Қызылорда облысында халықты қолжетімді етпен қамтамасыз етуге арналған 311 млн теңгелік жобадан 60 млн теңге заңсыз шығарылды деген күдік бар. Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады.
ҚМА мәліметінше, 2021 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жоба Жаңақорған ауданында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуды көздеген.
Жобаның жалпы құны 311 млн теңге болған. Оның 151,5 млн теңгесін «Байқоңыр» ӘКК серіктестіктің жарғылық капиталына салған. Бұл ақшаға 1600 қой, 130 ірі қара және етті қаптайтын жабдық сатып алу жоспарланған.
Тергеу нұсқасы бойынша, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы бөлінген қаражаттың бір бөлігін шығару схемасын ұйымдастырған. Соның нәтижесінде 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерлерінің шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның екі автокөлігіне тыйым салынған.
Қылмыстық іс сотқа жіберілді. Күдіктінің кінәлі не кінәсіз екеніне түпкілікті бағаны сот береді. ҚМА тергеу мүддесіне байланысты істің өзге деректерін жариялаған жоқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!