Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақсуатта жаңа балабақша пайдалануға берілді

17.08.2020, 9:00 2243

«Барлық жақсы – балаларға». Осынау қанатты қағида қашанда өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Тіпті, алпауыт мемлекеттердің өзінің экономикасының өсуін тежеп, келешегіне алаңдатқан пандемия кезінде де балаларға деген жанашыр көзқарас ортайған емес. Мұндай үрдіс Қазалы ауданында да көрінісін табуда. Өткен аптада ауданға қарасты Ақсуат ауылында жаңадан салынған «Балауса» бөбекжай балабақшасының ғимараты ел игілігіне берілуі сөзіміздің дәлелі.

Жаңа балабақшаның ашылу салтанатында сөз алған Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев:

– Қазіргі таңда Қазалы ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Тек соңғы 2 жылдың өзінде көптеген нысандар салынып, пайдалануға берілді. Олардың қатарынан ең ірі Сырдария өзенінен салынған «Әлсейіт» темір-бетон көпірі, Әйтеке би кентіндегі 6 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын мысалға келтіре кетсек. Бұған дейін Ақсуат ауылының өзінен әлеуметтік маңызы бар қос бірдей нысанның құрылысы басталған еді. Бүгін міне, сол екі нысанның бірі 90 орындық «Балауса» бөбекжай балабақшасы ел игілігіне берілуде, – деген тілегін білдіре келе, балабақша меңгерушісі Шынар Мүберековаға бағалы сыйлықты табыс етті.

Өз кезегінде Ақсуат ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Рзаханов ауылдың мемлекет қамқорлығын тұрақты түрде сезініп отырғанын, өткен жылдың өзінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, орталық саябақ салынғанын, жаңа ғана есігін айқара ашқан заманауи үлгідегі зәулім де көрікті балабақша ғимараты елді мекен тұрғындарының асыға күткен қуанышы екенін айтты. Жаңа балабақшада бүлдіршіндердің жан-жақты тәрбие алуына жақсы жағдай жасалғанын, оған қоса ауыл орталығынан мемлекеттік бағдарлама аясында 150 орындық клубтың құрылысы жүріп жатқанын, амандық болса жақын күндері пайдалануға беріледі деп отырғандарын тебірене жеткізді.

Ақсуаттағы балабақша ғимаратын салуға бюджеттен 396,8 млн теңге бөлінгенін, екі қабатты сәулетті ғимаратты «ОрионLTD» ЖШС сапалы салып шыққанын атап кеткен жөн.

Балабақша 90 орынға арналған. Ондағы 2 топ 15 баладан, 3 топ 20 баладан орналасады. Аумағында негізгі ғимаратпен қатар, 5 топқа арнайы ойын алаңы қарастырылған.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: