Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

50 отбасы баспаналы болды

15.12.2023, 15:30 194

Жалағаш ауданына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 50 отбасыға пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысып, тұрғындарды құттықтады.

«Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өтті.

Кейінгі жылдары Сыр өңірінде бой көтерген жаңа заманауи нысандар аудан орталықтары мен қала сәулетінің, тұрғындардың өмір сапасының артуына қызмет етіп келеді. Бүгін Жалағашта жаңа баспанаға қол жеткізген 50 отбасының қуанышы еселенді. Бұл – тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған қолдаудың нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.

Рәсімде еңбек ардагері Әбілхайыр Ерәлиев баспана қуанышына кенелген тұрғындарды құттықтап, бата берді. Іс-шара барысында нысан құрылысын сапалы жүргізуге атсалысқан мердігер мекеме өкілдері және ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Жаңадан салынған 25 үйдің әрқайсысында 2 пәтерден бар. Пәтерлерде қонақ, жатын, жуынатын бөлмелер, ас үй қарастырылған, алаңы – 60 шаршы метр.

Айта кетейік, бүгінде Сыр өңірінде 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 2500-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам аймақ тұрғыны қоныс тойын тойлауда.

Аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Ал, Жалағаш ауданының бюджеті 11 млрд теңге болды. Бұл қаражат ең өзекті мәселелерді шешуге жұмсалуда. Жалағаш ауданындағы автомобиль жолдарын жақсартуға 2,5 млрд теңге қаралып, 64,5 шақырым жол жөнделді. Шәменов пен Ақсу ауылдық округін газдандыру жұмыстары басталды.

Мұнан бөлек, ауданда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2 нысан салынды. Бүгін Мырзабай ахун ауылындағы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Аламесек ауылындағы медицина мекемесінің ғимараты халық игілігіне тапсырылады. Келер жылы Қаракеткен ауылында фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы басталады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: