Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтың көбеюіне не кедергі?

04.08.2021, 12:05 776

HALYQLINE.KZ

Кеше кештен бері әлемжелі жарылып, сүйіншілетіп жатыр. Бақсақ, Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетіпті. Бір қарағанда әлемде жерінің үлкендігі жағынан 9-орынды алатын алып еліміз үшін халықтың көп болғаны жақсы. Қуанышты жағдай. Ал екінші қырынан алғанда мәз блып, бөрікті аспанға атудың еш қажеті жоқ. Неге, көрші өзбекті алайық, тәуелсіздік алған жылдары олар 20 миллион еді. Қазір 35 миллионға жетіп, мейманасы тасып отыр. Демек өзбектер 30 жылда 15 миллионғға көбейген. Біз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары 16 миллионның үстінде едік. 30 жылда 3 миллионға көбейіппіз. Осы да қуаныш па? Білмедім. Өзбектен қазақтың несі кем болып қалды? Қазақтың өсіп-өнуіне кім бөгет болып отыр?

Зерделей қарасақ, қазақтың демографиясына тұсау болып отырған қазіргі жүйе секілді. Сәл тереңірек қарасақ, қазақтың жерінде құны АҚШ долларымен есептегенде 10-15 триллион болатын байлық бар. Бұл – зерттелгені. Осыншама ырғын байлық кем дегенде 100 миллион халықты аста-төк асырауға жетеді екен. Бірақ мұндай мол байлықтан қазақ қағылған. Қызығын биліктің маңайына шоғырланған азғантай топ қана көріп отыр. Халық тақыр кедейдің ар жақ, бер жағында ілдалап күн көруде. Әр адам кредитке байланған. Демек күн көрісі қиындаған жұрт бала тууды емес, қалай жан бағуды ойлайды. Яғни демография нолдік деңгейде деуге болады. Бұған өткен ғасырда болған түрлі нәубетті қосыңыз.

Мәселен, 1916 жылғы топалаң, 1918-1920 жылдардағы ақ пен қызылдың айқасы, 1921-1922 жылдардағы 1,5 миллионды қынадай түсірген аштық, 1927-1929 жылдардағы тәркілеу, ұжымдастыру, үркіншілік кезеңі, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық, 3 миллион қазақ ақ сүйек болып далада шашылып қалды, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңі, онда да 25 мың қазақтың оқыған, көзі ашық азаматтары атылып кетті. Осының бәрі қазақтың өсіп-өркендеуіне үлкен бөгет болды. Қазақтың саны кеміді. Егер де осы зұлматтар болмағанда қазіргі күні исі Алаш баласының саны 45-55 миллионның ар жақ-бер жағында болып шалқып отырар еді. Амал қанша. Жарайды бұл өткен тарих. Ал, тәуелсіздік алған кезеңде қазақ неге өсіп-өне алмай отыр? Оның себебін жазбамыздың басында айттық. Биліктің өз еліне, халқына деген көзқарасы түзелмей, халықтың саны еселеп өседі деу күлкілі.

Міне, соның көрсеткіші: 30 жылда 3 миллионға ғана өстік. Ал, өзбектер 15 миллионға көбейді. Қай ел қуануы тиіс, қазақ па, өзбек пе?

Азаматхан  ӘМІРТАЙ,

әлеуметтік желідегі жазбасынан алынды.

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: