Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оқушылар Ауған соғысының ардагерлерімен кездесті

19.02.2024, 9:50 162

HALYQLINE.KZ

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай атаулы күн қарсаңында Қармақшы ауданы №105 мектеп-лицейінде Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Оған аудандық «Ауған соғысының ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері Асқар Ерманов, Ауған соғысының ардагерлері Қуаныш Айқодықов, Ержан Жесіғұлов және Серік Өмірзақов қатысты.

Өмір сүре білудің қадірін бір білсе, бейбіт күнде соғыс отын көріп келген осы жандар білер. Сондықтан Ауған ардагерлері достықты, туыстықты, денсаулықты – жалпы өмірдің мәнін жоғары қояды. Ардагерлеріміздің әрбір сөзі, әрбір іс-әрекеті – кейінгі ұрпаққа үлгі.

Осы мақсатта Ауған соғысы ардагерлері өзінің басынан өткерген қиын-қыстау күндерден, жауынгерлік жылдарынан естеліктер айтып, әскердегі қызмет жолынан біраз әңгіме тарқатып, оқушыларды Отанды сүюге, оған адал қызмет етуге шақырып, жас өрендеріміздің патриоттық сезімдерін арттыра түсті.

Ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жауынгерлердің әңгімесінен әсерленіп шыққан жас балалардың көзінен ерекше ұшқын байқалды. Бұл – ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты орындалды деген сөз. Жауынгерлер сөзі жас буынның санасына ой салды, жүрегіне жетті. Басты мақсат та сол еді. Майдангер азаматтар қашанда жастарымызды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір өмір мектебі десек, Ауған соғысы ардагерлерінің ерлік істерін жас өрендеріміздің бойына сіңіріп, өзінің елі мен жерін сүйетін шәкірттерді тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз.

Кездесу барысында белсенді оқушылар Ауған соғысына қатысқан батыр жерлестеріміз жайлы слайд арқылы мәліметтер берді. Сонымен қатар балалар өз өнерлерін ортаға салып, жырдан шашу шашты. Кездесуді №105 мектеп-лицейінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Қозыбақов қорытындылап, сәнінен гөрі мән-мағынасы жоғары іс-шараға алтын уақыттарын бөліп арнайы келіп қатысқан Ауған соғысының ардагерлеріне ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді. Ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батырларымыз әрқашан жастардың жадында сақталатынын айтып өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: