Өңірде газдандыру, электрмен жабдықтау және жаңартылатын энергия жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қызылорда облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның мәліметінше, бүгінде облыста газдандыру деңгейі 83,2%-ды құрайды. Табиғи газға 704 мыңға жуық тұрғын мен 60 елді мекен қосылған. Биыл 13 жаңа газдандыру жобасын іске асыру басталып, Ақжарма, Сабалақ және Қамыстыбас ауылдарында газ желілерінің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде тағы 6 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.
Кездесуде электр энергетикасын дамыту мәселелері де сөз болды. Өңірде электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысы пайдалануға берілген.
Сондай-ақ Қызылорда облысында жалпы қуаты 129 МВт болатын сегіз жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. 2027 жылдың соңына дейін тағы жеті жоба іске қосылып, олардың жалпы қуаты 210 МВт болады.
Кездесу барысында тұрғындар газ, электр және жылумен қамтуға қатысты сұрақтарын қойып, вице-министр әр мәселе бойынша түсініктеме берді. Оның айтуынша, өңірдің отын-энергетика кешенін дамыту бағытындағы жұмыстар Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында.
Фото: gov.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!