Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі тұрғындарды қабылдады

31.08.2020, 18:30 229 0

Кеше қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша  қабылдады. Қала әкімдігі азаматтарды тұрақты түрде онлайн қабылдап келеді. Тұрғындардың сауалдарының басым бөлігі тұрғын үй, модернизация, жер және т.б.  мәселелерге байланысты.

Мәселен, онлайн қабылдауға жүгінген Бәйтерек шағын ауданының тұрғыны Ляззат Саржанова қосымша жер учаскесін заңдастыру бойынша мәселесін айтып, көмек сұрады. Яғни, азаматша көрші жер учаскесі газ тарату құрылғысының орналасуына байланысты игерусіз жатқанын алға тартып, пайдалануға жарамды жерді заңдастырып алуға ниетті екенін білдірді.  Бұл мәселеге байланысты қала әкімі «игерем деген жандарға жер берілу керек» деп баса айтып,  жауапты сала басшысына тапсырып, мәселенің 1 апта ішінде шешілетінін жеткізді.

Немересінің денсаулығына байланысты айтқан қосымша мәселесіне қатысты денсаулық сақтау басқармасы арқылы білікті мамандардан кеңес алып, аймағымызда жасау мүмкіндігі бар қажетті емдік шаралардың толық жүргізілетінін айтты.  

Ал Раушан Сейілова шаһар басшысына Өсербаев көшесі №19 үй тұрғындары атынан модернизация мәселесіне қатысты сауалын жолдап, бірқатар ұсыныстары барын баяндады. Бұл мәселеге қатысты қала әкімі сала басшыларына бүгіннен кешікпей тұрғындармен тілдесіп, халықтың сұрауына сай жұмыс атқаруды тапсырды.  Көпқабатты үй тұрғындарының екінші сұрағы – ауладан М.Әуезов көшесіне шығатын жолға қойылған  шлагбаум жайы. Қала әкімі жол қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, қауіпсіздік мақсатында уақытша жабылғанын, алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтып, сала басшыларына ортақ меншіктегі жолды тезірек ашып, тұрғындардың емін-еркін қатынас жасауына мүмкіндік жасауды тапсырды.

Қабылдауға бірнеше мәселені айта келген тұрғынның бірі – Мейрамкүл Дәуренова. Негізгі мәселесі өзіне берілген жерге бөгде азамат үй салып қойған. Енді осы аумақтан басқа жер телімін заң аясында алсам деген тұрғынға қала басшысы мәселенің 1 аптада шешілетінін айтып, өз бақылауында болатынын жеткізді. Зейнеткер Саяхаттағы аялдама, мектеп, дүкен жайында қозғады. Аталған мәселелерге қатысты «Саяхатта 280 орындық мемлекеттік балабақша бар. Қазір жеке кәсіпкер есебінен мектеп салынуда. Білім ұясының құрылысы келер жылы аяқталады» – деген шаһар әкімі қоғамдық көлік жүретін көшелер бойына 1 айда аялдама орнатуды сала басшыларына міндеттеп, дүкен жайын жауаптыларға зерделеп,  оңтайлы шешім табуды бұйырды.

Қабылдауға келген басқа да тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап,  әр мәселені егжей-тегжейлі талдаған қала әкімі көтерілген сауалдарға байланысты тиісті шаралар қабылданатынын жеткізіп,  сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: