Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал өнімдері – Байқоңыр төрінде

11.10.2021, 9:05 284

HALYQLINE.KZ

Тарих парағының жылнамасы «XIX ғасырда қазақ даласында сауда-саттықтың жаңа түрі – жәрмеңкелер пайда бола бастады. Оған дейін ұлы Дала елінде ғұн дәуірінен бастап айырбас сауда, керуен жолы саудасы дамыды. Көрші елдерден келген көпестер сауданың көбін жібек жолы бойындағы ірі қалалар мен цитадельдерде ғана жүргізді. Ал, XIX ғасырда ірі қалаларда емес, әртүрлі өлкелік, уездік аймақтар таңдалып алынып, жылдың бір мерзімінде сауда-саттық жәрмеңкелері өтіп тұрды .Қазақ өлкесіндегі алғашқы жәрмеңке ошақтары Бөкей ордасы, Ақмола, Семей жерлерінде ашылды. Жәрмеңкелердің ашылуы барысында ел аралап сауда сату үлкен жобаға айналды. Сауда айналымының көлемі ұлғайып, қазақ жеріне Ресей, Қытай, Моңғолия, Орта Азия мемлекеттерінен көпестер мен саудагерлер келе бастады.

XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның әр түкпірінде маңызды жәрмеңке орталықтары ашылды. Солардың қатарында Қоянды (Қарқаралы уезі), Қарқара (Верный уезі), Шар (Семей уезі), Ойыл (Ақтөбе), Константинов-Еленов (Ақмола уезі), Тайыншакөл (Павлодар) жәрмеңкелері болды.

Қазақ даласында он тоғызыншы ғасырдан бастап етек алған жәрмеңкелердің мәдени, рухани, әлеуметтік қызметі де маңызды болды. Жәрмеңке өткен жерде сауда-саттық ғана болған жоқ. Онда алуан түрлі концерттік кештер, рулар мен халықтардың пікір алмасуы, спорттық шаралар, ұлттық ойындар жарыстары, мәдени-рухани кештер өткізілді» дегенді алға тартады.

Ал өткен аптада Байқоңыр қаласында Серік Сермағамбетов тізгінін ұстаған Арал ауданы ұйымдастырған ауылшаруашылық жәрмеңкесі көпшіліктің санасында жоғарыда айтылған жақсы дәстүрдің жалғасындай көрінгені анық.

Жәрмеңкеде теңізді өңірден 10 автокөлікпен арнайы жеткізілген ет, сүт, көкөніс және 7 тонна балық пен балық өнімдері байқоңырлықтарға нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада ұсынылды. Қала тұрғындары тарапынан жергілікті балық өнімдерін өңдеумен айналысатын «Қуаныш» ЖШС-нің балық өнімдеріне деген сұраныс жоғары болды. Байқоңырлықтар айдынды Арал өңірі ұйымдастырған жәрмеңкеге ризашылықтарын айтып, ел игілігіне бағытталған осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін білдірді.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: