Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2020  жылғы  ұрпақ  мектеп  табалдырығын  аттайды: Альфа  буынына  қандай  мұғалім  керек?

20.08.2026, 7:20 30

«Баланы өз заманына сай тәрбиеле» деген даналық сөз бар. Бұл сөздің мәні бүгінгі күні бұрынғыдан да айшық­тала түскендей. Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған 2020 жылы туған бірінші сынып оқушылары – бұрынғы буыннан мүлде өзгеше, ғылымда «Alfa ұрпағы» (Generation Alpha) деп  аталатын жаңа формация­ның өкілдері. Олай болса, цифрлық ғасырдың толқынында өсіп келе жатқан бұл балалардың бойында қандай ерекшеліктер бар? Оларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде мұғалімнің ұстанымы қандай  болуы тиіс?

Alfa ұрпағы – тарихтағы толықт­ай цифрлық ортада дүниеге келген алғашқы буын. Егер бұрынғы балалар тех­нологияны кейіннен меңгер­се, 2020 жылғы балалар үшін планшет мен смартфон — ту­ғаннан бергі табиғи өмір сүру  ортасы.

Сонымен қатар, бұл бала­лардың алғашқы сәбилік шағы әлемді шарпыған пан­демия­лық оқшаулау (каран­тин) кезеңі­мен тұспа-тұс келді. Осы екі фактор олардың психо­логиялық-физио­логиялық портретін қалып­тастыруда үлкен рөл атқарды: визуалды қабыл­дау және «клиптік ойлау». Бұл балалар ақпаратты динамикалық, қысқа әрі жарқын визуал­ды образдар арқылы тез сіңі­реді. Оларға ұзақ монолог пен көлемді мәтінді меңгеру қиынырақ, бірақ қысқа әрі нұсқа ақпаратты іліп әкетеді. Әлеуметтік коммуникацияның ерекшелігі ерте жасында құрдастарымен бетпе-бет қарым-қатынастың аз болуы олардың әлеуметтену проце­сіне әсер етті. Олардың арасында тұйықтық немесе, керісінше, эмоционалды ше­ка­раны білмеу жиі кезде­седі. 2020 жылғы балалар авто­ритарлық «бұйрық беру» әдісін қабылдамайды. Оларға «Бұлай жасау керек!» дегеннен гөрі, «Бұл  не үшін маңызды?» деген логикалық түсі­ніктеме бергенде ғана әрекетке көшеді.

Дәстүрлі, яғни «мұғалім сөйлейді – оқушы тыңдайды» деген бірізді модель Alfa ұрпағына жүрмейді. Жаңа заман оқушысына бұрынғы дидактикалық тәсілдермен білім беру мүмкін емес. Сондықтан бастауыш сынып ұстаздарының алдында мынадай маңыз­ды  міндеттер  тұр:

1. Сабақты сандық технологиямен байыту (Edutain­ment).

Білім беру мен ойынды ұштастыру – бұл ұрпақты сабақ­қа  қызықтырудың тиімді жолы. Интерактивті тақталар, білім беру платформалары мен қысқа бейне-модульдер сабақтың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Олар нәтижені лезде көргісі келетіндіктен, бағалауда геймификациялық тәсілдерді (белгілер, бонустар, деңгейлер)  қолданған  тиімді.

2. Эмоционалды интеллектіге (EQ)  басымдық  беру.

Пандемия кезеңінде үйде өскен балаларға ең керегі – шынайы адамдармен қарым-­қатынас дағдысы. Мұғалім сабақта топтық жұмыстарды, жұптық  жобаларды жиі ұйым­дастыруы керек. Балалар бір-бірін тыңдауды, бөлісуді, біреудің қуанышы мен ренішін түсінуді (эмпатияны) мектеп қабырғасында қайта үйренуі  тиіс.

3. Терең ойлауға баулу (Deep Reading).

Клиптік ойлаудың кері әсерін жою үшін мұғалім балалардың зейінін тұрақтандыру­мен айналысуы керек. Мағы­налы суреттер бойынша оқиға құрастыру, себеп-салдарды анықтау, мәтінді логикалық бөліктерге бөліп талдау сияқ­ты жаттығулар баланың аналитикалық ойлауын шыңдайды.

4. Мұғалім рөлінің трансформациясы.

Бүгінгі ұстаз – ақпаратты тек таратушы емес, бағыт беруші ментор, фасилитатор. Ол баланың жеке траекториясын анықтап, оның өз бетінше ізденуіне  жағдай  жасауы  керек.

Мектепке келетін әрбір жаңа ұрпақ – қоғам айнасы. 2020 жылы туған балалардың өзіндік ерекшелігінен корқу­дың керегі жоқ, керісінше, олардың мүмкіндігін дұрыс арнаға бағыттау қажет. Зама­науи технологияны ұлттық тәрбие­мен, адами қасиеттермен шебер ұштастыра білген ұстаз ғана Alfa ұрпағының жүрегіне жол тауып, олардан бәсекеге қабілетті тұлға қалыптас­тыра алады. Өйткені технология қанша жерден қарыштап дамығанымен, балаға жылылық, мейірім мен бағыт беретін – бәрібір  адам,  бәрібір  ҰСТАЗ!

Алтынбек  ҚЫСТАУБАЕВ,

Жамбыл  атындағы  №120  орта  мектептің  директоры,

Қызылорда  қаласы

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: