Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылық 25 тұрғын аудан әкімінен не сұрады?

07.08.2026, 15:15 28

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов кезектілікке сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қабылдауға келген 25 тұрғын аудан басшысына өтiнiш-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Тұрғындардың басым көпшілігі тұрғын үй кезегі және тұрақты жұмысқа орналасу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы бірқатар көшені асфальттау, жарықшамдар орнату, жеке тұрғын үйді газ бен ауызсумен қамту және денсаулық жағдайына байланысты көмек сұраған азаматтар да болды.

Аудан әкімі әрбір тұрғынның мәселесін жіті тыңдап, тиісінше түсініктеме берді. Сондай-ақ, көтерілген мәселелерді зерттеп, заңдылыққа сәйкес шешу жолдарын қарастыру жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырма жүктеді. Ал көшелерді асфальттау, жарықшамдар орнату бойынша ауданда кезектілікке сәйкес бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Ал Әйтеке би кентіндегі Маметова көшесін түнгі жарықшамдармен қамтуды сұраған тұрғынның өтінішіне сәйкес кент әкіміне нақты тапсырмалар беріп, алдағы уақытта көшені жарықтандыру бойынша тиісті жұмыстарды қолға алуды тапсырды.

Қабылдау барысында жұмыссыздық мәселесін көтерген тұрғындарға аудан бойынша қазіргі уақыттағы бос жұмыс орындарын ұсына отырып, мамандықтарына сәйкес сұраныс болған жағдайда тиісті жұмыс орындарына кезектілікпен жіберілетіндігі түсіндірілді. Бұл ретте тиісті сала басшыларына жұмыс сұраған азаматтармен байланысып, заңдылыққа сәйкес жұмыс істеуді ескертті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: