Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алабай асырағанша, қара қой өсірсек қайтеді?

14.08.2020, 15:10 1874

HALYQLINE.KZ  Қырық күн шілденің ми қайнатар ыстығы. Қаланың іші тіпті қапырық. Сонда да қыз-қыз қайнаған қарбалас тірлік. Бәзбіреулеріміз үйден шығып, жайлы да салқын жұмыс бөлмемізге жеткенше шыдамсызданып жатамыз. Ал, осындай күні базарда тұрғандарға қарасаң, өзіңнің сабырсыздығың үшін қысылып қаласың… Күнделікті шаруаның жайымен базарға қарай шыққан едім. Базарға бір аялдама қалғанда «Жанрос» аялдамасынан түсіп жаяу барайын дедім. Жаяу жүргіншілер жолына түскеннен аяқкиім жөндейтін адамдарға кездесесіз. Қысы-жазы осы жерде отырады. Кейбірі егде тартқан кісілер, ал кейбірі тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер. Олардың қай-қайсысы да өз ісіне мығым. Қызметіне жүгінсең, көп ақша талап етпейді. Келісімге келіп, кейде кеңшілік те танытып жатады. Қарапайым тұтынушының бірі ретінде арасында кейбірін әңгімеге тартамын. Сонда байқайтыным, сөздері шынайы, еңбектері адал. Тұрақты жұмысы болмағасын, ертелі-кеш үйде бос жатуды намыс көріп, азын-аулақ болса да еңбегімен нан тапқанды жөн санайтын сияқты. Әрине, бұл дұрыс шешім. Баяғыда үлкен кісілерден «етікші еңбегінің сауабы мол» дегенді еститінбіз…

Базар болғасын, не іздесең бәрін сол арадан табасың. Әнебір жерде шағын ғана бір үстелдің бетіне ине-жіп, қайшы, айна-тарақ сияқты майда-шүйде сатып тұрған келіншекке қарап, «бұдан қаншалықты пайда табады екен?» деп ойланып қалатынымыз рас. Әйтсе де оның да саудасына жүгініп жатқандардың қарасы көп. «Қолың қимылдаса, аузың қимылдайды» деген. Бәрі де сол, күн көрістің қам-қарекеті… Киім-кешек сатқандарды да бір шолып өттім. Ұзын-сонар жағалау… «Мұның бәрін кім ала береді?» деп қоямын. Әйтсе де, сатушылардың айтуынша, осы кәсібімен күнін көріп, жұрт қатарлы несиесін төлеп, несібесін айырып отырғанға ұқсайды. Келесі базарда көкөніс, бақша өнімдері. Кейбірі сырттан әкелінген өнімді сатып отырса, енді бір ағайындар өз бақшасынан үзіп алған өнімін саудаға шығарады.

Әрине, жергілікті өнімдерді іздеушілер көп. Дегенмен, базарға барсаң бүгінгі ақшаның құнсыздығына көзің жетеді. Бұрынғыдай алған затыңа көңілің аса толмайды. Кейде он мың теңге жұмсасаң да дорбаң ортадан аспайды. Қайтайын деп аялдамада қоғамдық көлікті күтіп отырмын. Қасымда отырған екі жігіттің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Бір-біріне телефоннан әлдебір суретті көрсетіп, қызу талқыға кіріскен.

– Отыз мыңға сатып алдым.

– Жақсы алғансың. Бұл парода одан да қымбат болуы керек.

– Күшік болса да тамақты шақ келтірер емес.

– Иә, бұлар бірыңғай ет жейді ғой. Мен де бұрын асырағанмын. Әсіресе, үлкейіп кеткенде тамақ тауып бере алмайсың. Сосын сатып жібердім.

Әңгімелерінің ауанынан ит туралы айтып отырғанын аңғардым. Ит болғанда да кәдімгі қарсы алдыңнан шыға келсе жүрегің жарылып кете жаздайтын, қорқынышты «алабай» ит. Түрлеріне қарасам, орта жастағы жігіттер, отбасылары да болуы керек. Жұрт «балама қалай тамақ табамын?» деп табанынан тозып жүргенде, қайдағы бір итті асыраудың жайын ойлап «қамығып» отырған жігіттерден қатты көңілім қалды… Неге? Себебі, оның орнына сол ақшасына бір тоқты алып асыраса, бала-шағасына біраз ас-ауқат болады емес пе?

