Қазақстанда заңсыз қоқыс полигондарын жою және Байқоңыр кешенінде жылдар бойы жиналған қалдықтарды ретке келтіру бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықовтың айтуынша, Байқоңыр кешеніндегі негізгі экологиялық мәселелердің бірі Ресей жалға алған аумақта жылдар бойы жиналған қалдықтарға қатысты.
Оның сөзінше, 2018 жылы Байқоңырға қарасты Төретам және Ақай елді мекендері аумағында түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде шамамен 1,9 млн тонна қалдық анықталған. Оның басым бөлігі құрылыс қалдықтары болған.
– Бұл мәселені шешу үшін Байқоңыр әкімшілігімен бірлесіп 2025-2030 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Қазіргі уақытта жоспар аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр. 2025 жылдан бері 17 мың тонна қалдық жиналды, – деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында.
Байқоңырдағы қалдық мәселесі Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссия деңгейінде де қаралған. Нәтижесінде ресейлік тарап бұл мәселені шешуге қатысты тиісті шешімдер қабылдаған.
Ал Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов республика бойынша қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
Оның мәліметінше, министрлік бүгінге дейін қоқыс тасымалдайтын арнайы техника, сұрыптау желілері мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қамтитын 61 жобаны мақұлдаған.
Фото: Байқоңыр қаласының әкімдігі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!