Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам – өз бақытының қожайыны

30.08.2022, 11:00 286

HALYQLINE.KZ

Мұны оқып отырғаның менің хатымды алғаныңды білдіреді. Рақмет достым, менің хатымды міндетті түрде оқып шық!

Мен көп нәрсе айтқым келеді. Мен өте көп жасағанмын. Жалпы мен әлімсақтан бері бар болған болуым керек. Өйткені мен адамдар туралы өте көп білемін. Бірақ адамдар ешқашан мені зерттеуге тырыспайды. Шындығында, мені зерттесе, өте қажетті және пайдалы болар еді.

Барлығы «Бақыт, Бақыт …» деп айтып, сөйлеп, шулап армандап жатады. Бірақ менің қайда тұрғанымды білмейді. Мен ешқашан, ешқайда жасырынған емеспін. Қашып та кетпеймін, әрқашан сенің қасыңда мені байқаса екен деп күтумен келемін.

Сен мені қалай байқамақсың, өйткені менің түрімді білмейсің, менің қандай екенімді білмейсің. Білмей тұрып іздеуің өте қызық. Сен мені байқамайсың, өйткені мені өзіңше елестетесің.

Біреулер үшін мен тәтті тортпын, біреулер үшін атақты, әйгілі болу, тағы біреулер үшін үлкен мансап; тіпті одан да қорқыныштысы кейбіреулер үшін басқа біреудің бақытсыз болуы. Иә, өкінішке қарай, сондай адамдар да бар.

Менің нақты мекенжайым жоқ, мен әлемді аралаймын. Мен біреумен бірге тұрғым келсе де, олар мені ішке кіргізбейді. Сөйте тұра, барлығы да бақытсыздық туралы біледі, таниды, ал мені білмейтініне таңқаламын.

Мені іздеп жаныма келгенімен танымай өтіп кетеді. Мүмкін қайдан іздейтінін білмейтін секілді. Мысалы, кейбіреулер бақытты үйленіп үй болудан, ал кейбіреуі қызметтен, лауазымнан, немесе ұрпақ өрбітуден, балалы болудан іздейді. Бұл дұрыс емес. Егер сен отбасыңнан, қызметіңнен, балаларыңнан алыста болсаң, бақытсыз болып қалмақсың ба?

Бақыт – бұл сенің табиғатың және сенің тіршілігің.

Кейбіреулер «сол кез бақытты кез екен ғой» деп өткенін айтып өкініп жатады. Әрине, сол кезде мен жаныңда болғанмын, бірақ сен байқамай қалдың да әбден өтіп кеткеннен кейін, енді байқадың. Ол кезде тағы бірдеңе жетпей, бір нәрсе кемшін сезіліп, сосын жаныңда болған мені сезінбеген болатынсың.

Біреулер өзіне машина, біреуіне баспана, немесе тәтті махаббат, мүмкін миллион доллар керек, егер солар болса, бақытты боламын деп ойлайды. Жалпы адамдарға әрдайым бір нәрсе жетіспейтіндей боп тұрады.

Егер оны бірден берсең, онда ол басқа нәрселерді қалай бастайды, дәл қазір осыны алсам, бақыт маған келеді деп ойлайды.

Ей адамдар! Сендер менің айналама қаншама қажетті-қажетсіз заттарды үйіп жатсыңдар? Мен қатты шаршадым, осы қажетті-қажетсіз үйінділер арқылы сендер менен алыстап бара жатырсыңдар. Сондай-ақ, «Бақыт – бұл сенің басқаларға қажет болуың» деген тамаша сөзді айтып таңдайларың тақылдайды.

Бірақ өзіңе қажет нәрсе туралы не деуге болады? Өзіңді бөліп беріп, бақытты сезінбей өтуің керек пе? Басқаларға қамқорлық жасаған жақсы, өзіңді де ұмытпа. Егер бақыт сенің бойыңызда болса, онда сенің айналаңда да жарқырап тұрады. 

Сен мені, немесе Бақытты қанша адамға сыйлап, үлестіремін деп ойлайсың? Шын айтамын, көрші өзің!

Мені қандай бір нәрсемен атап, іздеп, күтудің мәні жоқ. Мысалы, сен «Балаларым – бақытым!» дейсің. Балаларың өсіп ержетіп, бөлек өмір сүреді. Сонда сен бақытыңа ілесіп балаңа барып, оның жеке өміріне араласасың ба? Немесе сенің балаларың ата-анасының бақытын алып кетпеу үшін үйде отыра бере ме? Сондықтан сенің Бақытың тек сенікі ғана болуы керек және ешнәрсеге тәуелді болмауы керек екенін түсінгенің жөн.

Менің дүниеден мәңгілікке кеткен адамның қасында тұрып, мені білмей өте шыққанына өкініп, көз жасымды сүртіп тұрғанымды көрсең ғой. Адамдар мәңгіге кетіп бара жатып, дәл сол ақырғы сәтте ғана мені біліп: «Ее, Бақыт деген осы екен ғой!», – деп аһ ұрып жоқ болатыны өкінішті.

Бақытты болу үшін биік таудың басына шығамын деп өрмелеп, еңбектеп, саусақтары қанағанша тырмалап, қара терге түсетін альпинистке ұқсама. Альпинист бір шыңға шығып түскеннен кейін келесі шыңға шыққысы келеді. Мен сендердің жолдорбаларың ішінде, немесе қалтаңда жүремін, және сенің құлағыңа: «Тоқта, айналаңа қара, мен осымын, МЕН СЕНІҢ БАҚЫТЫҢМЫН!» деп жиі сыбырлаймын.

Менің саған айтар басты құпиям – мен уақытқа берік бекітілгенмін. Мен өткенде емеспін, өткен сенің ойыңда қалған жай ғана әдемі бейне. Мен болашақта емеспін – ол тәтті арман ғана. Мен әрдайым қазіргі уақыттамын. Мен – уақыттың бір сәтімін. Сенің әр сәтің – Бақыт. Өткенде өкініш болады, ал болашақта алаңдаушылық бар. Мен өкінетін және алаңдайтын жерде емеспін.

Мен саған бір нәрсе айтайын. Сен, менің хатымды оқып отырсың, көзің бар, көре аласың. Бұл енді Бақыт емес дегенің бе? Егер сен көре алмайтын болсаң, саған біреу оқып беріп отырса, оқып беретін адамның барының өзі Бақыт емес пе?

Тыныс алу, жүру, ғашық болу, сүю, көру, иіскеу, есту – бәрі Бақыт. Күздің сарғайған жапырақтары, жауып тұрған қардың аппақ түйіршіктері, өзеннің шулы ағысы, қылтиып шығып келе жатқан жас шыбық – мұның бәрін көрген кездегі сезімдерің мен сәттерің бәрі де Бақыт.

Адам бақытты сәттің бәрін байқауға уақыт таба алмайды, өйткені әр сәт Бақытты болғандықтан, уақытты қарауға мұршасы болмайды.

Ей адамдар, мені кіргізіңдер! «АДАМ – ӨЗ БАҚЫТЫНЫҢ ҚОЖАЙЫНЫ!»,- деген заң бойынша өмір сүрулеріңді өтінемін.

Тек бір сәтке тоқташы! Мәңгілік қыбыр-қыбыр тірлігіңді тоқтатып, айналаңа мән беріп қарасаң, мені бірден көресің.

Мен сендермен өмір бойы бірге болғым келеді. Қаласаң, мен туралы жақындарыңмен сөйлес! Олар сені тыңдап, мүмкін қабылдап, менің шарасыз сыбырларымды естісін. Мені байқасын! Сонда бәрі Бақытты болады. Мен сенің қасыңда тұрмын. Мен қоштасып жатқан жоқпын, тек сен мені көре біл!

Сенің  БАҚЫТЫҢ.

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: