Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі қоғамдық орындардың жұмысымен танысты

14.06.2026, 11:43 39

Арал ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік жұмыстары қолға алынды.

Кең ауқымдағы «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбілік жұмыстарын аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аралап көріп, қаланың шет аймақтары мен маңызды көшелерінде жүрігізіп жатқан жұмыстарға куә болды. Бұл бағыттағы жұмыстарды бәсеңдетпеу керек екенін алға тартып, ауданымыздың тазалығы баршаға ортақ екенін жеткізді.

Аудан әкімі жұмыс сапары барысында Тәжі Палуан көшесіндегі балалар ойын алаңын көріп, онда қайта қалпына келтіріліп жатқан жұмыстарға куә болды. Сол маңдағы Т.Әубәкіров көшесіндегі ашық футбол алаңының сапасына сын көзбен қарап, жауапты тұлғаларға пайдалану барысында орын алған кемшіліктерді қайта қалпына келтіруді тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы вокзал маңындағы «Алаш» алеясына аялдады. Көпшілік орынның жай-күйіне бақылау жасап, қоғамдық орынды күтіп ұстап, айналасын абаттандыру мәселесін қолға алуды жүктеді.

Қазіргі таңда қала тұрғындары мен қонақтарының жиі аялдайтын жері «Балықшылар» алеясы екені белгілі. Аудан әкімі мұндағы кейбір дүниелердің күтусіз қалып, назардан тыс қалғанын атап өтті. Әсіресе орта тұсындағы шағын субұрқақ алаңының іші ластанып, сыртқы бөліктері сыр бере бастағанын сынға алды. Шағын ойын алаңының да жағдай мәз емес екенін жеткізіп, жауаптыларға көпшілік орындары күтіп ұстап, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын ұдайы жүргізіп тұруды тапсырды.

Аудан әкімі кезекті сапарында №19 Арал ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің бокс залы аумағында жаңадан салынған шағын футбол алаңын көрді. Жауаптыларға жергілікті бюджет көздерінен тыс демеушілік есебінен салынатын мұндай ойын алаңдары мен қоғамдық орындар және әлеуметтік нысандардың санын алдағы уақытта көбейтіп, ауданға инвестиция тарту жұмыстарын қарқынды қолға алу керектігін тапсырды.

Сонымен қатар құрылыс жұмыстары жүріп жатқан темір жол вокзалына аялдады. Онда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысып, бірінші кезекте әлеуметтік нысанның сапасы барлық талаптарға сай болуы керектігін атап өтті. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме өкілдерімен кездесу барысында қауіпсіздік талаптары мен сапаға мән беріп, жұмысты тиянақты әрі уақытылы аяқтауға күш салу керектігін жеткізді.

Жаз мезгілі болғандықтан тұрғындар мен балалар уақытының көп бөлігін осындай алеялар мен ойын алаңдарында және көпшілік қоғамдық орындарда өткізетінін айтып, қала аумағындағы мұндай орындардың жай-күйін ұдайы назарда ұстау керектігін атап өтті.

Кемшіліктер орын алған жағдайда дереу қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керектігін жауапты тұлғаларға ескертті.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы аудан көлемінде жүргізілген сенбілік жұмыстары жоғары деңгейде қолға алынуы керектігін, қоршаған ортаға қамқорлық, туған өлкені тазарту, көгалдандыру сынды жұмыстар әлі де жалғасын таба беретінін жеткізді.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: