Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Теңіз тіректеген талант

06.05.2024, 18:10 151

HALYQLINE.KZ

Өткен аптада белгілі журналист, әдебиетші-ғалым, сатирик Нұрлан Көбегенұлының 50 жасқа толуына орай «Теңіз тіректеген талант» атты шығармашылық кеші өтті. Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов қатысып, кеш иесін мерейтойымен құттықтады. Алдымен көрермен назарына бейнефильм ұсынылды. Сыр журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар азаматтың жүрген жолы мен абыройлы қызметіне көпшілік қанық болды.

– Деректі фильмнің идея авторы – театр өнерінің тарланы Оңталап Нұрмаханов. Нұрлан Көбегенұлының шәкірті ретінде түсіруді мойнымызға алдық. Туған жері Бөгеннен бастап, осы кезге дейінгі болмысын, журналистік ғана емес сатириктік, ғылым жолындағы еңбектерін ашуды көздедік. Сондай-ақ жеткен жетістігі, көтерілген биігін қамтуға тырыстық. Елге белгілі тұлғалар Н.Нұрмаханов туралы пікірін ашық айтып, қазақ руханиятына қосқан үлесіне тоқталып өтті. Деректі фильмді көпшілік жақсы қабылдады. Өте аз уақытта түсірілгенімен мазмұны бай, салмағы басым болды. Нұрлан Көбегенұлы – қарымды қаламгер ғана емес, сатирик, ақын, жанқожатанушы ғалым ретінде елге танылған азамат. Журналистикада қалыптасуымызға қосқан үлесі зор. Сондықтан шәкірті болғанымызға қуанамыз. Шығармашылық кеші де елу жасқа келгендегі есеп беру болды ғой. Яғни 30 жыл шығармашылық ғұмырында атқарған жұмысына халық алдында есеп берді. Керемет кешке куә болдық, – деді «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов.

Кеш барысында қалалық жастар театрының артистері қуатты қаламынан жыр туған, сыр тұнған ақын өлеңдерін оқыды. Расымен, ақпарат айдынында қос басылымның жүгін көтеріп, ойлы оқырманға мазмұнды мақала, салмақты сараптама ұсыну қажыр мен еңбекті қажет етеді. Демек, газет-журналдың үздіксіз жарық көруі – Н.Көбегенұлының журналистикадағы жанкешті жұмысының жемісі һәм өлшеусіз еңбегінің дәлелі. Осыдан 15 жыл бұрын жарық көрген әдеби-мәдени, тарихи-танымдық бағыттағы «Әлімсақ» журналын Сыр елінің тұрғындары жылы қабылдағаны сөзсіз. Осы орайда шығармашылық кеште «Әлімсақ» – тарих темірқазығы, ұлт тамыршысы» кітабының тұсауы кесілді. Режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов пен сатирик Қазыбек Әшірбекұлы лента қию рәсіміне қатысты.

– Теңіз тіректеген талант деп тақырыбы айтып тұрғандай, ақиқаты, түпсанасы, тегі асау толқындармен арпалысып, қан бойына құдірет дарытқан балаң жігіттің бейнесі айшықталды. Нұрлан Көбегенұлы – өнер десе жүрегі алып ұшып, қазақ руханиятын қасиетім деп танып, кемелім деп құшатын азамат. Іркілмейтін ізденіс те өзіне тән, – деді Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері О. Нұрмаханов.

Қаламгердің қағытпа қалжыңы мен шымшыма әзілі де қалың қауымға таныс. Сахнада «Мереке-Думан» халықтық әзіл-сықақ отауының өнерпаздары «Келіндер сайысы» интермедиясын қойып, ақын сөзіне жазылған әндер орындалды.

Кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы төрағасы Қаршыға Есімсейітова және «Сыр медиа» ЖШС директорының міндетін атқарушы Марат Аралбаев мерейтой иесін құттықтап, құрмет білдірді.

Замира  ҚОНЫСЖАН

Суретті  түсірген  А.Мырзалы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: