Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік дамудың әлпеті

10.07.2024, 12:20 258

Әлеуметтік даму ұғымын тіршілікте естіп жүргенімізбен, оның ауқымына көз тастай бермейміз. Бүгінгі өмір сүру әлеуетіміз, даму қарқынымыз, оқу-білімге қызығушылығымыз, өзгелерден озуға талпынуымыз, бәрі-бәрі біздің  сол  әлеуметтік дамуымыздан хабар бере­ді. Бір қызығы, осы даму процесін бақылап, сараптама жүргізетін арнайы ұйымдар бар.

2012 жылдан бері зерттеумен айналысып келе жатқан «The Social Progress Imperative» американдық сараптамалық талдау орталығы бүгінгі күннің бейнесінен, елдің әлеуметтік әл-ауқатынан  хабар  беріп  отыр.

Негізі, әлеуметтік дамудың негізгі көрсеткіштері  мыналар:

1. Негізгі адами қажеттіліктер. Бұл көрсеткіш тамақтану, баспана, су және санитария, жеке қауіпсіздік секілді базалық қажеттіліктердің қанағаттандырылу деңгейін көрсетеді.

2. Қамтамасыз етудің негіздері. Ал бұл көрсеткіш білім беру, ақпаратқа қолжетімділік, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қор­ғау  секілді  аспектілерді  қамтиды.

3. Мүмкіндіктер болса, жеке құқықтар, жеке бостандықтар және қосылу мүмкіндіктерін, инклюзивтік білім беру және инклюзивтік  ақпараттық  жүйелерді  көрсетеді.

Ұйымның негізгі зерттеу жобасы – әлем елде­рінің әлеуметтік дамуы мен қоғамдық әл-ауқаты бойынша жетістіктерін өлшейтін «Әлеуметтік даму прогресі индексі». 2012 жылдан бері жыл сайын шығып келе жатқан бұл есептің биылғы шығарылымында 170 елдегі 13 жылдық (2011-2023) әлеуметтік даму деректері бойынша талдау жүргізілген. Есепте денсаулық сақтау, білім, қауіпсіздік, адам құқығы, инклюзивті қоғам, жетілдірілген білім беру, таза ауызсумен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету сынды көрсеткіштерге  баға  берілген.

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарап­шысы Мария Жылқышиеваның айтуынша, әлемде тоқырауда жүрген елдер де бар. Маман зерттеуіне сүйенсек, негізінен денсаулық сақтау, адам құқығы және өз ойын еркін білдіруі, ақпарат  пен коммуникацияға қолжетімділік көрсеткіштерінен  құлдырау  байқалған.

– Мамандар талдау негізінде алғаш рет әлеу­меттік даму прогресінің жаһандық құлдырауы байқалғанын атап өткен. Зерттеу деректеріне сүйенсек, қазіргі  таңда 61 ел елеулі сәтсіздіктерді бастан кешірсе, 77 ел тоқырау үстінде. Тек 32 мемлекет белгілі бір прогресс деңгейіне қол жеткізген. Демек әлемдегі әрбір бес адамның төртеуі  әлеуметтік  тоқырау  үстіндегі  мемлекетте  тұрады, – деді  М.Жылқышиева.

Әлемдік әлеуметтік даму прогресі индексі 2022 жылдан 2023 жылға дейін 0,31 ұпайға төмендеген. Бұл көрсеткіш денсаулық саласының жағдайы (-1,7 ұпай), ақпарат пен байланысқа қолжетімділік (-2,2) және адам құқығының (-0,51) төмендеуіне байланысты болып отыр. Көбіне COVID-19 пандемиясы денсаулық сақтау саласының нашарлауына ықпал етіп, ал баспасөз бостандығының шектелуі ақпаратқа қол жеткізуге теріс әсер еткен. Сарапшы пікірі осындай.

2011 жылдан бастап Америка Құрама Штаттарында әлеуметтік прогресс төмендеді. АҚШ биыл 0,34 ұпай жоғалтты және рейтингте 29-орынға тұрақтады. Ол Мальта мен Кипрден кейін орналасты. Америка өзінің экономикалық жағынан жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша 2011 жылы әлемде 8-орында тұрды. Ал қазір ол әлеуметтік прогресс индексі рейтингінде 10 сатыға  төмендеді.  Яғни  оның  көрсеткіші соңғы 10 жылда 1,4 баллға төмендеді. Америкалық­тардың өмір тәжірибесі тұрақты экономикалық өсімге  қарамастан бүгінде 13 жыл бұрынғыдан да  нашар.

2024 жылғы қорытынды бойынша әлеуметтік даму прогресі индексі.
Қазақстан қоғамдық даму институты ұсынған ақпарат бойынша жасалды.

Жалпы мемлекеттердің әлсіз тұсы – қауіп­сіздігі. Бұл бойынша Қазақстан – 70-орында. Ал денсаулық саласы бойынша Грекиядан кейінгі 40-орында. Құқық қорғалуы бойынша Ганадан кейін әлемде 51-орынға тоқтаған. Барлық сала бойынша АҚШ құлдырауды бастан өткеруде. 2011 жылдан бастап Америка Құрама Штат­тарында тұрғын үй бойынша ұпайларының төмендеуі  байқалған. Біріккен  Корольдік  те  2011 жылдан бері әлеуметтік прогресті төмендетті. Ұлыбритания экономикасы (COVID-19 кезеңі­нен соң) құлдыраудан кейін қалпына келіп, өсуін жалғастыруда. Алайда 2011 жылдан бері оның әлеуметтік ілгерілеуі 0,39 тармаққа төмендеді және ол 2011 жылдан бері 8 сатыға жылжып, 2023 жылы 21-орынға түсті. АҚШ-тағы сияқты, Ұлыбританияның құлдырауы негізінен құқықтар мен инклюзивтіліктің төмен­деуіне байланысты. Тұрғын үй, су және санитария, денсаулық және білім саласындағы адамдардың негізгі қажеттіліктері заманауи ерекшеліктерге сәйкес келмейді. The Social Progress Imperative ұсынған  ақпарат – осы.

Дания 2024 жылғы әлеуметтік даму индексі бойынша 90,38 ұпаймен бірінші орында тұр. Алғашқы үштікке әлеуметтік жағдайы дамыған Норвегия мен Финляндия мемлекеті енген. Есепте көрсетілген елдер ішінде Латвия, Болгария, Черногория, Малайзия және Грузияда жыл сайынғы прогресс байқалған.

Әлеуметтік мәселелердегі ілгерілеу автоматты түрде экономикалық дамумен бірге жүрмейді. Табыстың өсуі әдетте таза суға қол жет­кізу, санитария, сауаттылық және негізгі білімге байланыс­ты. Қауіпсіздік сипаты нашар елдің табы­сы  да  жоғары  болмайтыны  түсінікті.

Сарапшының айтуынша, әлеуметтік даму прогресі индексінде Қазақстан 69,73 ұпаймен 63-орында тұр. Өткен жылдармен салыстырғанда еліміздің көрсеткіші көп өзгеріске ұшырай қоймаған. Дегенмен, 2022 жылғы индекс қорытындысымен салыстырғанда 2 сатыға көтерілген.

– Барлық G7 елдерінде, оның ішінде, АҚШ, Франция және Канадада әлеуметтік прогрес­тің нашарлауы байқалған. Атап айтқанда, қауіпсіз­дік, денсаулық сақтау және құқық мәселелерімен бетпе-бет келген АҚШ 29-орынға төмендеді. Тұрақты экономикалық өсуге қарамастан, амери­калықтардың өмір сүру жағдайы 13 жыл бұрынғыдан да нашарлаған. АҚШ-тың үлкен осал тұстарының бірі – қауіпсіздік. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде Қазақстан, Түркия және Сауд Арабиясынан кейінгі 70-орында. Ал адам құқығы бойынша әлемде 51-орынға тұрақтаған. 2011 жылдан бері Ұлыбританиядағы әлеуметтік прогрестің нашарлауына негізінен құқық пен инклюзияның төмендеуі себеп болған, – дейді сарапшы  М.Жылқышиева.

Қазақстан қоғамдық даму институты мамандарының зерттеуінше, соңғы 13 жылда көрсеткіштері айтарлықтай жақсарғанымен, табысы төмен оңтүстік Сахарадағы Африка елдерінің рейтингі әлі де көтеріле қоймағаны байқалады. Оған басты себептердің бірі – Африка мемлекеттеріндегі кедейшілік көрсеткішінің жоғары болуы. Жаһандық деңгейде олардың қатарына саяси тұрақсыз Нигер, Сомали, Йемен, Оңтүстік Судан, Ауғанстан және Конго сияқты мемлекеттер жатады. 2024 жылғы индекс бойынша соңғы орында Оңтүстік Судан (25,93 ұпай) мемлекеті орналасты. Егер әлемді бір мемлекет ретінде қарастыратын болсақ, әлеуметтік даму прогресі индексі бойынша ол Боливия мен Әзербайжан арасында орналасқан ел болар еді. Орташа алғанда, әлемде тұрғын үй, су және санитария бойынша ең жоғары ұпайлар бар болса, жетілдірілген жоғары білім мен қоршаған орта сапасы бағытында әлем ең нашар көрсеткіштерге ие. Сарапшы Мария Жылқышиева өз зерттеулерінде осылай жазады.

Қазақстанның әлеуметтік даму индексі бо­йынша көрсеткіші 2024 жылы 69,73 болды. Бұл көрсеткішпен еліміз әлеуметтік даму деңгейі бойынша орташа деңгейде орналасқан. Біздің елде негізгі адами қажеттіліктерді қамтама­сыз ету деңгейі жоғары болғанымен, мүмкіндіктер және қамтамасыз етудің негіздері бойынша  көрсеткіштерді  жақсарту  қажет.

Әлеуметтік дамудың әлеуеті – елдің жалпы даму деңгейінің маңызды көрсеткіші. Осы арқылы  елдердің  әлеуметтік  прогресін  бағалап, салыстыруға  болады. Қазақстан  үшін  әлеу­меттік   дамуды   жетілдіру   жолында   негізгі  бағыттар – білім беру, денсаулық сақтау және әлеумет­тік құқықтар салаларындағы реформаларды жал­ғастыру. Бұл бағыттарда алға қойған мақсаттарға жету үшін кешенді мемлекеттік бағдарламаларды  жүзеге  асыру  қажет.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ,

Коллаж  бен  кестені  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: