Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тарихи ғимараттың жаңа келбеті

28.06.2026, 16:47 32

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Искалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртудан өткен Қазалы теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, жол-көлік инфрақұрылымын дамытудағы бастамалар, оларды жүзеге асырудың маңыздылығы туралы айтты.

«Сыр өңірі тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан аймағымыздан халықаралық және өңіраралық теміржол бағыттарымен мыңдаған жолаушы, шетелдік туристер қатынайды.
Бүгін біз ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалын ресми түрде іске қосамыз. Күніне 350 жолаушы келіп-кететін, аумағы 8 860 шаршы метр ғимарат 1 млрд. 290 млн.теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылды. Жаңа нысанда аудан тұрғындары мен қонақтарына сапалы қызмет көрсетіледі деп сенемін», — деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Ашылу салтанатында Марат Искалиев пен Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов сөз сөйлеп, теміржол саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылып жатыр.
Қызылорда облысының аумағындағы вокзалдар өткен ғасырдың басындағы «Орынбор-Ташкент» магистралі жүргізілген кезеңде салынған. Тарихи ғимараттарды жаңғыртылатын нысандар тізіміне енгізу сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен жүзеге асты. Барлық аудан орталығындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы вокзалдарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын жаңғыртуға 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Қазалы теміржол вокзалы – жай нысан емес, ғасырлық тарихтың куәсі, ауданның өсіп-өркендеу жолындағы маңызды символдардың бірі. Іргетасы ХХ ғасырдың басында Ақирек тауынан қашалып, түйе керуенімен жеткізілген тастан қаланған екен. Қабырғасы күйдірілген кірпіштен өрілген. Ерекше сәулетімен дараланған бұл ғимарат 1980 жылы архитектуралық ескерткіш ретінде арнайы есепке алынған.
Бүгінде Қазалы ауданының аумағында 91 шақырым теміржол желісі бар, тәулігіне 12 жолаушылар пойызы өтеді.
Соңғы рет 2013 жылы жөндеуден өткен. Былтыр сәуір айында «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен «Бақ Береке» ЖШС ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын күшейтіп, шатырын толық жаңартты. Есік-терезелерін ауыстырып, күту залдарын заманауи талаптарға сай жабдықтады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта жасалып, қауіпсіздік жүйелері орнатылды. Ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт бар. Аумағы абаттандырылып, жаңа келбетке ие болды. Маңындағы инфрақұрылымды жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Биыл қаңтар айында теміржол үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді.
Осылайша Әйтеке би кентінің теміржолдың арғы бетінде тұратын 13 мыңнан астам тұрғыны үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынау мүмкіндігі жасалды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: