Тәуелсіз Қазақстанның айбары – әскери қарулы күштер құрамы. Өскелең ұрпақ әскерге барып, Отан алдындағы қасиетті парызын өтеуге ұмтылуы үшін оларға оның маңыздылығын жастайынан түсіндіру қажет. Жауынгер болу жігіттің жігерін жаниды, жауапкершілікке баулиды. Ел қорғайтын азаматтарымыз барында тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыз, тыныштығымыз бен бірлігіміз үстемдік құрмақ.
Тәуелсіз елдің кез келген азаматы Отан қорғауға қабілетті, өз елінің патриоты болуы тиіс. Сондықтан Отан алдындағы борышын өтеуді әр азамат парызым деп түсінгені жөн. Мемлекет өр ұландарымен, айбынды жауынгерлерімен мықты. Сондықтан әскер қатарындағы ұландарымызға артылған сенім мен жүктелген жауапкершілік мол. Алайда соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздық танытып, тұра қашатындар қатары көбеймесе, азаяр емес. Мұның сыры неде? Әлде «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп жұртшылық айтқандай, болған жайды жасырып, жаба тоқитындары рас па?
Мұның себебін әркім әртүрлі айтады. Осы орайда мәселенің мән-маңызын жан-жақты зерделеп көрдік. Айтылған ойдың дұрысы мен бұрысын сараптауды оқырман еншісіне қалдырдық.
БИЫЛ 900-дей СЫРБОЙЫЛЫҚ АЗАМАТ БОРЫШЫН ӨТЕЙДІ
Облыста көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жүріп жатыр. Биыл көктемде 900-ге жуық сырбойылық азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұлов айтты.
– 1 наурыз бен 30 маусым аралығында 18-27 жастағы 900-ге жуық қызылордалық азамат еліміздің Қарулы күштері мен әскери құрылымдарында қызметін өтейді. Нақтырақ айтқанда, 120-ға жуық азамат ҚР ҰҚК Шекара қызметіне, 430 азамат ҚР Қарулы күштерінің қатарына, 270-і Ұлттық ұланға жіберіледі. Сонымен қатар, 15-ке жуық сарбаз Мемлекеттік күзет қызметіне, ал 20-ға жуық азамат Төтенше жағдайлар министрлігіне жолданады. Қазіргі таңда ҚР ҰҚК Шекара қызметіне аттандыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, Қызылорда облысы бойынша 80-ге жуық азамат әскери борышын өтеуге жөнелтілді. Айта кету керек, сарбаздардың мерзімді қызмет кезінде несие мерзімін 1 жылға тоқтатуға және білім беру секторында жеңілдіктер қарастырылған, – деді Жасұлан Бөгенбайұлы баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде.
Иә, расымен де бұл бір мекеменің міндетіндегі іс емес. Бүтін бір елдің межелі мақсаты. Өйткені Отан деген ордалы шаңырақтың қасиеті мен қорғаны ер-азаматтары екені шүбәсіз. Отансүйгіштік сезім отбасында қалыптасады. Ол өсе келе адам бойына рух беріп, туған жерін қастер тұтып, құрметтеуді үйретеді. Сондықтан сап құрып сарбаз болу – әрбір жігітке жүктелетін жауапкершілік.
ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ МЕКТЕПТЕН БАСТАЛАДЫ
– Жалпы мектепте алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні жыл көлемінде 34 сағатты құрайды, яғни сабақ аптасына бір мәрте ғана болады. Оқушылардың пәнге қызығушылығы жоғары. Сабақ теориялық және практикалық бөлімдерден тұрады. 10-сынып ер балалары сәуір айында теориялық білімді шыңдау мақсатында 5 күндік оқу дала жиынына практикалық сабаққа тартылады. Оқушыларымыз облыстық, республикалық жарыстарға көптеп қатысып жүр. Оқушыларға түрлі патриоттық іс-шара, танымдық дәріс, кездесу кештері жиі ұйымдастырылып келеді.
Мектеп шәкірттерін әскери мамандыққа қызықтыру мақсатында облыстық жастар орталығы, облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқармамен және жергілікті әскери бөлімдермен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Аптасына бір мәрте болатын сабақ аздық етеді. Саптық дайындық сабағы жыл көлеміне 3-4 сағат ғана бөлінген. Оқушы саптық жүрісті толық меңгермейді. Әскерге барған жастарымыз саптық қалыпты, қаруды үйреніп барса деген ойдамын.
Оқу орнындағы әскери материалдық-техникалық базаның рөлі ерекше саналады. Көрнекілік құрал-жабдықтар ескірген, жарамсыз күйде. Осының салдарынан әскери тақырыптар толық ашылмайды. Қарапайым АК-74 қаруы макеті тапшы. Әр мектепке бір данадан. Жиырма жыл бойы оқушы жаттығу жасап, қару жарамсыз күйге келіп жатыр. Оқушыларды пән арқылы әскерге қызықтыру сапалы білім мен жаңаша әскери құрал-жабдықтарға тікелей байланысты. Алғашқы әскери дайындық пәні жайлы ұдайы айтылып жүр. Бұл – мәңгілік тақырып, – дейді І.Қабылов атындағы №12 IT-мектеп-лицейінің «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні мұғалімі Нұркен Күндәулетов.
ОТАНСҮЙГІШТІК СЕЗІМ ОТБАСЫНДА СІҢЕДІ
Тақырып төңірегінде қоғам қайраткері, облыстық «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сайлаубай Әбішовтің де пікірін білген болатынбыз.
Еңбек ардагерінің айтуынша, жастардың рухани әлсіз болуы – отбасындағы тәрбиенің төмендігінен. Отансүйгіштік сезім ол қарапайымдылықтан бастау алады. Әскерге бару – ұлтына қамқорлық көрсетіп, азаматтық борышын өтеу.
– Отан. Бұл сөздің астарына тереңдей ой жібере бастасақ, шексіз әлемге сапар шеккендей боласың. Отан атаулы киелі сөздің әрбір отбасынан бастау алатынын бір сәт те естен шығармасақ екен. Мемлекеттің қуатты болуы, қорғаныс саласында өзін-өзі қорғай алатындай қабілетке ие болуы ел азаматтарының туған жеріне деген баға жетпес сүйіспеншілігінде жатқанын сезінуге тиіспіз. Сонымен, елдің тыныштығын қалай қамтамасыз ете аламыз?! Қазіргі қалыптасқан әлемдегі жағдайларға байланысты бүкіл қазақстандық азаматтың, қазақ жастарының патриоттық сезімдерін қалай оята аламыз, жігерлендіре аламыз, деген ой мазалайтыны рас. Қазақстан Республикасының Ата заңының «Адам және азамат» бөлімі 36-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп атап көрсетілген.
Туған жерімізді, Отанымызды арам пиғылды жаудан қорғау, ата-бабалар аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің перзенттік борышымыз. Осы ретте айтуымыз керек, біз осы қолда бар мүмкіндігімізді қалай пайдаланып отырмыз? Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарында халқымыздың тарихи тұлғаларына арнап қаншама тұғырлы ескерткіштер орнаттық, олардың айтып кеткен ұлағатты өсиет сөздерін кейінгі ұрпаққа қалай жеткізіп жатырмыз? Жыл сайын жүздеген жас Отан қорғау сапына жіберіледі, осы сәттегі қалыптасқан көріністерді көз алдыңызға елестетіп көріңіз, көңіліңіз тола ма? Қобыланды батыр, Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа батыр, Бұқарбай батыр, Аманкелді батыр, «Анаға тағзым», Бегім ана ескерткіштерінің жастарға патриоттық тәрбие берудегі, әсіресе әскер қатарына өзінің азаматтық борышын атқаруға шығарып салу сәтін болашақ Отан қорғаушы жауынгерлердің мәңгі есінде қалатындай етіп ұйымдастыра білуіміз керек-ақ.
«Отан – Ана» деген киелі сөздің шын мәніндегі мағынасын аналардың аманат – ақ батасымен: «Ұлым, әрдайым қырағы бол!», абыз ақсақалдардың: «Ата-бабалар аманатын орындау сендердің туған жер перзенттерінің азаматтық міндеттері, борышы екенін әрдайым есте сақтаңдар» деген ұлағатты сөздерді есту, олар үшін туған жерге, ата-анаға деген патриоттық сезімдерін оятып, жігерлендіре түсетіні айдан анық. Қазақ елінің мәртебелі жауынгері атану мемлекетіміздің іргетасын берік нығайтып, рухымызды асқақтату ата-бабалар аманаты деп түсінуіміз керек, – дейді ардагер.
«ЖАС САРБАЗ» ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫ ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУГЕ РУХТАНДЫРАДЫ
– «Жас сарбаз» – Қазақстандағы әскери-патриоттық жастар қозғалысы. Оның мақсаты – өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін нығайту, әскери-спорттық дайындықты жетілдіру және жастарды Отанға қызмет етуге рухтандыру. Қызылорда облысында «Жас сарбаз» қозғалысы 2018 жылдан бастап белсенді жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде аймақ жастары әскери-патриоттық бағытта көптеген жетістікке жетті. Атап айтқанда, Қызылорда облысының «Сыр айбын» командасы 2023 жылы өткен халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жастар жиынында жалпы командалық есепте 1-орынға ие болды. Сонымен қатар, 2024 жылы өткен «Айбын-2024» жиынында белтемірге тартылу сайысында да жалпы командалық есепте жарыс жеңімпазы атанды. Бұл – «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысы ұйымының ғана емес, өңіріміздің абыройы. Осы арқылы жастарымызды жақсы әскери бағытқа дұрыс тәрбиелеудеміз.
Қозғалыс аясында әскери дайындық сабақтары, тактикалық ойындар, спорттық жарыстар, саптық жаттығулар және әскери-патриоттық лагерьлер ұйымдастырылады. Жас сарбаздар әскери бөлімдерге экскурсия жасап, тәжірибелі әскерилермен кездесіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болуда. Осылайша, «Жас сарбаз» қозғалысы Қазақстан жастарының патриоттық рухын көтеруде және әскери дағдыларды дамытуда маңызды рөл атқарады, – дейді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жасұлан Жаңабай бізбен әңгімесінде.
ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
Иә, жалпақ тілмен айтқанда әскери өмір тез ойлануға және оңтайлы сәттерде дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Ол адам өмірінде отбасылық сәттерде аса қажет. Қазір барлық әскери бөлім бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Сондықтан сарбаз саулығы мен құқығы барынша қорғалған деуге негіз бар. Сондай-ақ бүгінде елімізде азаматтардың әскери борышын өтеуге барлық жағдай жасалған. Азаматтық борышын өтеп келген кейбір отандасымыз қайтадан әскери қызметке келісімшарт бойынша еңбек етуге алынып жатыр. Бұл нені білдіреді? Олар – әскери өмірдің ыстық-суығына көніп, құрыштай шыңдалған нағыз ерлер. Ал әскер расымен де анау айтқандай қиын болса, онда ешкім де бармасы белгілі ғой. Бұдан шығар нәтиже, үйде отырып одан-бұдан қорқақтап, Отанын қорғаудан қашқақтағаннан бойыңды тік көтеріп барып, ерге тән елін қорғап қайтқан абзалырақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Отанды сүю – иманнан». Отан – ол отбасың. Жазылған жайдан ой түю – әркімнің өз еншісінде.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
«Халықтың» коллажы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!