Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дертке дауа, жанға ауа сыйлайды

22.07.2020, 9:15 510

HALYQLINE.KZ Кеше қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов Қызылорда Теміржол ауруханасының дәрігерлерімен кездесті. Кездесу барысында індетпен күресте алғы шепке шығып, адам жанына араша түсіп жүрген медицина қызметкерлеріне әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін және алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Індетпен күресте өңірдің ерікті тұрғындары асқан белсенділік танытып, қауіпті кеселден арылуға үлкен септігін тигізіп келеді. Еріктілер қатарында кәсіпкерлер, құрылысшылар, мәслихат депуттары да бар. Осындай жомарт жүрек, дарқан көңіл жандарды қала әкімдігі игі іске ұйыстырып, вируспен күресте белсенділік танытып келеді. Нәтижесінде аз уақытта 41 млн теңгеден аса қаржы жиналып, аймақ орталығындағы емдеу мекемелеріне қажетті құрал-жабдықтар алынды. Оның ішінде 48 оттегі концентраторы бар. Ел жанды азаматтардың қолдауы дендеген дертке шідер, жұтым ауаға зәру жандардың көңіліне медеу болды.

Қоғамды үрейге салған қауіпті ауру қос бүйректен қысқанда қол қусырып қарап отырмай қолдан келген көмегін көпке ұсынған кәсіпкердің бірі – Нұрболат Ибраев. «Авто-Лидер Қызылорда» ЖШС директоры «Теміржол ауруханасына» 1 млн теңге қаражатымен демеушілік көрсетті. Жеке кәсіпкер бұл қаражатқа 2 оттегі концентраторын алып, ауруханаға табыстады.

Қай уақытта болмасын елге игі іс жасап, туған топыраққа қолдау көрсету перзенттік парызым деп санайтын азамат басқа кәсіпкерлерді де дертпен күресте белсенді болуға шақырды.

«Қызылорда теміржол ауруханасында» 40 орындық провизорлық стационар 27 маусымнан бастап жұмыс істеуде. Бүгінде ем алушылар саны – 21 адам. Емдеу мекемесінің директоры Сұлтанбек Кенжебаев оттегі концентраторының қазіргі таңда ауадай қажеттігін айтып, саладағы тапшылықты тиімді шешіп беріп отырған қала әкіміне алғысын жеткізді.

Айта кетейік, Қызылорда қаласы әкімдігінің 30-ға жуық қызметтік көлігі емханалар мен аруханаларға қызмет көрсетуде. Сонымен бірге қала әкімдігі тарапынан дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында індетпен күресіп жатырған медицина қызметкерлерін орналастыру үшін «Сырдария» лагерінен 100 орын дайындалды. Қажетті оттегі балондары, медициналық құрал-жабдықтармен ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, елге жанашыр кәсіпкер «Қызылорда» қонақүйінің директоры Қ.Боранбаевтың қолдауымен дәрігерлерге 137 орын берілсе, «Bella Vista» кешенінің директоры Р.Ахметов 11 орынға арналған қонақүйін алдын ала ұсынып отыр. Ал, “Бәйтерек” қонақүйінің құрылтайшысы Пірімов Жеңіс Қашақпайұлы дәрігерлерге 40 орынға арналған қонақүйін бөлді. Бірлік бар жерде әр іс берекелі болары анық. Бүгінгідей біртұтастығымыз сынға түскен уақытта, жұдырықтай жұмылып әрекет ету маңызды. Сондықтан қала тұрғындарынан карантиндік талаптарды сақтап, қорғаныс маскаларын киіп, өзара тиісті ара қашықтықты ұстап, адамдар көп жиналатын жерлерге мейлінше бармауларын сұраймыз.

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: