Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кредиттің кешірілгені дұрыс па?

20.08.2020, 10:40 782

Бұл тақырып қоғамда көп талқыланды. Сан түрлі сұрақ та қойылды, оның ішінде ақылға қонымдысы бар, қонымсызы бар дегендей. Бес саусақтың бірдей емес екенін ескеріп, біз де жауап нұсқаларын түрлендірдік. Әуелгіде «Кредиттің кешірілгені дұрыс па?» деу қаншалықты қисынды екен?» деп ойландық. Осылайша, барлығының көкейдегі ойын дөп баспаса да, барынша маңайлайтын  6  нұсқаны  тізімге  енгіздік.

Олар:

*Жоқ, өзім алдым, өзім төлеймін;

*Жалпы несие беруді тоқтатқан жөн шығар;

*Иә, коронакризистің уақытында кешірілуі керек;

*Үстеме пайызын азайту қажет;

*Дұрыс, бірақ бұл қазір мүмкін емес;

*Мемлекет оған міндетті емес.

Сонымен, «Дұрыс, бірақ бұл қазір мүмкін емес» деген нұсқа 2% дауыс жинады. Демек, өз ойын ашық айта отырып, мемлекеттің жағдайымен санасатын, экономикаға сауатты­ адамдар бар деген сөз. Иә, көп болмас­а да. «Кредитті кешіруге мемлекет міндетті емес» деп ойлайтындардың саны 7%-ды құрады. Былай қарасаң, жөн сөз. Осыған сарындас «Жоқ, өзім алдым, өзім төлеймін» (9%) деген жауапты таңдаған сауална­маға қатысушылары болды. Мұндай мәтіндегі жазбалар әлеуметтік желіде жиі-жиі жазылды. Бұл ненің белгісі, бұл нені білдіреді? Масылдық көзқарастан өзін аулақ ұстайтын адамдардың бар екенін бе, ақша төлегені үшін билікке болысып, өзінің ішкі ойына қарсы шығатындар да табылатынын ба? Олай деуімізге себеп, әлеуметтік желіде «кредит кешірілмесін!» деген секілді қарсылық науқандары әлсін-әлсін төбе көрсетіп жатты. Нақты айту қиын. Келесі жауапқа ойыса­лық. Таңғалдырарлық дерек. «Жалпы несие беруді тоқтатқан жөн шығар» деген нұсқа 13%-ға барып бір-ақ тоқтады. Мұның қаншалықты дұрыс жауап екенін біз біл­мей­міз. Білеріміз, әлемде несие беру, алу процесі ешқашан тоқтамайтын сияқты. Сондықтан мұның орындалатынына күмәнмен қарайтындар да көп шығар. Сауалнамаға қатыс­қандардың 24%-ы «Кредиттің үстеме пайызын азайту қажет» деп санайды. Бұл дұрыс жауаптың біріне ұқсайды. Өйткені, шетелде несиенің аз пайызбен берілетіні туралы қазақстандық БАҚ-тар жиі жазып жүр. «Иә, коронакризистің уақытында кешірілуі керек».­ Тап осы нұсқа 46%-бен 1-орынға шығып отыр. Жайшылықта емес, корона­кризистің  уақытында. Сондықтан ел-жұрт­тың пікірімен де келісуге болады. Төтенше жағдай­, карантин режимі енгізілгелі көптеген жұмыс орындары қысқарды, тоқтады. Бұл халықтың ақша айналымына тікелей әсер  еткені  де  рас.

Жалпы, несиені кешіре салу оңай шаруа емес. Әрі «мемлекетте ондай мүмкіндік те жоқ» деп ашық айтқан экономистер де бар. Қазір кредит кімде жоқ? Екі ортада бай-бағландар, әкім-қаралар қарызынан құтылып кетпей ме? Шетелдік азаматтар ше? Үстеме пайызын қаншалықты азайту керек? Бас­шылық­ несие беруді тоқтата ала ма? Сұрақ көп, жауап жоқ. Әрі бұл – алғашқы қадамды басқаннан кейінгі жұмыстар. Қалай десек те, мемлекет халықтың мұң-мұқтажын ескеретін механизмді іске қосуға міндетті.

«Халықтың сауалнамасы» – халықтың ойы, пікірі, көзқарасы. Бұған ешкімнің талас­-тартысы жоқ. Жариялық пен ашықтық азаматтық қоғамды орнату жолында ауадай қажет. «Halyqline.kz» сайты алдағы уақытта да ел ішіндегі өзекті жаңалықтарға, жайт­тарға байланысты сауалнаманы тұрақты түрде ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Барлық­ оқырмандарды белсенді болуға, әділетті  болуға  шақырамыз!

Сондай-ақ, +77001962000 ватсап нөмірі арқылы бізге кез келген мәселеңізді жолдай аласыз. Біз оған жауапты мекеменің назарын аударамыз, шешілуіне мұрындық боламыз! Ел сенетін белсенді бар. Ол – сіз! Сын болсын­,  бірақ  шын  болсын!

Рыскелді   СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: