Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға туралы расталмаған ақпарат таратқан төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот олардың әрқайсысына 20 АЕК, яғни 86 500 теңгеден айыппұл салған. Төртеуінің айыппұлын қосқанда 346 мың теңге шығады.
Полиция мәліметінше, екі азамат Facebook желісінде әскери қызметшінің суға батып бара жатқан жолдасын құтқарып, кейін өз бетімен жағаға шыққанын жазған. Сондай-ақ оның құтқарылғаны мен оқиғаның мән-жайы қасақана жасырылып отыр деген мәлімет таратқан. Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Тексеру кезінде олардың бірі мәліметті туыстарынан естігенін, екіншісі әлеуметтік желіден көрген ақпаратты тексерместен жариялағанын түсіндірген.
Шымкент пен Көкшетаудың тағы екі тұрғыны Маңғыстауда қосымша әскери қызметшілер қаза тапты деген жалған мәлімет таратқан. Жарияланымдардың бірінде марқұмның туыстарына қысым көрсетіліп, олардан ақша талап етіліп жатқаны да айтылған. Полиция бұл мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.
Сот төрт азаматты да әкімшілік жауапкершілікке тартты. Полиция өзгенің жазбасын тексермей қайта жариялау немесе ақпаратты басқа адамнан естігенін айту жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті.
24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тауып, үш адам құтқарылған еді. Қайғылы оқиғаның мән-жайын тергеу жалғасып жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!