқалардан озуымыз мүмкін. Рухты тазартудың технологиясын табу  ең  өзекті.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы, қазақ-қытай, мұнай-газ құбырлары сияқты халықаралық жобаларда шетелдіктер емес, негізінен қазақ маман инженерлері, техниктері жұмыс істегені дұрыс. Заңмен шегелеп істету қажет.

Біздің ел жаңа технологияны меңгермей және информациялық білімін көтермей, өндірістің инновациялық пәрменділігін дамыта алмайды. Керісінше, ғылыми техникалық прогресті және интеллектуалдық дамуды тежейді. Ал әлем көп алға кетіп қалды. Оны ескеруіміз керек. Қазіргі әлемді информация ұстап тұр: компьютер, адам, бизнес, аңдар, саясат, қауіпсіздік, экономика, қаржы, технология, мәдениет, т.б.

Бұл – адамзат дамуының бір сатысы ретінде жаңа информациялық қоғам пайда болады деген сөз.

Оразалы  СӘБДЕН,

Қазақстан  ғалымдар 

Одағының  президенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: