Қым-қуыт тіршілік. Нарықтың қамытын киген әлемдегі миллиардтаған адамның сүріп жатқан өз өмірі бар. Расында, тұтастай әлем алақандағы телефонға сыйып кеткендей. Күн сайын ондаған адаммен хабарласып, әлеуметтік желіде пікір алмасып жатады. Бірақ сол қарбаластың арасында ең жақын адамға, туған бауырға бір ауыз «Қалың қалай?» деп хабарласуға уақыт таппай жататын жандар қатары жеткілікті.
Өкініштісі, кейде толастамайтын шаруаның ағымымен бауыры хабарласа қалғанда тұрмыстық сипаттағы әңгімеден көпшілік шыға алмай жатады. Мүмкін, ер болсын, нәзікжанды әйел заты болсын, бауырыңның ойында зіл бітпан болып жүрген бір мәлесе шырмалып жүрген шығар. Кейде айналасындағы адамға, өмірлік қосағына, балаларына айта алмаған дүниені бауырына айтқысы келуі мүмкін. Кейде адам жанын түсінетін жан іздейді. Бірақ дәл сол сәтте жанында туған бауыры бар екенін ескере бермейді. Бауырмен сырласу – тек мұң шағу емес. Ол – бір-біріне демеу болу, ақыл сұрау, өткенді еске алу, болашаққа бірге үміт арту. Бір шыны шай үстіндегі шынайы әңгіме кейде ұзақ жылдар бойы жиналған өкпе мен ренішті сейілтіп жібереді. «Сені сағынып жүрмін» деген қарапайым сөздің өзі жүрекке жылу береді. Кейде адамның ең үлкен қуанышы – өзін тыңдайтын, түсінетін жанның болғаны.
Өмірдің ең үлкен байлығы – дүние емес, туыстық байланыс. Ағайынның арасы алыстаса, адамның тірегі әлсірейді. Туыстықтың қадірін білетін халық ешқашан жалғыз қалмайды.
Бүгінде көп адам «Уақытым болмады», «Ертең хабарласамын» деп кейінге қалдырады. Бірақ өмір ешкімді күтпейді. Кейде бір ғана телефон қоңырауы адамның көңілін көтеріп, сағынышын басып, жүрегіне қуаныш сыйлайды. «Бауырым мені ұмытпаған екен» деген ойдың өзі адамға күш береді.
Бір қариядан:
– Өміріңіздегі ең үлкен өкінішіңіз не? — деп сұрағанда, ол:
– Уақытым бар кезде жақыныма көңіл бөлмегенім. Дүниенің соңынан жүріп, бауырыммен жиі жүздеспегенім, — деп жауап беріпті.
Бұл сөздің астарында үлкен тағылым жатыр. Өйткені дүние қалады, қызмет өзгереді, бірақ туған бауырдың орны ешнәрсемен толмайды.
Қуаныш келгенде де, қиындық туған кезде де адамның жанынан табылатын – туған-туысы. Сондықтан арадағы ренішті созбай, кешірімге келу, бір-бірінің халін сұрап тұру – ұлттық тәрбиенің өзегі. Ағайынның арасы ажырамаған сәтте туыстықтың жарасымдылығы көрініс табады.
Ендеше, дәл қазір телефоныңызды қолыңызға алып, бауырыңызға қоңырау шалыңыз. «Қалайсың? Денсаулығың жақсы ма?» деген бірнеше ауыз сөздің өзі арадағы мейірімді жаңғыртып, туыстық байланысты бекемдей түседі.
Өмірдің мәні – адамдардың жүрегіне жылу сыйлау. Ал сол жылуды ең алдымен өз бауырыңыздан бастаңыз. Өйткені уақыт өткен сайын айтылмай қалған сөз де, шалынбай қалған қоңырау да жүрекке өкініш болып оралады.
Өмір өте шығады. Балалық шақ қайта оралмайды. Бірақ сол шақтың куәсі болған туған бауыр – әрқашан жаныңда. Сондықтан арадағы байланысты үзбей, жиі хабарласып, кездесіп, сыр бөлісуге уақыт табайық. Өйткені бауырмен бөліскен сыр – сенімнің, сыйластықтың және мәңгілік туыстықтың белгісі. Қашанда бауырмен бірге болған абзал.
Балтабай ОРДАБЕКОВ,
Сырдария ауданы
Коллаж: tirshilik-tynysy.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!