Жасыратыны жоқ, қазір екі үйдің бірі «алабай» асырауға құмар. Аңдап қарасақ, олардың күшігінің бағасы кем дегенде бір жарақты қошқардың құны. Ал, одан қымбаттауы тіпті тайдың құнымен бірдей. Сосын кей ақпараттарға зер салсақ, бұл иттер қатты ашықса иесіне де ауыз салады екен. Қысқасы, оларға тамақ тауып беру де оңай емес. Айтпақшы, ертеректе осы ит туралы мынадай бір ақпаратты оқып, жаным ауырған еді. Әскерде жүрген жігіт ата-анасына тосынсый жасамақ болып, алдын ала хабарласпай, үйіне келеді. Нәтижесінде, үйінде адам болмай, кезінде өзі асыраған “алабай” ит әлгі жігітті талап тастаған көрінеді. Байғұс жігіт бірнеше рет атын атаса да, иті оны танымайды. Осы орайда, бұл ит те қазақтың төбеттері мен тазыларына тән қасиеттің жоқ екені белгілі болып отыр.

Мәселен, әкелеріміз айтып отырса, қазақтың арлан тектес төбеттері иесі аңға алып шықса, атып түсірген олжасын әкеп беріп, тіпті азын-аулақ уақ малды алдына салып берсе, өзі қақпайлап, бағып келе береді екен. Сондай-ақ, киіз үйдің сыртына бақан керіп, жайып қойған бір малдың етін де қас-қақпай күзетіп жататын көрінеді. Үй-жайды ит-құстан қорғап, айбат қылып үргені болмаса, олар адамға ауыз салмайды екен. Ал, ұшқан құспен жарысатын құмай тазының қасиеті өз алдына. Бабаларымыз бұл итке үйінің босағасынан орын берген. Өкінішке қарай, бүгінде бұл иттердің тұқымы да қалмаған сияқты. Олардың орнына әлгі ауызы дорбадай ұсқынсыз иттер қаптап жүр. Үйінде ит асырауға әркімнің де еркі бар. Алайда оны қоршаған ортаға, әсіресе, адам қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейтіндей өз тәртібімен ұстағанымыз жөн болар еді. Мысалы, өркениетті елдерде итті үйінде ұстайды. Құжаттары да бар. Көшеге алып шықса, аузына тұмылдырық кигізеді. Сондай-ақ, өзін де, өзгені де сақтандыру үшін мерзімді тексеруден өткізіп, ауру түрлеріне қарсы екпелер салдырып отырады. Ал бізде ше?! Ойланып көрсек, қауіптенуге негіз бар.

Қалай десек те, ауласын бүтіндеп, қора-қопсы салып, қой өсірудің орнына, “алабай” асыраған ағайынның әрекетін құптай алмаймыз. Бәлкім, қойға жем-шөп қажет, бұл артық бейнет дейтін шығармыз. Бірақ «алабай» асырағандардың айтуынша, бұларға да тамақ тауып беру оңай емес сияқты.

Жасыратыны жоқ, ас-құдайыға қажет кезінде жарақты қой малын әзер іздеп табамыз. Бағасы да аз емес. Өйткені қазақта қойдың басы кәделі. Осы кәделі малды әрбір үйден кездестірсек керемет емес пе? Бұрынғы уақытта ата-бабамыз үйіне сыйлы қонақ келсе, алдына қойын жығып, батасын алып, сол қойдың етін асып беретін болған. Бүгінде бұл дәстүріміз де біртіндеп ұмытылып барады. Әрине, қонақ күтеміз, қойдың басын да ұсынамыз. Бірақ базардан сатып алған дайын басты ғана алдына тартамыз. Ал арнайы құрмет дегеніміз әлгіндей, малды соймай тұрып, қонақтан бата алатын болған. Сосын басты ұстаған адам сол үйдің кенже баласын болмаса немересін шақырып, құлақ беретін. Бұл: «Осы шаңырақтағы береке, дәулеттің, дүние-мүліктің құлағын ұстайтын бол!» деген ырым. Ал қазіргі бала құлақ ұстай ма? Жоқ. «Бәлкім, осы күні бір-бірімізге деген құрметіміз азайып бара жатқанының да бір себебі осы ма?» деп те ойға қаласың… Айтайын дегенім, айдың, күннің аманында «алабай» асырағанша, ата кәсіпке бет бұрып, қара қой өсірсек қайтеді?..

Ғазиза ӘБІЛДА,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: