Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арбаға таңылған досын меккеге жіберген жігіттің ерлігі

04.06.2026, 6:40 82

«Мұсылман баласы қажылыққа аяғымен емес, шынайы ниетімен жетеді. Сондықтан әрқашан жақсы ниетте болыңыздар. Арман-ниетіңіз ұлық болса, Алла қаласа, біз тұрған қасиетті Мекке қаласына қалай келгеніңізді  білмей  де қаласыз».

Қажылық сапарында жүрген кезі­мізде ұстаздардың бірі айтқан осы насихат әлі жадымда сақтаулы. Қолында қаражаты болмаса да Алладан үміті зор мүгедектігі бар жігіттің қажылыққа барған оқиғасын естігенде, Құдайдың құдіретіне тағы да таңғалдық. Игі істің басы-қасында болған ауыл имамы ғибратты оқи­ғаны  былайша  әңгімелеп  берді.

«Біздің ауылдан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Сарыкөлден 15 жігіт келіп дәріс алады. Дәріс соңында бір шәкіртім: «Ұстаз, біздің ауылда мүгедектігі бар жігіт бар. «Неге мен осындай күйге түсіп қалдым?» деген сұрақтың жауабын іздеп жүр. Реті келсе, көңілін сұрап, жанына демеу болып қайтсақ қайтеді?», — деді. Бірден келістім. Сыйлығымыз­ды алып, арбаға таңылған жігіттің үйіне бардық. Құрылыста жүргенде үлкен ағаш беліне құлап, омыртқасын зақымдапты. Содан екі аяғы сал боп қалған, тіпті дәретін де сезбейді екен…

Сынаққа сабыр етудің жемістері жайлы ізгілердің: «Егер осы жағ­дайыңа Құдай үшін сабыр етсең, мәңгілік мекеніңде Алланың дидарын бірінші көрушілердің қатарында боласың» деген насихатын айта келе: «Алла Тағаланың мейірімі ата-­анамыздың мейірімінен әлдеқайда артық емес пе? Жаман деп ойлаған нәрсеміз біз үшін жақсы  болуы  мүмкін.

Бәлкім Алла осы сынақ арқылы сізді кеңшілігіне кенелткісі келіп тұрған шығар?! Біз білмейміз ғой. Егер шынайы ниетпен қазіргі хәліңізге риза болып, сабыр етсеңіз, Алла қаласа, жалған өмірде мына жерді баса алмаған осы екі аяқпен жәннатта жүресіз. Алладан соны тілейміз, сіз үшін арнайы дұға жасаймыз», — дедім. Осы насихаттан кейін өзі де, анасы да еңкілдеп жылап  жібер­ді…

Бауырымыз кездесуден қатты әсер алған секілді. Көп ұзамай арада дәнекер боп жүрген шәкіртіме хабар­ласып: «Имамның мына сөзінен кейін ақыл-есі дұрыс емес адам ғана намаз оқымайтын шығар» депті. Бір күні жұма намазы алдында әлгі мүгедектігі бар жігіт мешітімізге жер бауырлап кірді. Жігіттер атып тұрып, арбасына отырғызып, көмектесіп жатыр.

Жұма намаздан соң біраз әңгімелестік. Сәждеге жығылып, бес уақыт намаз бастағанын қуанышпен жеткізді. Бәріміз қатты риза болдық. «Сіз нағыз ер жігіт екенсіз. Рухани мүгедек адам ғана мешітке кірмейді, басын сәждеге тигізбейді» деп жігерлендірдік.

Арада біраз уақыт өтті. Ара-тұра сол бауырымды ойлап қоямын. Оны Меккеге жіберіп, алғысын алсақ қайтеді деген ой көкейімнен кетпей қойды. Бұл ойымды жақын араласатын кейбір жігіттерге ғана айтқам. Бір күні қажылық компаниясынан ұсыныс түсіп, қажыларға ұстаздық ету мақсатымен қасиетті Меккеге бардық.

Біздің топпен барған кісілер қажылық туралы кітапты толық оқы­мап­ты. Елге келген соң сол кітаптан тест дайындап, жарыс ұйым­дастыру туралы ой тастадым. Бұл бастаманы қажылардың бәрі қолдай кетті. Мұны естіген қажылық компания­сының жетекшісі: «Бұл істеріңіз маған ұнады. Бірінші орын алған кісіге кіші қажылыққа тегін жолдама беремін» деп шәкірттерді одан са­йын  қызықтырып,  құлшындырды.

Қажылықтан аман-есен елге келдік. Арада бір ай өткенде өзара уәде­лескеніміздей, қажылық кітабына қатысты жарыс ұйымдастырдық. Жарыс алдында бір шәкірт күтпеген жерден жеке келіп: «Бүгін бірінші орын Османға бұйыратын сияқты, ұстаз» деді. «Мұны қайдан шығардыңыз?» деп сұрағанымда: «Оны түсімде  көрдім» деді. Аң-таң болдым. Сонымен Алланың қалауымен Осман жарыстың үш туры бойынша ең  жоғары балл жинап, бәрінен озып  жеңіске  жетті.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде кіші қажылық сертификатын Османға табыстадық. Осы сәтті пайдаланған ол: «Қағба қасында: «Егер бірінші орын алсам, кіші қажылық жолдамасын сіз айтқан мүгедектігі бар жігітке сыйлаймын» деп Аллаға уәде берген едім. Дәл қазір сол уәдемді орындаудың сәті келді», — деді.

Қажылар түсінбей қалды. Мүгедектігі бар бауырымызды ешқайсысы танымайды. Тіпті Осман да оны көрмеген. Ал мен мүгедектігі бар жігіт­ті қажылыққа жібергім келетінім туралы Османға айтқан сөзімді ұмытып та қалғам. Оның шынайы ниеті, бауырға жанашырлығы, ерлікке бергісіз амалы бәріміздің ет жүрегімізді елжіретіп, көңілімізді босатып, кө­зі­мізге  жас  үйірді.

Осындай тосынсыймен қамкөңіл жанды қуантуға асықтық. Сертифи­катты алып, мүгедектігі бар бауырымыздың үйіне құстай ұштық. «Алла Тағала сізді Өзінің үйіне қонаққа шақырып тұр. Қажылыққа баруыңыз­ға Осман бауырыңыз себепші болды» деп сертификатты қолына ұстатқанымда қатты құшақтап, ұзақ уақыт жібермей жылады. Осы сәтке куә болған баршамыз көз жасымызға ерік  бердік…

Ғибратты оқиғаны телефонға түсіріп, статусқа қойғанымда қаншама адам хабарласып, ерекше әсер алғанын жеткізді. Мүгедектігі бар жігіт: «Намазымда Алладан Қағбаны көруді, қажылық жасауды қатты сұрап едім. Құдай сұрағанымды берді. Енді ешқандай арманым жоқ. Сіздердей жанашыр аға-бауырларды жолықтырған Аллаға сансыз шүкір айтамын», — деген кезде жүрегіміз ерекше сезімге толды. Жақсылық жасаған соң пайда болатын, яғни тілмен жеткізе алмайтын сезімге бөлендік.  Аллаға  шүкір!

Бір уайымнан арылып, жүрекке тыныштық  орнаған сәтте екінші уайым мазалады. Мүгедектігі бар жігіт­тің қасына біреуді қосып жібермесе тағы болмайды. Онымен танысуға себепші болған Дархан бауы­рымды қоса жібергім келді. Оның үстіне намаз бастауына себепші болған еді. Осы бір түйіннің күр­меуін шешуді Құдайдан тілеп, ұйықтап қалғам. Таңертең бір шәкіртім хабарласып: «Уақытыңыз болса, таңғы шайды бірге ішсек. Сізбен  ақылдасатын шаруа бар еді», — деді. Бірден келістім. Хасен мен Медет шәкіртім көп ұзамай  келіскен  мекенжайға  келді.

Хасен: «Османның жағдайын жақсы білесіз. Әкесі жаман аурумен ауырады. Өзі біраз адамнан қарыз алған. Қолында артық ақшасы болмаса да, Аллаға тәуекел етіп, мүге­дектігі бар  бауырының  жүрегіне қуа­ныш сыйлады. Біз одан өзі қиналып  тұрса да, танымайтын мұсылман бауыры үшін құрбандық жасау­дың маңызын түсіндік. Қаражатын реттеп, қасына Дарханды қосып жібер­сек  деп  отырмыз», — деді.

Не айтарымды білмей: «Қаражат жағын қалай шешесіздер?» — дегенімде: «Менде жүз мың, мына кісіде жүз мың бар. Қалғанын қарыз­ға  ала тұрамыз», — деп жауап берді. «Жігіт­тер, бұлай болмайды. Қарыз алып, қиналып қаласыздар. Бір реті табылар», — дедім. Олар ниетінен қайтпайтынын, өздерінің бір есебі бар екенін айтты. Сөйтіп кешке мешіт жамағатымен дастарқан басында Дарханға тосынсый жасап, кіші қажылықтың сертификатын табыс­тайтын  болып  келістік.

Уәде бойынша кешқұрым шәкірттермен бас қостық. Оларға: «Бауырлар, өздеріңіз жақсы білесіздер, Қойшыбайдың екі аяғы сал болса да оны мешітке тасып, бес уақыт намаз бастауына Дархан бауырымыз себепші болды. Енді Алланың қалауымен Қойшыбайдың себепкерлігімен Дархан досымыз қажылыққа бармақшы. Міне, бұл – кіші қажылыққа жолдама», — деп сертификатты Дарханның қолына ұстаттым. Мұндайды ешкім күтпесе керек. Бәрі мәре-сәре боп, Дархан мен Қойшыбайды құшақтап, құттықтап, демеуші азаматтарға алғысын жаудырды.

Құдайдың құдіретін қараңызшы, сертификатты сенбі күні тапсырдық. Дүйсенбі күні түнде білімді, тәжірибелі таныс имам жетекшілік ететін топ Меккеге ұшады. Сол имаммен Дархан мен Қойшыбайды жібергім келді. Қажылар Түркістан арқылы ұшады. Біз Астанадамыз. Екі жігіттің шетелге шығатын төлқұжаты жоқ екен. Дүйсенбі түске дейін төлқұжат алуымыз керек. Түстен кейін Түркістанға  ұшақ  бар.

Аллаға тәуекел етіп, әуелі Түркістанға билет алдық. Қойшыбай мен Дархан дүйсенбі күні таңғы алтыда отбасымен қоштасып, Сарыкөлден Астанаға келді. Таңертең тоғызда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жігіттер төлқұжатқа суретке түсіп, ең шұғыл да­йын болатын мерзімге ақша төледік. Орта­лық қызметкері егер сағат 12:30-да келетін курьермен жіберсе, сол уақытта төлқұжат қолымызға тиетінін ескертті. Одан кейінгі  жеткізу уақыты  сағат 15:30-да  екен.

Төлқұжат сағат 12:30-да келмесе, ұшаққа үлгермей қаламыз. Сонымен мемлекеттік қызметте істейтін таныс біткеннің бәріне хабарласып шықтық. Құжаттарымызды тезірек әзірлеп беруін өтіндік. Сағат 11:30 болды. Қобалжи бастадық. Қажылық компаниясынан менеджер хабарласып: «Сіздер қатты тәуекел етіп тұрсыздар. 700 мың теңгеге екі адамға билет алдық. Егер Түркістанға жете алмасаңыздар, билеттеріңіз күйіп кетеді», — деп  ескертті.

Жігіттер одан сайын қобалжи түсті. Демеуші болған кісілерге: «Бауыр­лар, Алла үшін бастаған ісіміз зая кетпейді. Алла бізді далаға тастамайды. Құдай қаласа, бәрі шешіледі», — деп елең-алаң көңілін басқандай  болдым.

Жарты сағат өткен соң ватсабымызға төлқұжаттың адам суреті жоқ нұсқалары түсті. Таныс ағаларымыз базадан тікелей бізге жіберді. Сол нұсқаны шұғыл қажылық фирмасының қызметкеріне жібердік. Себебі тездетіп виза шығаруы тиіс. Енді төлқұжат қолға тимей жатыр. Ал сағат тілі 14:30-ды көрсетіп тұр. Ұшаққа отырғызу уақыты – 16:30. Үздіксіз  дұға  жасадық.

Шығарып салуға келген 15 жігіт Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үздіксіз салауат айтуда. Ұшақтың ұшуына дәл бір сағат қалғанда төлқұжатты алдық. Алды-артымызға қарамай әуежайға тарттық. Құдайдың құдіретімен екі бауырымыз сол түні Түркістаннан Меккеге ұшты…

Сол топта Дархан мен Қойшыбайдан бөлек екі жігіт болды. Ұшар алдында үшеуін шетке шақырып: «Мына бауырларың өздеріңізге аманат», — деп қысқа қайырдым. Үшеуі қонақүйде бір нөмірге орналасып, кезек-кезек Қойшыбайдың қызметінде болыпты. Үлкен дәретке шықса тазалап, бұтындағы жая­лығын  ауыстырып, мейірімін төгіпті.

Бір кезде қажылық тобының жетекшісі: «Жігіттер, Қойшыбайды басқа нөмірге ауыстыруға қалай қарайсыздар? Өзгелер де сауап алсын», — дегенде: «Бұл ұсынысты ешкімге айта көрмеңіз. Біз бауырымызды ешкімге бермейміз. Сапардың соңына дейін қасымызда болады. Ол – бізге аманат. Мұндай сауапты ешкіммен бөлісе алмаймыз», — деп жауап беріпті. Бұл жауапқа таңғалған топ жетекшісі «кейбір кісілер өзінің туған бауырын осылай күтпейтін  шығар»  деген ойға  қалыпты.

Расында Алла Тағала кімді қаласа, оны ешқандай кедергісіз Меккеге шақырады. Бұған тағы да көзіміз жетті. Бір адамның арманын орындауға, оған қуаныш сыйлауға қаншама кісі ықыласпен көмектесті. Әрқайсысы шынайы ниет пен ықыласына қарай сауап алды. Бәрінен бұрын Қойшыбайдың қажылыққа баруына негізгі себепкер – Османның ерлігі, ықыласы көптеген кісінің ойын өзгертті, ізгі істерге түрткі болды. Жақсылық жасаудың дәмін бір татқан адам ол ісінен ешқашан бас тартпайды.

Баяғыда үлкен әжеміз: «Бүкіл өміріңді көз алдыңнан өткізіп, қиналып босанған соң сәбиді құшағыңа алғанда тоғыз ай бойы көтеріп жүргенде сезінген ауыртпалықтың бәрін сол сәтте-ақ ұмытып кетуші едім» дейтін. Сол айтпақшы, қаншама сынақты бастан кешіп, Қойшыбайды ұлы сапарға аттандырған соң «Меккеге жеттік» деген хабарды естіген сәтте-ақ бүкіл қиналған кездер естен тарс шығып кеткендей сезімде болдық. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес». Имам  сөзін  осылай  түйіндеді.

Оның әңгімесінен біз де мол ғибрат алдық. Осы сәтте ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өзіне қалағанды мұсылман бауы­рына да қаламайынша, толық иман еткен болмайды» деген хадисі еске түсті. Бұл хадис туралы кей ғалым­дар: «Бағалы ғұмырын бос істерге зая етуден сақтану үшін осы хадис жеткілікті» деген екен. Адам әуелі жақсылықты өзіне қалайды. Өзімізге қалаған нәрсені өзгеге де қалайтын дәрежеге жету баға жетпес өмірімізді ізгі  істерге  арнауға  жетелейді  екен.

Бұл оқиғадан жақсы істің қарымы тек жақсылық екенін түсіндім. Дархан Қойшыбайға жақсылық жасау арқылы өзі де игілікке кенелді, яғни онымен бірге қажылық жасау бақытына  ие  болды.

Расында Алла жолында не жұмсасақ, Хақ Тағала оның орнын еселеп толтырады. Жаратушы Иеміз Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол – ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят)  дейді.

Бұл аятқа күмәнсіз сенген, яғни Алланың құлдарына берген уәдесін ешқашан бұзбайтынына имандай иланған пенде діндес бауырының жүрегіне қуаныш ұялатуға, осы жолда барын салуға шын бекінеді және дүние-мүлкінің ең жақсысын жұмсайды. Өйткені өзі ұнатқан дүниесін Алланың разылығы үшін қиып берген адам шынайы тақуалыққа, ізгілікке қол жеткізеді.

Бұған қатысты айтылған мына аят әрбір мұсылманды өзіне тиесілі нәрсенің жақсысын жұмсауға тәрбиелейді. Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Тапқан табыс пен өндірген өнімдеріңнің және сендер үшін жерден шығарған өнімдеріміздің жақсы әрі адалынан садақа беріңдер. Садақаны өздеріңе (берілсе ұнатпайтындай) қадірсіз нашар дүниеден беруге тырыс­паңдар» («Бақара» сүресі, 267-аят) делінген.

Имамның баяндап берген оқиғасынан алған өнегенің тағы бірі – ізгілермен дос болу. Қойшыбайдың қажылық сертификатын алып: «Сіздердей жанашыр аға-бауырларды жолықтырған Аллаға сансыз шүкір айтамын», — деп оларды ұзақ құшақтап тұрып қалуы тегін емес. Өткінші мына өмірде ең қиын істің бірі – ізгі дос табу, одан да қиын нәрсе – ізгі досыңды жоғалту. Имам Шафиғидің (Алла оны рақымына алсын): «Сенің имандылық жолында досың болса, оған мықтап жармас, өйткені ондай жолдас табу қиын, жоғалту оңай» деген сөзі көп нәрсені аңғартса  керек.

Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) шыншыл, ізгі дос табуды иман байлығынан кейінгі ең ұлы нығметке  балаған  екен.

Бұл оқиғадан бауырыңа шынайы жанашырлық танытып, оны уайым­дасаң, Алла ойға алған ізгі ісіңді оңғаратынын түсіндік. Дархан Қойшыбайдың «Неге мен осындай күйге түсіп қалдым?» деген сұрағына жауап іздеу мақсатында оны имамға жолықтырды. Нәтижесінде намазға жығылуына себепші болды. Имамның ықыласпен айтқан насихаты да Қойшыбайдың  тағдырын  өзгертті.

Мүгедектігі бар жігіттің: «Имамның мына сөзінен кейін ақыл-есі дұрыс емес адам ғана намаз оқымайтын шығар» деген сөзі – нәтиженің айқын көрінісі. Насихат айтуды өтінген адамға жауап беру – мұсылманның мұсылман алдындағы ақысының  бірі.

Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Егер біреу сенен насихат айтуды, тура бағыт көрсетуді сұраса, онда оған насихат айт, оны тура жолға бағытта, жағымпаз­данушы болма, алдама және насихат айтуға сараңдық жасама» деген екен.

Алла Тағала осы оқиғадан өмірі­мізге өнеге алып, жүрегімізге ізгілік дәнінің  егілуін  нәсіп  еткей.  Әмин!

Ағабек  ҚОНАРБАЙҰЛЫ.

(Жалғасы  бар)

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: