Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халық қарызға қалай батты?

16.11.2023, 12:20 192

Рас, қазір қазақстандықтар қарызға белшесінен батып, несиенің қамыты еңсесін басуда. Елде белгілі бір саяси науқан басталатын болса, халық арасында «кредит кешірілетін болды» деген ақпарат желдей еседі. Президент халықтың қарызы қалыптасқанына алаңдайтынын білдіріп, Үкімет пен Amanat партиясына «Қарызсыз қоғам» жобасын дамытуды тапсырды. Жақында қазақ қоғамындағы күрделі мәселе Парламент тыңдауында жан-жақты талқыланды.

БӘРІ  ЖАҚСЫ  МА?

Парламент сағатынан кейін Үкімет отырысында несие мәселесі арнайы қаралып, Премьер-министр Әлихан Смайылов халықтың шамадан тыс несие алуын түбегейлі шешуде заңнамалық түзетулерді жан-жақты пысық­тап, Парламентке енгізуді, барлық облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қаласында халық­пен тікелей жұмыс істейтін «Қарызсыз қоғам» жобасының өңірлік кеңсесін құрып, ел тұрғындарының қаржылық сауатын арттыру керегін тапсырды. Сосын оқу бағдарламасына қаржылық сауатын арттыратын арнайы пәнді енгізу  туралы  айтылды.

Бізге маңыздысы: Парламент тыңдауында қандай  мәселелер  көтерілді? Кім не айтты? Осы тақырыпты тарқатып, қаржыландыру жүйе­сіндегі  кемшіліктерді  саралаймыз.

Жиынның маңызын түсіндірген Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Халықтың 84 пайы­зында (8,4 миллион адам) екінші деңгейлі банк­тер  мен  микроқаржы  ұйымдарына  қары­зы  бар. Бұл көрсеткіш 1,5 жылда 27 пайызға өсті. 90  күннен  кешіктірілген  қарыз  көлемі   1,4 триллион теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз – 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Мұның бәрі кредиттеу жүйесінде проблема асқынып  кеткенін  көрсетеді»  деді.

Мәжіліс спикері қоғамдағы өзекті мәселені тура айтса да, әдеттегідей, кез келген проб­леманың тігісін жатқызып, Үкімет «сүттен ақ, судан таза» деп көрсетіп, ал халықты сауатсыз, өз қаржысын жоспарлы жарата алмайтын етіп көрсетуге талпынғандар табылды. Мәселен, «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Мақпал Шенгелбаеваның сөзінше, ел тұрғындарының «кредитке тәуелділігі» бар, несиені алады, жабады. Сосын қайтадан алады. Осылай ойнап жүр. Ал Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, халық несиені көптеп алуына  COVID-19  пандемиясы әсер  етті.

Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен несиенің пайыз мөлшері – 16,75. Соғыс жағдайындағы Ресейде бұл көрсеткіш бізден едәуір төмен. Ресейдің Орталық банкі 9,46 пайыз деңгейінде ұстап тұр. Балтық елдері – Литва, Латвия және Эстонияда 6-7 пайыз аралығын құрайды. Жасыратыны жоқ, біздің елде несиенің  пайызы  жоғары  болуына  мүдделі  топтар  бар.

Бәлкім, Парламент мінберінде сөз алған спикерлер халықтың шынайы ахуалын білмейтін шығар. Олай болса халықаралық институттардың дерегін келтірейік. Дүниежүзілік банк табысының 40 пайызын азық-түлікке жұмсаса, ондай адамды кедей санатына қосады. Осы өлшеммен қарайтын болсақ, Қазақстан кедей елге жатады. Бірнеше жыл бұрын қазақстандықтар пәтер неме­се көлікке несие арқылы қол жеткізсе, қазір Kaspi Red-пен азық-түлік алады. Қазақстандықтар қаржысының 40 пайызын азық-түлікке жұмсайды, тек 1,9 пайызын рухани-мәдени және спорт-сауықтыру бағытында шығындайды. Бұл көрсеткіш озық елдерде керісінше. Мысалы, Ұлыбритания тұрғындары қаржысының 10 пайызын ішіп-жейтін тағамына, 13 пайызын бос уақытын тиімді ұйымдастыруға  арнайды.

Сөзсіз, Парламент тыңдауындағы тақырып қазақ қоғамында өте өзекті. Әрі «билік бір шешімін табар» деп елеңдеп отырған қаншама адам бар. Алайда халық несиені алуды шектемей, жағдай өзгермейді. Мұны Үкімет мүшелері Парламент тыңдауында  анық  аңғартты.

– Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шараның нәтиже беруі екіталай. Ең бастысы, бұл – әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек, – деді Ерлан Қошанов.

Премьер-министр орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та  несие мәселесі күрделі екеніне назар аударып, тұтыну несиесі бойынша қарыз жүктемесін шектеу шарасы заңнама деңгейінде қайта қаралатынын айтты. Құзырлы орган басшысының сөзінше, келешекте заңнамалық норма енгізіліп, халықтың шамадан тыс несие алуын шектейді. Бірақ халықтың тұрмыс деңгейі көтеріліп, мәселе оң шешімін таба ма? Негізі, осы сұрақтың жауа­бын табу маңызды еді. Халықтың тұтыну қабілеті тым төмендеп, тіпті азық-түлікті несиеге алуда. Неге? Өйткені  кедейленіп  кетті.

Қаржы нарығын реттеп, дамыту­ға жауапты мемлекеттік орган бәрі дұрыс, бәрі жақсы дегенге саятын жауап айтты. Осы салаға жауапты агенттік төрағасы Мәдина Әбіл­қасымова 1 миллион теңгеге дейінгі кепілсіз тұтыну несиесі қарыз сомасының 27 пайызын, 1-ден 3 мил­лион теңгеге дейін – 34 пайыз, 3-тен 5 миллион теңгеге дейін – 19 пайыз, 5 миллион теңгеден жоғары несие 21 пайызды құрайтынын хабарлады. Сонымен қатар биыл 7 айда микроқаржы ұйымдарында тұтыну несиесінің (шағын) көлемі 11,6 па­йызға артып, 725 миллиард теңгеге жетті. Тұтыну несиесінің өсуін және қарыз сомасын шектеу үшін агенттік банктер мен микроқаржы ұйымдарының меншікті капиталына қойылатын талапты күшейтуге бағытталған шараларды қабылдады. Атап айтқанда, микроқаржы ұйымы несие портфеліндегі 90 күннен астам мерзімі  өткен микрокредиттер үлесіне 20 пайыз деңгейінде ең жо­ғары  шек  енгізді.

Халықты «кредит кешіріле ме?» деген сұрақ мазалайды. Бұл сұраққа агенттік төрағасы Мәдина Әбіл­қасымова былай деп жауап берді: «Өкінішке қарай, 2019 жылы кредит кешірілгеннен кейін қаржы секторында кредиттің көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалы кредиттер де көбейді. Сол себепті біз мемлекет қаржысын бөліп, несие­ні қайта-қайта кешіре берсек, одан осындай жаңа кредиттер пайда болады».

«Қарызсыз қоғам» бағдарлама­сына қатысушы Сағидолла Жұма­таев пен көпбалалы ана Мөлдір Тұрыс­бекова кредит алуға байланысты бастан кешкен жағдайымен бөлісті.

ЖОҚ,  ЖАҚСЫ  ЕМЕС!

Протокол бойынша баяндама­шылар «бәрі жақсы, бәрі бақылауда» деп сөз сөйлейді. Кезек сұрақ-жауап­қа келгенде депутаттар ойын бүгіп қалмады, сұрағын  қарша  жау­дырды.

Қазақстан кедей елге жатады. Бірнеше жыл бұрын қазақстандықтар пәтер немесе көлікке несие арқылы қол жеткізсе, қазір Kaspi Red-пен азық-түлік алады. Қазақстандықтар қаржысының 40 пайызын азық-түлікке жұмсайды, тек 1,9 пайызын рухани-мәдени және спорт-сауықтыру бағытында шығындайды. Бұл көрсеткіш озық елдерде керісінше.

Жоғары пайызды несие, коллекторлық қызмет, интернет-алаяқтық, лудоманияның  қоғамға  әсерін  депу­таттар Анас Баққожаев, Серік Егізбаев, Руслан Берденов, Вера Ким, Дәулет Мұқаев, Татьяна Савельева, Ерлан Стамбеков, Мақсат Толықбай көтеріп, шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.

Несие – ақша қатынасындағы маңызды экономикалық категория. Дамыған елдерде несиені халықты әлеуметтік-экономикалық тұрғыда сауықтыру құралы ретінде қарас­тырып, өз ісін, өз кәсібін ашу үшін береді. Несиелеудің негізгі функциясы – қолма-қол ақшаны қайта бөліп, ақшаны айналымға түсіреді. Несие қызмет нарығын кеңейтеді және өндірістің өсуін жылдамдатады. Бәрінен бұрын адамның өмір сүру деңгейін жақсартады. Халықаралық тәжірибеде солай. Алайда біздің елде қарапайым халықтың емес, белгілі топтың  жағдайын  оңалтып  тұр.

Парламент тыңдауында қоғам­дағы өткір мәселені өткір айтқан депутат­тар  болды.  Соның  бірі – Ермұрат  Бапи.

– Әрине, Үкіметтің халыққа жана­шырлықпен несие алма деп ақыл айтып жатқаны дұрыс қой. Бірақ аш адамға ақыл қонбайды. Мынау қымбатшылық кеңірдіктен қысқан кезде ол адамға ақыл жүре ме екен? Сондықтан халықтың қарызын іздеу мәселесінен мына мәселені қозғағым келеді. Прокуратура, сіздер Ескі Қазақстанның халық алдындағы қарызын неге іздемейсіздер? «Сауықтырамыз» деп Ұлттық қордан банктерге берілген триллиондаған теңге қарызды қайтаруды неге талап етпейсіздер? – деді  Ермұрат Бапи.

Ал мұндай жағдайға қалай, қашан жеттік? Мұның негізгі себебі неде? Бұл туралы депутат Ерлан Саиров сөз етті.

– Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заңы арқылы қарызға белшесінен батқан ел тұрғындары құтылып, қой үстінде бозторғай ұялаған заман болуы керек еді. Алайда бәрі керісінше болып, 68 мың адамның 5,5-і ғана банкроттығын растады. Қайта несие алудың динами­касы артып, 1 айдың ішінде  2,5 миллион  адам банктен қарыз  алды. Нәтиже­сінде 9,2 триллион қарыз қалып­тасты. «Кредит алады» деп халықты кінәлауға әсте болмайды. Себебі адамдардың күнкөріс деңгейі төмендеп кетті. Қазір несиені ет, нан, мака­рон үшін алады. Үкімет себебі емес, салдарымен күресіп жатыр. Алдымен кедейлікпен күресу керек. Осы бағытта қандай шаралар ат­қарылады?  Біз  осыны  білгіміз  келеді, – деді Ерлан Саиров.

Өте орынды қойылған сұрақ. Соңғы жылдары қоғамда жаппай несие алу үдерісі байқалады. Қазақ­станда экономикалық белсенді халық саны – 9 миллионға жуық. Оның 7,5 миллионы банктен қарыз­ға  ақша  алды. Соңғы жылдары несие­ні несие­мен жабатын адамдар саны көбейді. Осылайша бір басында 12 несиесі бар адамдар қалып­тасты. «Қарызсыз қоғам» жобасының сарап­шысы Мақпал Шенгелбаеваның таңғалып, «адамдар ойнап жүр» деуі – осы мәселе. Біздің Үкімет негізгі себебімен емес, салдарымен күресуге бой үйреткені қашан?! Ең қиыны  да – осы.

ӘЛЕМ  ЕЛДЕРІНІҢ  ТӘЖІРИБЕСІ

Маусым айындағы Мәжіліс отыры­сында депутаттар Абзал Құс­пан мен Данабек Исабеков Үкімет басшысына несиенің пайыз мөлше­рін төмендетуді ұсынып, сауал жолдады.

Қазақстан Ұлттық банкі бекіткен несиенің пайыз мөлшері – 16,75. Соғыс жағдайындағы Ресейде бұл көрсеткіш бізден едәуір төмен. Ресей­дің Орталық банкі 9,46 пайыз деңгейінде  ұстап  тұр.  Балтық  елдері – Литва, Латвия және Эстония­да 6-7 пайыз аралығын құрайды. Жасыратыны жоқ, біздің елде кредиттің пайызы жоғары болуына мүдделі топтар бар. Бұл туралы «Астана ақшамы» газетінің №85 (4518) нөмірінде «Кредит саясатына өзгеріс керек» атты мақалада «Кредит мөлшері депозитке тікелей әсер етеді. Ұлттық банк кредиттеуді 16,75 пайыз деңгейінде бекітсе, екінші деңгейлі банктер депозитке салған қаржыны 16-18 пайыз үстемемен кепілдендіреді. Мәселен, банкке 100 миллион теңге депозит салса, онда ай сайын 16 миллион теңге табыс табады» деп талдаған  едік.

Қазақстанда  экономикалық  белсенді халық  саны – 9 миллионға  жуық. Оның 7,5 миллионы банктен қарызға ақша алды. Соңғы жылдары несиені несиемен  жабатын адамдар саны көбейді. Осылайша  бір  басында 12 несиесі бар адамдар  қалыптасты.

Көрдіңіз бе, халық қарызға белшесінен батып отырса да, Үкімет пен Ұлттық банк несиенің пайызын төмендете алмайды. Біріншіден, оған ықпал ететін лоббист топтар бар. Екіншіден, экономиканы құлдыратып алудан қорқады. Шикізат экспорттаушы елдің экономикалық  қуаты  түсінікті-ақ.

Экономист Мақсат Халық екінші деңгейлі банктер тұтыну несиесін 56 пайызға дейін емес, 30 пайызбен шектеуді айтса, экономист-сарапшы Жанкелді Шымшық 56 пайыз қайдан шыққанын түсіндірді. «Екінші деңгейлі банктер қарызға ақшаны қайдан алады? Әрине, Ұлттық банктен. Елдегі нарықты реттейтін негізгі банк 16,75 пайызбен қарыз береді. Қаржы институттары табыс табу үшін кем дегенде 8 пайыз қо­сады.  Енді  16,75-ке 8-ді қоссаңыз, 24 пайыз шығады. Тағы да 24 пайыз­бен тұтыну несиесін бере алмайды. Себебі инфляцияны есепке алады. Өткен жылы орта есеппен инфляция 20 пайыз болды. Олай болса,  24 па­йызға тағы 20 пайыз қосуға тура келе­ді.  Оған банк секторы өзінің түрлі  қызмет түрін  қосады. Сөйтіп,  56 пайыз шыға келеді» деді экономист. Міне, мәселе қайда жатыр. Көрдіңіз бе, елдегі қымбатшылыққа байлар мен Орталық банк тікелей  жауапты.

Әлем елдерінің тәжірибесі қалай? Take-profit.org биржа порталының мәліметінше, әлемде несие мөлшері төмен ел – Перу. Бұл елдің Ұлттық банкі 0,76 пайыз мөлшерінде несие береді. Екінші орында Жапония тұр. Ондағы Орталық банк екінші деңгейлі банктерді 1,45 пайызбен несиелейді. Тайваньда – 3,13, Данияда – 3,5, Нидерландыда – 3,78, Ирландияда – 4, Хорватияда – 4,07, Қытайда – 4,35, Люксембургте – 4,4, Францияда – 4,42, Кувейтте – 4,71, Испанияда 4,96 пайыз деңгейінде белгіленді.

Біздің елде банкаралық мөлшерлеме де өзге елдермен салыстырғанда тым жоғары. Банкаралық мөлшерлеме – коммерциялық банктердің бір-біріне қысқа мерзімге несие беретін пайыз мөлшерлемесі. Қазақ­станда банктер арасындағы қатынас­тың бұл түрі 10,5 пайыз деңгейінде жүрсе, рейтингте 12-сатыда тұрған Испанияда – 0,38 пайыз деңгейінде.

Осы ретте экономист Мақсат Халық­тың «Несиенің пайыз мөлшері төмен болса, халық өз жағ­дайын өзі реттеп алады» деген ойын қуаттаймыз.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S: Геосаяси, геоэкономикалық текетірес салдарынан әлем елдерінің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан байланысы үзіліп, қымбатшылықпен бетпе-бет келді. Қазір қымбатшылық ғаламдық үдеріске айналды. Тіпті тежеу мүмкін емес. Дұрысы, халықтың табысын арттыру бағытында шағын және орта бизнесті дамытып, экономиканы әртараптандыру маңызды. Қысқасы, шикізаттық елден индустриялы елге айналудың жолын табу керек. Үкімет осы бағытта ойлануы қажет.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: