Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Депутаттар өндірістегі қауіпсіздік жүйесін күшейтуді сұрады

06.06.2026, 9:00 34

«Қазақстан Халық партиясы» мен Amanat партиясы фракциясының мүшелері, Мәжіліс депутаттары Үкіметке өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Құжат Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына бағытталған.  

Депутаттар сауалда ауыр, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, соңғы жылдары елде ірі техногендік апаттар мен өндірістегі жазатайым оқиғалар тіркеліп, бұл саладағы бақылау мен алдын алу жұмыстарының тиімділігіне қатысты мәселе күн тәртібіне шықты.

Сауал авторлары өндірістік қауіпсіздікті тек бір саланың ішкі шаруасы ретінде қарауға болмайтынын жеткізді. Бұл жұмысшылардың амандығына, экономиканың тұрақтылығына және қоғамның мемлекетке сеніміне тікелей әсер ететін бағыт ретінде көрсетілген.

Құжатта Қазақстанның технологиялық дамуы, ірі индустриялық жобалардың жүзеге асуы және атом энергетикасын дамыту перспективасы жағдайында өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын талап күшейе түскені жазылған. Депутаттар апат салдарын жоюдан гөрі, олардың алдын алуға басымдық беру қажет деп санайды.

Сондай-ақ сауалда кәсіби тау-кен құтқару бөлімшелерінің дайындығы мен техникалық жарақтандырылуына назар аударылған. Депутаттардың пікірінше, мұндай бөлімшелердің әлеуеті апатты ерте анықтау, оның алдын алу және салдарын жедел жою кезінде шешуші рөл атқарады.

Мәжіліс депутаттары Үкіметтен жүргізілген реформалардың өндірістегі апаттылық деңгейіне, жарақат алу көрсеткішіне, мемлекеттік бақылаудың тиімділігіне және кадрлық әлеуетке әсерін бағалауды сұрады. Сонымен бірге қазіргі сын-қатерлерге жауап бере алатын тұрақты әрі тиімді өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: