Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Атаулы әлеуметтік көмек кімдерге беріледі?

30.08.2022, 17:00 1021

HALYQLINE.KZ Халықтың әлеуметтік тұрмыс-тір­шілігін жақсартуға арналған мем­лекеттік бірнеше бағдарлама бар. Оның ішінде, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің шапағатын көр­­ген әрбір отбасының әлеуметтік жағ­дайы жақсаруда.

Жекелеген отбасының мүшелеріне тағайындалатын бұл көмектің түрі – әлеуметтік осал топтағы жандарға тиімді. Негізінен, ҚР 2001 жылдың 17 шілдедегі «Мемле­кеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. Аудан көлемінде бірнеше отбасы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алады.

Негізінен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алудың өзіндік ережесі бар. Заң аясында отбасыға көмек тағайындау талабы өзгеріп отырады. Ең бірінші кезекте, қандай жағдайда атаулы әлеуметтік көмек отбасыға тағайындалмайтынын анықтап алған абзал. Табысы аз болып табылмайтын адамдарға немесе отбасыларға, еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан отбасыға берілмейді. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан күннен бастап алты ай бойы тағайындалмайды. Сонымен бірге алушының кінәсі бойынша бұрын жасалған әлеуметтік келісімшарт бұзылған немесе әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелер орындалмаған жағдайларда бас тартылады. Адамға және отбасыға – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтініш жасаудың алдындағы алты ай бойы, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған мәліметтер және анық емес құжаттар берген адамдарға, отбасыларға – оларды ұсынған күннен бастап алты ай бойы тағайындамау негіз болады. Материалдық жағдайын зерттеп-қарау нәтижелері бойынша дайындалған учаскелік комиссияның қоры­тынд­ысына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек беруге мұқтаж емес адамдарға, отбасыларға, тағайындау қарастырылмайды.

Шындығында, аталған көмекті алуға өтініш беруші ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы үшін ҚР заңдарына сәйкес, жауаптылықта болатындығын ескерген жөн. Атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы орталық атқарушы орган айқындайтын тәртіппен тоқсан сайын расталады. Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек отбасының оны алуға құқығы бар әрбір мүшесіне тағайындалады. Отбасы құрамына мемлекеттің толық қамтамасыз етуіндегі, мерзімді әскери қызметтегі, бас бостандығынан айыру орындарындағы, мәжбүрлі емдеудегі адамдар есепке алынбайды. Ал некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге нысанынан туындайтын мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтармен және міндеттермен байланысқан, бірге тұратын отбасы мүшелеріне әлеуметтік көмек қарастырылады. Сондай-ақ шын мәнінде бірге тұратын, бірақ некеде тұрмайтын адамдар да негізгі санатқа енгізіледі.

Өз кезегінде Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Айгүл Мұхан аталған көмек жөнінде айтып берді.

– Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін өзгерту үшін негіз болатын немесе оны алуға құқық беретін мән-жайлар туралы атқарушы билік өкілдері он жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатарына бір және алты жасқа дейінгі балалары, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарында оқуға кіріспеген алты жасқа толған балалары бар табысы аз отбасыларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама беріледі. Кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтығы мен тұрмыстық химия тауарлары кіреді. Бұл жиынтық түрі аталған көмекті алатын отбасыларға тоқсан сайын беріледі, – дейді Айгүл Мұхан.

Жоғарыда көрсетілген ережеге сай келетін кез келген отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Бірақ, мемлекеттік бағдарламаның өз шектеуі бар. Әрбір отбасы мүшесі отбасын асырау үшін жұмыс жасауға міндетті. Мемлекет әлеуметтік осал отбасыға көмек беруден бас тартпайды. Тек отбасы мүшелері масылдық көзқарастан арылу керек.

Балтабай ОРДАБЕКОВ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: