Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола індетіне қарсы күреске 518 млн доллар бөлді. Қаржы алдағы алты айға арналған арнайы бағдарлама аясында жұмсалады.
Бағдарлама Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталығымен бірлесіп жүзеге асырылады. Жоспарға індеттің таралуын тежеу, науқастарды ерте анықтау, медициналық көмек көрсету және қауіпті аймақтарда бақылауды күшейту шаралары енгізілген.
ДДСҰ мәліметінше, жаңа жоспар бұған дейінгі Эбола індеттері мен денсаулық сақтау саласында болған төтенше жағдайлардың тәжірибесін ескере отырып әзірленген. Мамандар бұрынғы қателіктер қайталанбас үшін аурудың алғашқы белгілерінен бастап, оны оқшаулау мен емдеу жұмыстарына дейінгі барлық кезеңді қамтитын тәсіл қолданбақ.
Эбола тез таралатын қауіпті вирустық инфекциялардың бірі саналады. Ауру жұқтырған адамға уақытында көмек көрсетілмесе, жағдай күрделенуі мүмкін. Сондықтан халықаралық ұйымдар індет байқалған өңірлерде медициналық қызметкерлерді даярлау, зертханалық тексерісті жеделдету және халыққа түсіндіру жұмыстарын қатар жүргізуге мән беріп отыр.
Жаңа бағдарлама аясында жергілікті денсаулық сақтау жүйелеріне де қолдау көрсетіледі. Бұл әсіресе шалғай елді мекендерде науқастарды тез анықтап, аурудың басқа аймақтарға таралуына жол бермеу үшін қажет.
ДДСҰ мамандары кешенді шаралар дер кезінде іске асса, Эбола індетінің таралуын тоқтатуға мүмкіндік бар екенін айтады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!