Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданының экологиялық жобалары қаралды

31.01.2024, 16:20 213

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен Арал ауданының даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте теңізді өлкенің бірінші кезектегі мәселесі – экологиялық жағдайды жақсарту және Кіші Аралды құтқару туралы айтылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биылдан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте Халықаралық Аралды құтқару қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырды.

«Өздеріңізге мәлім, бір кездері Арал теңізі әлемдегі төртінші ірі ішкі су айдыны болған. Қазақстан келесі жылы қорға төрағалық етеді және осы мәселені шешу үшін барлық серіктесті жұмылдыруға үміттенеді» деді Мемлекет басшысы.

Аймақ басшысы бұл экологияны сауықтыратын қосымша шараларды атқаруға және бастамашылық жасауға мүмкіндік беретінін ескертті. Осы орайда, қордың атқарушы комитетінің отырысын біздің өңірде өткізудің мүмкіндігін қарастыру қажет.

Айта кетейік, Арал теңізінің ахуалы Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында. Осы мақсатта 2021-2025 жылдары теңіздің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егуді ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын.

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың айтуынша, Арал қаласында жалпы көлемі 76,5 гектар 5 ірі тұзды сор көл бар. «Жаңа ауыл» шағын ауданындағы сор көлдің тереңдігі – 1,75 метр, ең кішісі «Суворов» сор көлінің орта шеніндегі тереңдігі – 1 метр. Оларды көму – жергілікті тұрғындардың ұзақ уақыттан бері шешімі табылмаған мәселесі.

Аудан әкімі Арал қаласының экологиялық жағдайын жақсартудың жоба-сметалық құжаттамасын жасауға қаржы бөлуді сұрады. Сор көлдер көмілсе, экологиялық жағдай жақсарып, олардан бөлінетін жағымсыз иіс жойылады. Құрғаған жерге жаңа құрылыстар, ойын алаңдары, гүлзарлар салынады.

Жиын қорытындысымен облыс әкімі көтерілген мәселелер алдағы уақытта қарастырылатынын айтып, Аманжол Оңғарбаевқа нақты тапсырмалар берді.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: