Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елді мекенге таза ауызсу жеткізілді

29.12.2023, 10:35 154

HALYQLINE.KZ

Сапақ ауылдық округіне қарасты Көктем елді мекенінің тұрғындарына таза ауызсу жеткізілді. Өткен жылы басталған құрылыс толықтай аяқталып, «Арал-Сарбұлақ» топтық су құбырына қосылды. Бұл туралы Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов елді мекендегі ауызсуды пайдалануға беру рәсіміне қатысты. Ауыл халқының қуанышына ортақтасқан аудан басшысы әрбір үйге кіргізілген таза әрі сапалы ауызсуды тұрғындардың игіліктеріне пайдалануына тілектестігін жеткізді.

«Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында Үкіметке алдағы бес жылда халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай тиісті шаралар атқарылып, Ақбасты, Абай, Тоқабай елді мекендерін ауызсу жүйесіне қосу жұмыстары жасалынуда. Өткен айда Құланды ауылына су тұщыту аппараты бар кешенді блок-модул орнатылды. Ал Мойнақ елді мекенінің тұрғындары үшін демеушілік есебінен шахталық құдық қазылды. Ендігі кезекте өздеріңіз де ұзақ уақыттан бері күткен таза ауыз судың игілігін көретін боласыздар.

Біз ауданымызды дамыту мен өркендету бағытындағы жұмыстарымызды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра беретін боламыз», – деді аудан басшысы.

Одан соң сөз алған ауыл ақсақалы Құдайберген Көлов шалғайдағы шағын елді мекенге көңіл бөліп, халықтың ұзақ жылдан бері аңсап күткен таза ауызсу мәселесінің шешілгеніне тұрғындар атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар ауыл халқына әлеуметтік қолдау шараларының кезең-кезеңімен жүргізіліп, денсаулық сақтау нысанының салынып, жақын аралықта құрылысы аяқталатындығына ризашылығын білдірді.

Іс-шара барысында ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына үлесін қосып, қоғамдық өмірге белсенді түрде атсалысып жүрген ауыл азаматтары аудан әкімінің алғысымен марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: