Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Коммуна» арнасы тазаланса…

04.12.2023, 9:00 147

HALYQLINE.KZ

Қызылорда  облысының  әкімі  Н.Нәлібаевтың  назарына

«Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет…

…Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз…».

Президенттің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылғандай, тіршілік нәрі судың маңыздылығы қазалылықтар үшін де ерекше екені белгілі. Аймақтың солтүстік беткейіндегі қысы ұзақтау келетін қазалылықтарға мал азығын дайындау – басты тақырыптың бірі.

Жанқожа батыр ауылының аумағында «Коммуна» атты үлкен арна (канал) бар. Аталмыш арнаның бойында ірілі-ұсақты жеке кәсіпкерлер, нақтысы 9 шаруа қожалығы осы жерде мал өсіріп, малазықтық шөп дайындап, тіршілік етіп отыр. Салыққа төлемін жасайды. Осы орайда жоғарыда аталған 9 шаруа қожалығын «Коммуна» арнасы арқылы жететін аяқ су жайы қатты алаңдатады. Ұзақ жылдан бері тазаланбаған арнаның бойымен шаруашылықтарға су жеткізу өте күрделі күйде. Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген болатын. Тіпті аудан әкімінің орынбасары, сала басшыларының қатысуымен осы түйткілге байланысты жиын да өткізілді. Алайда аталған арнаны тазалау әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.

Осы ретте мына жайтты атап өткен де ләзім. «Коммуна» арнасының бойындағы 9 шаруашылықтың мүшелері ақылдаса келе, өз еріктерімен арнаны тазалауға аз да болса үлестерін қосуды ойлап қаражат жинаған болатын. Әрине, жиналған қаражат мөлшері көп емес (150000 теңгенің шамасында). Бұл қаржы теңізге құйған тамшыдай болса да, осы арнаны тазалау кезінде бөлінген техникалардың жанар-жағармайын көтерсек, ортақ шаруа жеделдетіп бітсе деген ықыластан туындағаны анық. Мұның өзі сол шаруашылық мүшелерінің ауызбіршілігін, арнаны тазартуға деген құлшынысын аңғартып тұрғандай.

Бірақ… Сонан бері біршама уақыт өтті. «Коммуна» арнасын тазалау әлі күнге қолға алынған жоқ. 9 шаруашылық мүшелері жинаған қаражат қайтадан иелеріне қайтарылып берілу үстінде. Арнаны тазалау мәселесінің созылып кетуі жоғарыда аталған шаруа қожалығы мүшелерінің өкпе-ренішін туындатуда. Бұл жайттан Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев та хабардар. Биылғы жаз айында Мұхтар Әуесұлына хабарласып, осы жайтты жеткізгенімде, аудан басшысы қазір арна тазартатын жеке кәсіпкердің иелігіндегі қуатты техниканың басқа жерде жұмыс істеп жатқанын, қазан айында босайтынын, сол кезде «Коммунаны» тазалауға қолдан келгенше көмек беретінін айтқан болатын. Міне, желтоқсан айы да басталды. Алайда, аудан әкімі айтқан жеке кәсіпкердің иелігіндегі арна тазалайтын техникадан әлі хабар жоқ. «Кісідегінің кілті аспанда» екендігі тағы рас. Аудан әкімі де жеке кәсіпкерге өтініш айтатыны өзінен-өзі түсінікті.

Осы ретте түрлі деңгейдегі сала басшылары, құзырлы орындар да көмек қолын созса, «Коммуна» арнасын тазалауға септігін тигізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Егер аталмыш арна осы жылы тазаланып, келер жылы толығымен су келсе, 9 шаруашылықтың жұмысы өркендесе, олардың иелігіндегі мал басы ұлғайып, бір жағынан экологиялық ахуалдың аз да болса оңалуына септігі тиіп, мал азығын дайындау, жоңышқа тағы басқа дақылдар егуге жол ашылар еді.

Қорыта айтқанда, «Коммуна» арнасы тазаланса…

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: