Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бірлікті ел бұзылмас

03.05.2022, 10:10 521

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді», – деген еді. Расында да, ел басына күн туған сәтте бізді бірлігіміз алып шықты. Бүгінгі Қазақстанның шекарасын анықтап, «субъектность» берген Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков сынды тұлғалардың артында бірлігі жарасқан халық бар. Міне, «елге еңбегі сіңді» деп белгілі бір тұлғаға мадақ айтқанымызбен, олардың мақсаты жүзеге асуына елдің ауызбірлігі сеп болды. 1995 жылдың 18 қазанында ҚР  тұңғыш президенті Нұрсұлтан  Назарбаевтың жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Сол уақыттан бері дәстүрлі түрде тойланып келеді. Биыл да аталмыш мерекені сырбойылықтар орталық алаңда атап өтті. Мерекелік іс-шарада көпэтносты мемлекет болған соң әртүрлі ұлт өкілдерінің әні мен биі қалың жұртшылыққа ұсынылды. Іс-шара барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындары мен қонақтарына ақжарма тілегін білдірді.

– Бірлігі жарасқан елдің тірлігі де төрге озады. Бүгінгі таңда ұлы мақсаттарды ұлықтап, достыққа құшағын айқара ашқан Қазақстан заманауи әлемде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге дамудың жаңа көшін бастады.

Берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміздің арқасында серпінді істеріміз нәтижелі болып, өңіріміз жаңа деңгейге көтеріліп, еліміздің іргелі облыстарының қатарынан көрінеді деп сенемін.

Жұдырықтай жұмылған ауызбіршілікпен ортақ мүдде жолындағы қиындықтарды қайыспай көтеріп, қуанышымызды бөлісіп, ақ ниетімізді, асыл қасиеттерімізді танытып келеміз. Бұл – тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір жұртымыздың айнымас бірлігінің шексіз дәлелі. Біздің күшіміз – болаттай берік бірлікте! – деді облыс әкімі.

Иә, ұлты басқа болса да, көкірегінен итермей бауырына басқан қазақ елінің кең жүрегін бүкіл ел мойындаған. Бұл мерекеде де түрлі ұлт өкілдерінің қолөнер бұйымдары арқылы сол елдің мәдениеті көрсетілді. Мәселен, Корея мемлекетінің менталитеті жайында корё-сарам (этникалық корей) Виктория Югай түсіндірді.

Бұл көрмеде еліміздің аз ғана мәдениетін көрсетудеміз. Ең алдымен, ұлттық пучхені (желпеуіш бұйым) айта кеткен жөн. Себебі корей нәзік жандылары барлығы дерлік осы бұйымды қолданады. Сонымен қатар ұлттық ханбок киімі, қыздарға арналған бас киім, әшекей бұйымдардың да әсемділігін көрсеткіміз келеді. Біздің қолөнердің мән-мағынасы бақыт, денсаулық, отбасылық бірлікті дәріптейді. Негізі қазақ пен корей елдерінің мәдениеті ұқсас. Үлкенге деген құрметті жастар арасында екі елде де қатаң ұстанады, – деді.

Орталық алаңдағы концерттік бағдарламада қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Серік Ибрагимов Сыр еліне мерекелік ән-шашуын арнады. Сондай-ақ, өңіріміздің танымал әншілері мен бишілері керемет көңіл күй сыйлап, ұлттық ойындар тамашаланды. Бұл мерекеде Президентіміз «2022 жыл – Балалар жылы» деп атағанын ескеріп, балалар шығармашылығын топтастырған шағын қойылымдар қойылды. Мерекелік іс-шараның символы ретінде бірлік жер шары болса, әуе шарын да қызылордалықтардың қуанышы үшін ұшыру жоспарланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: