Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халық «Алтын дән» мерекесіне дән риза

27.10.2022, 17:45 223

HALYQLINE.KZ Көне көшпенді елдің жәрмеңке десе делебесі қозып, арнайы мереке ретінде тойланып келе жатқанына дәуірлер болды. Иә, бұл той – берекенің, молшылықтың, ырыс пен құттың тойы. Сондықтан жәрмеңке әр кезде ұйымдастырылып, құнары құнынан қымбат өнімдері өңір-өңірден аймақ орталығына жеткізілді. Арқа-жарқа, мәре-сәре болған көпшілік дән мерекесіне дән риза. Себебі биыл, Сыр диқандары мол астық жинады. Шаруалар жарты миллион гектарға жуық ақмаржан өндірді.

«Алтын дән – 2022» мерекесі аясында облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, барлық аудандар мен Қызылорда қаласының шаруалары өз өнімдерін базар нарығынан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынды. Жалпы есеппен ауылдардан 538 жүк көлігімен 2000 тоннаға жуық өнім әкелінді.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен бірге қала, аудандағы шаруалардың өнімі қойылған жәрмеңкелерді аралап, азық-түлік бағаларын саралап, халықпен пікірлесті.

Рауандап атқан, таңсәріден жәрмеңкеге асыққан жұртшылықтың қарасы қалың болды. Әсіресе, теңізді өлкеден жеткен Аралдың балығы мен Жалағаштың ақмаржаны, Сырдарияның қауыны мен Жаңақорғанның қарбызы пышақ үстінен өтіп кетті. Қазалының кәмпиті мен Қармақшының шұбат-қымызы, Шиелінің картоп-жуасын алуға ниеттенгендердің санында есеп жоқ. Ал, Қызылорда қаласының шаруалары әкелген ет өнімдеріне ұзын-сонар кезек қалыптасты. Тұрғындар өз керегін сатып алып, елге береке тілеп жатты.

Жәрмеңке бір емес, бірнеше жерде қатар өтіп жатты. Тарқатып айтар болсақ, «Тағзым алаңында» сауда қатарлары қойылған Қызылорда қаласының жәрмеңкесіне 80 жүк көлігімен 300 тоннаға жуық өнім әкелінді. Журба көшесінің бойында қармақшылық шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынды. Мұнда 74 жүк көлігімен әкелінген барлығы 240 тоннаға жуық өнім сатылды.

Ал, Титов қыстағында Әміре Қашаубаев пен Жетікөл көшелерінің қиылысында Жалағаш ауданының жәрмеңкесі өтті. Аудан кәсіпкерлері 85 жүк көлігімен 250 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізді. Мұнда картоп, жуадан бөлек, асқабақ пен бақша өнімдерін сатып алған тұрғындар аз емес. Жанқожа батыр көшесінің бойында Сырдария ауданынан жеңілдетілген бағамен 87 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары апарылды. Көбінесе 60 тоннадан астам күріш, 60 тоннадай картоп, 45 тонна сәбіз, 40 тонна пияз, 90 тонна қауын мен қарбыз, 25 тонна асқабақ және 30 бас тоқты жеткізілді.

С.Торайғыров көшесінің бойында сауда жасаған аралдық шаруалар 60 жүк көлігімен 170 тоннаға жуық азық-түлікті тиеп келді. Теңізді өлкенің молшылық шарасында облыс тұрғындарына мұздатылған балық өнімдері, ас тұзы, ет, құрт, ірімшік, 500 литр шұбат, 60 бас қой әкелінді. Қазалылық еңбеккерлер жәрмеңкеге 70 жүк көлігімен 150 тоннаға жуық өнім алып келді. Өнерпаздар жәрмеңкеге жеткен жұртшылыққа әсерлі көңіл-күй сыйлап, тоқшылық тойын думанға бөледі.

Астана даңғылының бойында жаңақорғандық шаруалар 82 жүк көлігімен 300 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді. Ал, Шиелі ауданынан 72 газель және жүк көлігімен 260 тоннадай ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды.

Биыл аймақ басшысының тапсырмасы аясында егіс егуге ынталы ауыл халқына 10-15 гектардан жер дайындалып, нәтижесінде 6802 отбасы 1833 гектарға бақша өнімдерін егіп, жемісін көруде. Жәрмеңке соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала, аудан әкімдері мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысына азық-түлік бағасын төмендетуге мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін жыл соңына дейін әр апта сайын тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды. Айта кетейік, бұған дейін елорда төрінде өткен Сыр елінің жәрмеңкесінде 500 тонна өнім сатылған болатын. Астаналық тұрғындардың Сыр дәміне деген сұранысы жоғары болып, ақ күріш пен балық бірінші күннен сатылып кетті.

Ас – адамның арқауы. Сол үшін де туған елдің топырағында құнарланған өнімдер халықты толық қамтып отырса, қазақ шекара асып келген «шикі» дүниеге ұрынбасы хақ. Сол үшін де егіншілердің еңбегіне, диқан қауымына ерекше рақмет айтамыз.

Айдар ӘДІЛЖАНҰЛЫ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: