Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас сарбаздар жарады

26.05.2022, 18:00 334

Қарулы күштердің 30 жылдығы аясында Қызылорда гарнизонында өткен «Айбын – 2022» VIII облыстық әскери-патриоттық жастар жиынында Сыр өңірінің сарбаздары бағын сынады.

Аталған іс-шара 20-25 маусым күндері Қарағанды облысындағы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің «Спасск» оқу орталығында өтетін дәстүрлі «Айбын-2022» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына жас сарбаздарды іріктеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Сайысқа Қызылорда облысының 7 ауданынан және Қызылорда қаласынан келген жалпы саны 120 оқушы қатысты. Жиын ережесіне сәйкес, әр облыстан 15 оқушы, яғни, 10 ер, 5 қыз бала анықталып, облыс намысын қорғайтын болады.

Жастар әскери-қолданбалы спорт түрлерінен, плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныс жинағы мен газқағарды уақытқа кию, әскерилендірілген эстафета және АК-74 автоматын бөлшектеу, жинақтау сынды жарыс түрлерінен нормативтер тапсырды.

 – Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шараға талантты жастар қатысуда. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда нәтижелер анағұрлым жақсы деуге болады. Тартысты өткен іріктеу сайысынан анықталған 10 ер баламыз бен 5 қыз баламыз алдағы республикалық сайыста жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенемін, – деді Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті Қарулы күштер ардагерлерімен жұмыс және әскери-патриоттық жұмыс қызметінің бастығы майор Ерлан Абдуллаев.

«Айбын – 2022» VIII облыстық әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы бойынша жалпы командалық жүлделі 1 орынды Арал ауданының командасы иеленді. Ал 2 орынға Қызылорда қаласының командасы табан тіресе, 3 орынға Жаңақорған ауданының командасы лайық деп танылды.

Сайыстарда жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар болды. Атап айтсақ, Арал ауданы атынан қатысқан 10 сынып оқушысы Ақпейіл Жамсапқызы арқаға жатып денені көтеруді 1 минутта 58 мәрте орындап, қатысушылар арасынан үздік атанды. Жаңақорған ауданының 10 сынып оқушысы Саят Шәрібек белтемірде 30 мәрте тартылып, қарсыластарынан алда болды.

Жеңімпаз командалар мен жекелей сайыстар бойынша орын алған жастар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мұхит Қонаров,

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: